«Әдеп кодексі» нені көздейді?

л ДЕП КОДЕКС ¬ НЕН К ЗДЕЙД Жаңалықтар

«Әдеп кодексі» – сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәдениетін қалыптастыруға, адамгершілік, моральға жат қылықтарға қарсы  иммунитетті күшейтуге негізделген. Сондай-ақ, кодекс Қазақстан халқының бірлігі мен ұлтаралық татулығын нығайтуға, мемлекеттік тіл мен өзге де тілдерге, салт-дәстүрге сыйластықпен қарауға шақырады. Бұл ережелер «Мәңгілік ел» құндылықтарын да біріктіруімен құнды» дейді Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі Аталық БОРАШЕВ.

%d0%bb__%d0%b4%d0%b5%d0%bf-%d0%ba%d0%be%d0%b4%d0%b5%d0%ba%d1%81-%c2%ac-%d0%bd%d0%b5%d0%bd-%d0%ba__%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d0%b9%d0%b4

– Бүгінгі сұхбатымыз еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің тәртібі  мен жүріс-тұрысын реттейтін «Әдеп кодексіне» арналып отыр. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға кодекс қаншалықты ықпал ете алады?

– «Ұлт жоспары» мемлекеттік қызмет моделінің түбегейлі өзгеруіне жол ашты. Осы саланы жан-жақты жетілдіру мақсатында қабылданған заңдар, ең алдымен, мемлекеттік қызметті реформалауда ықпалды құқықтық базаны қалыптастырып отыр.

Еске сала кетсек, Ұлт жоспарының мемлекеттік қызметке арналған тарауы – кәсіби аппарат қалыптастыру мәселесінен басталады. Демек, біз дұрыс жолды таңдап отырмыз. Өйткені, «іс тетігін кадр шешеді» деген сөз, уақытпен дәлелденіп қойған. Міне, бұрын-соңды болмаған «Әдеп кодексінің» қабылдануының мәні де осы жерден келіп ашылады. Мемлекеттік аппаратқа адамгершілігі жоғары азаматтар керек. Өйткені, олар халық алдында мемлекеттің атынан сөйлейді. Мемлекеттің атынан қызмет етеді. Адамгершілік, мораль сынды адами қасиеттер  жемқорлықпен күрес мәселесінде де маңызды фактор бола алады. Демек, осы жағынан алғанда, жаңа кодекс  ел игілігіне қызмет етеді.

– Бұған дейін біз «Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін» негізге алып келдік. Осы заңнамаға қайшы әрекеттер тәртіптік кеңесте қаралып жүрді. Ендеше, «Әдеп кодексінің»  қабылдануы қандай қажеттіліктен туып отыр? 

– Қазақстан – әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуді көздейді. Бұл әрине, ел экономикасынан бастап, әлеуметтік, қоғамдық, саяси өмірде түбегейлі реформалар жүруі керек деген сөз. Тіпті, қоғамдық сананы өзгерту мәселесі де бар. Мақсат бар жерде, оған жететін жол да болады. Демек, «Әдеп кодексі» де –нақты нәтижелерді көздейтін реформаның бір бөлігі.

Жасырып қайтеміз, сыбайлас жемқорлық фактілері қазір ақпарат құралдарын жаулап алды десек те болады. Қағазбастылықты сылтау еткен мемлекеттік қызметшілердің әдепке жат әрекеттері де әшкере болуда. Мұның барлығы мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігін көтеру керектігін көрсетеді.  Міне, осындайда «Әдеп кодексін» кемшін тұстар мен олқылықтарды жою құралы ретінде пайдалануымыз керек. Өз басым, бұл құқықтық актіні – мемлекеттік қызметшінің беделін көтеретін механизм деп білемін.

– Мемлекеттік қызмет саласының ақсап жатқан тұстарын атай аласыз ба? 

– Мемлекеттік қызметшілер бұқарамен тығыз қатынас орната алмай келеді. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан мемлекеттік орган тарапына келіп түсетін арыз-шағымдардың да қысқа мерзімде қаралғаны дұрыс.

Және кез келген басшылықтың жеке қабылдауына келген әр адамға қажетті мағлұматты толық алатындай жағдай жасау да керек. Қағазбастылықтан арылатын, сөзбұйдалыққа салуды доғаратын кез келді.

Олай дейтініміз, кей мемлекеттік қызметшілер өтініштерді атүсті қарап, сапасы сын көтермейтін, толыққанды емес ақпарат бере салуды әдетке айналдырып алды. Кейбір басшылар көмек сұрай келген азаматтардың мәселесін шешудің орнына, әркімге сілтеуді қолайлы көреді. Осының барлығы азаматтың жүйкесін жұқартады. Уақытты зая кетіреді. Сөйтеді де, жоғарыға  шағымдану фактілері жиілейді. Жемқорлық орын алады. Сондықтан, сіз бен біз сөз етіп отырған «Әдеп кодексі», «Әдеп кеңесі» осындай мәселелерді түпкілікті жоюға әрекеттенуі тиіс.

Атырау облысы Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмыс тәжірибемнен байқағаным, кеңес отырыстары өзінің кәсібилігімен ерекшеленіп келеді. Оған бұқаралық ақпарат құралдары мен беделді қоғамдық ұйым өкілдерінің де тартылуы, кеңестің  облысымыздың қоғамдық-саяси өмірінде белсенді рөлге ие екендігін көрсетеді. Әдеп кеңесі – саладағы реформалардың тиімді жүзеге асуы мен мемлекеттік органдардың, қызметшілердің оң имиджін қалыптастыратын бірегей механизмге айналып отыр.

Баян Атайманқызы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз