Денсаулық сақтау саласына қатысты атыраулықтардың базынасы көп (+ФОТО)
Atr.kz/12 наурыз, 2020 жыл. Таяуда «Атырау — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті медицина саласындағы халыққа қызмет көрсету сапасын бақылауға алған еді. «ANTIKOR» орталығында жобалық кеңсе жетекшісі Альфия Әдиева мен қалалық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова аталған мониторинг нәтижесімен бөлісті.
Жалпы, денсаулық саласына қатысты халықтың арыз шағымы азаяр емес. Әсіресе, қызмет сапасының нашарлығына қатысты базына көп айтылды.
Қаланың орталығында орналасқан облыстық балалар тіс емханасы күніне 200-дей науқас қабылдайды. Ғимараттың әр қатарында күту бөлмесі жасақталған. Алайда,терезе ашылмайтындықтан бөлменің ауасы тар. Сондықтан емделушілер кезегін дәліз бойында күтуге мәжбүр.
Ал, облыстық психикалық денсаулық орталығы жаңа ғимаратты қажет етеді. Мониторинг барысындағы жағдайды Альфия Дәулетқалиқызы саралады:
— Біз халі мүшкіл науқастарды көріп шошыдық. Темір керуетте матрассыз жатқан емделушілердің күйі мәз емес. Асханада гигиеналық тәртіп сақталмаған. Сондай-ақ, кейбір емханаларда әжетхананың үнемі құлыптаулы тұратынын білдік. Ал, ашық тұрған әжетхананың тазалығы асып тұрғаны шамалы…
Аталған емдеу орнындағы қоғамдық бақылаудан қорытынды шығып, қоймадан шығарылған елу матрас науқастардың пайдаланылуына берілді.
Медицина саласындағы цифрландыру да оңтайлы болмай тұр. Мұны емханадағы бітпейтін кезектен аңғаруға болады. Науқастар да цифрландыру мәселесіне қанағаттанбайтындықтарын жеткізді. Демек, қыруар ақша бөліп жасақталған электрондық жүйе халықтың уақытын үнемдемейді. Керісінше, дәрігерге кіру үшін сағаттап кезегін күткен науқастың ауруын одан сайын өршітпесіне кім кепіл?
Ал, №5, №4, №3 қалалық емхана, Еркінқала, Жаңаталап, Дамбы дәрігерлік амбулаториясында мүгедектерге қолайлы жағдай қарастырылмаған.
«Үш амбулаторияда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көмекке шақыратын қоңырау жасамайды. Ал, екі амбулатория мен бір емханадағы қоңырауды қанша дабылдатсақ та, көмекке келген бірде-бір ақ халатты абзал жанды кездестірмедік» дейді жобалық кеңсе жетекшісі.
Брифингте жыры бітпейтін пандус мәселесі де көтерілді. Әсіресе, Дамбы елді мекеніндегі емхананың стандартқа сай емес пандустарымен пайдалануға берілгені көпке белгілі. Содан бері алты жыл уақыт өтті. Ал, оны қайта жөндеу ешкімнің ойына келмеген сыңайлы.
Қоғамдық бақылау облыста дәрігерлер жетіспеушілігі бар екенін көрсетті. Бұл өзекті мәселеге қалалық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова кеңірек тоқталды.
«Облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінде науқастарды қабылдау, операциялық бөлім, 42 кереуетке арналған стационарлық бөлімше бар. Мұнда бар болғаны үш хирург жұмыс істейді. Ал түнде, демалыс және мереке күндері тек біреуі ғана кезекшілік етеді. Ал, егер ол ота жасауға кетсе, науқастарды қабылдау бөлімі мен стационар жұмысы тұрып қалады. Бұл қалыпты жағдай ма? Таяуда тағы да тәжірибелі екі хирург жұмыстан кетті, — дейді Салтанат Асқарқызы.
Оның айтуынша, бұған тәжірибелі дәрігерлерді бағаламайтын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасы басшылығының көзқарасы себеп болып отыр. Облыстық басқарма аурухананы қажетті дәрі-дәрмек пен жабдықтармен, қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлмейді. «Жалпы, облыстық балалар ауруханасынан тәжірибелі дәрігерлердің кету себебіне талдау жүргізу керек» дейді спикер.
Өз кезегінде брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаева келтірілген деректердің зерделенетінін айтты. Ал, мониторинг кезінде анықталған кемшіліктерді жою үшін жұмыстануға уәде берді.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, кемшілікті дер кезінде анықтау маңызды. Бұл — «Атырау – адалдық алаңының» да басты мақсаты. Демек, халыққа сапалы қызмет көрсетуді бақылау әлі де жалғасын табады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА