ДЕПУТАТТАР – БЕЛСЕНДІ КҮШ
Осы жерде мәслихаттар құрылған алғашқы кезеңдердегі мына бір цифрларға тоқтала кеткім келіп отыр. 2004 жылы Мақат ауданының бюджет көлемі 643 млн. 249 мың теңге болып бекітілген еді. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш 2 млрд. 587 млн. 995 мың теңгеге дейін жетті. Бұл аудан экономикасының, әл-ауқатының жан-жақты өскендігін көрсетеді.
Алғашқы өтпелі кезең еліміздегі барлық аймақтар үшін қиыншылықтарымен есте қалды. Бірақ, қаймағы бұзылмаған, елім, жерім деп, ділін жоғары ұстаған халық елең-алаң кезеңдерді ауызбірлікпен өткеріп шықты. Бүгінде аудан елді мекендерінің табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтылуы, интернет, ұялы байланыс жүйелерінің орнатылуы, мектептер мен балабақшалардың, емханалардың, мәдени және спорт нысандарының салынып пайдалануға берілуі егемендік жылдарының жемісі болса, осы істерге ұйытқы болған депутаттардың белсенділігін де атап өткеніміз жөн.
Депутаттарымыз әр округте халық арасында біте қайнасып жұмыстарын жүргізіп келеді. Әрбір шақырылымдағы депутаттар өз құзыретінде тиісті мәселелерді көтеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық проблемаларын және бюджеттік саясатқа, заңдылық пен құқық тәртіптің нығаюына айтарлықтай көңіл бөле бастады. Солардың қатарында Д.Алтаева, А.Ищанов, Қ.Алдияров, Т.Тасқынбаев, І.Таспаев, Г.Медыева, Б.Оңдасынов сынды депутаттар бар.
Аудандық мәслихат аппараты өз жұмысын тиісті заңдылықтарға және мәслихаттың регламентіне сай атқаруда. Аппарат қызметкерлері депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға, сессиялар мен комиссия отырыстарын дайындауға, сайлаушылармен кездесулерін өткізуге жан-жақты әдістемелік, ұйымдастырушылық, құқықтық және өзге де көмек түрлерін көрсетіп келеді.
Бастысы сол, мәслихаттар озық отыздықтың шоғырынан көрінуді басты мақсат етіп отырған мемлекетіміздің игілігі үшін өз қызметін биік деңгейде атқара беретін болады.