Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Атырау облыстық коалициясының үндеуі

Құрметті жерлестер!

Жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер мен аграрлық сала мамандарының, кәсіпорындар, кәсіподақтар, еңбек ұжымдары мен жастар қозғалыстарының басын қосқан, барлық әлеуметтік топтардың, барлық өңірдің мүддесін көздеген Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Атырау облыстық коалициясы атыраулықтарға Үндеу жолдайды.

– Мемлекет басшысының Жер кодексінің жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы шешімін қолдай отырып;

– әлемдік қоғамдастықтың беделді, әрі жауапты өкілі ретінде Қазақстан бетпе-бет келіп отырған жаңа жаһандық саяси-экономикалық ахуал мен уақыттың сынақтарын ескере отырып;

– тәуелсіздіктің барлық жетістіктерінің іргетасы саналатын әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, Қазақстанның көпұлтты халқының қоғамдық келісімі мен бірлігін қамтамасыз етуді аса маңызды қажеттілік ретінде қабылдап;

– Президенттің тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін жоғары бағалай келе;

Біз – азаматтық қоғам өкілдері жерлестерімізді Жер реформасы жөніндегі комиссияның және аймақтық қоғамдық кеңестердің жұмысына белсене атсалысуға шақырамыз.

Біз үшін және барша азаматтар үшін жер тек материалдық игілік қана емес, Қазақстан халқының бірлігін бекемдеп, жұдырықтай жұмылдырған Тәуелсіздік ұғымымен бірдей аса қастерлі құндылық. 

Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Атырау облыстық коалициясы агроөнеркәсіптік секторды қарқынды дамытудың маңызды тетігі ретінде Жер реформасы қажет деп санайды.

Мемлекет басшысының Жер мәселесіне қатысты қорытынды шешімді қабылдаудағы салмақты ұстанымын есепке ала отырып, туған жерінің болашағы үшін алаңдайтын атыраулықтарды осы мәселе жөніндегі ашық әрі сындарлы сұхбатқа үн қосуы қажет деп санаймыз.

Қуатты, біртұтас, гүлденген әрі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргіміз келсе, біздің басты міндетіміз – елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау болуы тиіс.

Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Атырау облыстық коалициясы Жер реформасын жетілдіруге бар күшін салады.

Әрбір азаматтың осы мәселеге қатысты пікірі ескеріліп, жан-жақты қаралады.

Атыраулықтардың аталған мәселеге қатысты Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Атырау облыстық коалициясына жолдаған барлық ұсыныстары мен тілектері жан-жақты зерделеніп, Жер реформасы жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылады.

2016 жылғы 27 мамыр,

Атырау қаласы.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы

Қазақстан Коммунистік халық партиясы Атырау облыстық филиалы

«Ауыл» социал-демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалы

«Бірлік» партиясы Атырау облыстық филиалы

«Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігі

«Ауған соғысы ардагерлерінің «Атырау облыстық одағы» үкіметтік емес ұйымы

«Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысының Атырау облысы бойынша филиалы

Атырау облыстық ардагерлер Кеңесі

Атырау облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы»

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалы

Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалы

Атырау облысы бойынша Іскер әйелдер Ассоциациясы

«Облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі

«Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз