
Дін көшбасшылары адамзаттың цифрлық болашағын талқылауға қатысуы тиіс
Әдеп нормалары технологиялық прогрестің жоғары қарқынына бейімделіп үлгермей жатыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, — деп хабарлайды Kazinform.kz.
-Әлем жаңа технологиялық дәуірге қарыштап еніп барады. Жасанды интеллект, үлкен деректер, биоинженерия және өзге де революциялық инновациялар адамзат тыныс-тіршілігінің барлық саласын түбегейлі өзгертуде. Бірақ, әдеп нормалары технологиялық прогрестің жоғары қарқынына бейімделіп үлгермей жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы таңдау еркіндігін қорғау және жеке өмірге қол сұғылмаушылық, цифрлық теңдікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану сынды жаңа сын-тегеуіріндер пайда болғанына назар аудартты.
-Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтары мен арман-мұраттардың сақтаушысы ретінде адамзаттың цифрлық болашағын талқылауға қатысуы тиіс екендігіне сенімдімін. Кез келген технология адамдардың игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Бұл үшін рухани көшбасшылардың, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогы қажет, — деді Президент.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі басталды.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.