propropoppropop

ДАЯШЫ болған бір КҮН

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Мейрамханаға барып даяшының қызметін атқару. Әлі күнге дейін маңызын жоймаған жұмыстың қыр-сырына қанығу. Сөйтіп, кейіпкер кейпіне ене жүріп күнделікті кәсіптің салмағы мен талғамын таразылау. Міне, бес күннің бірін тойханада өткізуге себепші болған кезекті редакциялық тапсырма – осы болды.

СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСҚА БАҒЫНБАЙТЫН КӘСІП

Мұндайда ең алдымен не істеу керек? Амал жоқ, былай күндері берекетімізді алатын жарнаманың «құдіретіне» жүгіндік. Өйткені, даяшылық табан тоздырып жұмыспен қамту орындарына барып іздейтін кәсіп емес қой. Ғаламторға кіріп, хабарландыру тақтасына көз салсаңыз жетіп жатыр. «Осындай күні болатын осындай шараға шұғыл даяшы керек» деген секілді жарнамалар күн емес, сағат сайын жаңартылып отырады. Осы кезде «батысқа келіп күйшімін деме» дегендей, «Атырауға келіп жұмыс жоқ деп айтпа» деген жаңа нақыл санамызға сап ете қалды.

Расымен де, қазір «жұмыс жоқ» деп жылы бұрышта жантайып жатқандарды ақтап алатындай еш негіз жоқ. Біздің де, Ыбырай атамыз айтқандай, «тілегеніміз алдымыздан іздемей-ақ табылды». Телефон тұтқасынан шыққан дауыс жексенбі күні болатын шілдехана – бесік тойына шақырып, кешікпей келуімізді өтінді. Содан келіскеніміздей «Вокзал маңы» мөлтекауданындағы «Өркен» мейрамханасына келдік. Жапсарласа орналасқан дәмхана да «мені көрдің бе?» дегендей менмұндалайды. Әйтеуір, теміржол бекетіне тиіп-ақ тұр. Алыстан келген ағайын бекеттен бұрылмай жатып бас сұғатын жер – осы!

Айтпақшы, даяшы – сұранысқа да, ұсынысқа да тәуелсіз кәсіп екенін айта кету керек. Өйткені, халқымыз қашан да қуанышын да, қайғысын да бөлісе білген. Небір маңызды шешімдерді көптің көзінше ақ дастархан үстінде қабылдаған. Міне, қазақ үшін той өмірдің ажырамас бөлігіне айналғаны да сондықтан болса керек. Ендеше, той бар жерде даяшының да жүретіні – заңдылық. Кәсіпкерлердің көбісі мейрамхана ашып, әртістердің шоу-бизнестен той-бизнеске өтуі де тегін емес.

ШАБЫСЫНА ҚАРАЙ ТАБЫСЫ

Уақытты зая кетірмей бірден тойхана әкімшісіне жолығып, жалақы жайын сұрадық. Сөйтсек, бір күндік қызмет үшін төлем бес мыңнан басталады екен. Бір тойда осынша ақша табу – студент жастар үшін мол мүмкіндік. Ал, күндіз біреуіне, кешке екіншісіне барып жұмыс жасайтындар бір сәтте он мың теңге табысқа кенеледі деген сөз.

Маңдай тердің жемісі деген осы емес пе? Осыны біле тұра даяшы болудан арланатын жастар да бар ғой арамызда. Әрине, олардың оқу ақысы мен басқа да қажеттіліктерін ата-аналары төлеп жатар. Десек те, «баламыз қатардан қалмай білім алсын» деп қарызға батып жатқандар қаншама?!

Мұны да аракідік ойлап қойған жастарға артық етпейді. Біз осылай деп түйдік. Мейрамхана әкімшісі әрі басшысы Гүлфара ханымның бір өзі тойхана, асхана және дәмхана жұмысына жетекшілік жасап отырғанын өзі айтпаса сенбес едік.

БАСТЫ ТАЛАП – ТАЗАЛЫҚ

К ә с і п к е р б і р к ү н тағылымдамадан өтетінімді қ а п е р г е б е р д і . Е г е р тұтынушылармен жақсы тіл табысып, сұраған тапсырыстарын ойдағыдай орындасақ, келесі күні жұмысқа қабылданатынымызды қоса айтты.

«Бұл жерде басты талап – тазалық. Мұны мейрамханадағы басқа қызметкерлер де сақтауы тиіс. Бірақ, даяшыларға талап екі есе қойылады» деді ол.

Осылайша, қызметке кірісіп те кеттік. Түскі уақытқа жоспарланған бесіктойға дайындық ерте басталды. Даяшының жұмысы «сервировкадан» басталады екен. Бұл дегеніңіз қызмет көрсетілетін үстелге ыдыстар мен тағамдарды жайғастыру. Соның ішінде, стақандар мен рөмкелерді айнадай етіп жылтырату даяшының шеберлігін анықтайтын ең басты көрсеткіш екен. Біздің еншімізге екі үстел тиді. Оның әрқайсысына он адамнан келеді. Менің сенімсіз іс-әрекетімді байқаған «әріптестерімнің» бірі жаныма келіп ақыл-кеңесін берді.

«Бүгін келген «новенькийсің» бе? Көрініп тұр. Біздер дайындық жұмысын өзара келісіп алғанбыз. Ерлер үстелге ыдыс-аяқ тасиды, ал қыздар соларға ас салады, нан турайды, тағысын тағы. Ең бастысы, той басталғанда «тормозить» етіп қалмасаң болды. Тек өзіңе жүктелген үстелді емес, басқа да қонақтардың тапсырысын орындауға дайын бол. Шапшаң қимылда және күлімдеп жүр. Қонақтардың бірі шарапқа мас болғандықтан қатты сөз айтуы мүмкін. Ондайда үндемей «құтыл». Мұнда үндемегенің мың есе артық» деді.

А й т п а қ ш ы , к е й б і р үстелдердің ыдысы дап-дайын тұрғанын байқадық. Оларға жауапты студенттер түске дейін сабақтарында екен. Үлгермейтіндерін білгендіктен, бір күн бұрын келіп алдын ала дайындап кетіпті.

АЙҚАЙ-ШУЫ АРАЛАС…

Айтса айтқандай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дастарханды «жайнатып» жібердік. Сөйтіп, түскі мезгілде келеді деп күткен қонақтарымыз әдеттегідей екі-үш сағатқа кешігіп келді. Қызметімізді сусын құюдан бастап, салат салумен жалғадық.

Жиырма адамның талғамын талдай отырып, мінезін де тани түстік. Күні бойы қонақтардың «рөмкелер арақ-шараптан босамауы керек» деген пәрменін орындаумен болдық десек те болады. Тіпті, ыстық тамақ әкелуге кеткен кезде де, «қайда жоғалып кеттің, неге айтқызбай құйып тұрмайсың, осының барлығын айтып отыру керек пе?» деген шағымдарын естіп те үлгердік. Бұл сөзін екіншісі қостай жөнелетінін қайтерсіз?!

«Осы официанттардың барынан жоғы, администраторларына барып айту керек!» Мұның бәрін естіп отырып, іштей «бұл кісілердің де біздей ұл-қыздары жоқ па екен?» деп бас шайқап қойдық.

Тағы бірде төрдегі үстел жақтан айқай-шу естілді. Даяшының бірі апыл-ғұпыл жүріп жеміс-жидектерді турауға ұмытып кетіпті. Әйтеуір, бұл қызметте ұсақтүйек қателіктің де есебі бар болып шықты. Сырт көзге оп-оңай жасай қоятын жеңілжелпі жұмыс болып көрінеді. Алайда, бұл – алдамшы көрініс. Жауапкершілігі де зор, талабы да мол екенін түсіндік.

Әйтеуір, бұл мереке де мәресіне жетті. Соңында той иелері мейрамхана ұжымына адал еңбектері үшін алғыс айтты. Ал, біз үстел үстін жинастырып, ыдыс жуатын қыз-келіншектерге жұмыс тауып бердік. Өз міндетімізді мүлтіксіз атқарғанымыз үшін ризашылығын білдірген мейрамхана басшысы бұл күнгі еңбектің ақысы ертең ертемен берілетінін ескертті. Осы жерде даяшының бір күні де біте қалды.

P.S:

Өкінішке орай, әлгі қонақтардан қатты сөз естіп қалған қыз жұмыстан шығатынын жеткізді. «Үйдегі әке-шешемнен естімеген дөрекі сөздерді бөтен біреулерден естимін деп ойламадым» деген ол қатты ренжулі. «Енді жұмыс болған соң, бәріне дайын болу керек, қай қызметті де мінсіз атқару мүмкін емес, бірекі қателікке бола ашуға бой алдырма» деп жұбатуға тырыстық. Шынымен де, бұл жұмысты тек табысқа мұқтаж адам ғана атқаратын сияқты. Яғни, қалтасы қалың жанұялардың еркетотайларына арналмағанын аңғардық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған