ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ЕРЕН ЕРЛІК…

Ел басына күн туған сын сағатта жау оғына қарсы тұрған майдангерлерімізді ардақтап, оларды ұлықтауды бүгінгі ұрпақ әсте естен шығарған емес. Әсіресе, Жеңістің 70 жылдығына санаулы ғана айлар қалған тұста соғыс ардагерлерінің ерлігін дәріптеуге арналған шаралар легі көбеюде. Солардың бірі, Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың қатысуымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Атырау гарнизонында өтті.

Еліміздің Әнұранымен ашылған салтанатты шеруде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы Мұрат Нұғманов соғыс ардагерлерін алда келе жатқан айтулы мереке – Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Отаны үшін қан төгіп, жанын берген бабалар ерлігін әркез естен шығармаймыз. Қан майдандағы қиындықты жеңе білген ардагерлер қандай құрметке де лайықты. Олар бізге тәуелсіздікті тарту етті. Бейбіт өмір сыйлады. Егемен еліміздің тыныштығын сақтау – Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгерлердің басты міндеті – деген ол, майдан даласында Отан үшін от кешкен ержүрек батырлардың есімін жеке-жеке атап өтті.

Әр айдың соңғы аптасының сәрсенбісі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып келеді. Бұл күні ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп, олардың ерлігі жас ұрпаққа дәріптеліп жүр. Осы дәстүр бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Атырау гарнизонында ұйымдастырылған шараның ерекшелігін атаған Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев ардагерлерге деген зор ықыласын білдірді. «Біз әрдайым ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, олардың өлшеусіз ерлігін өскелең ұрпаққа айтып келеміз. Себебі, сіздер көрсеткен өнегелі жол жас ұрпаққа үлгі. Толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешіп қан сасыған майдан даласында ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігін мәңгі ел жадында жаңғыртып, дәріптеп отыру –біздің басты мақсатымыз. Әр ай ерлік айлығы болып аталып, ел арасында бабалар ерлігін насихаттау бағытында жұмыстар жүруде», – деген шаһар басшысы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мұрат Нұғмановқа ризашылығын айтып, «Алғыс хат» табыс етті.

Атырау гарнизонының 41-434 әскери бөлімінің саптық алаңында өткен шара соңында ардагерлер құрметіне әскери шеру ұйымдастырылып, «Барлау» полкінің арнаулы мақсаттағы ротасы қоян-қолтық жаттығу ережесін кәсіби деңгейде көрсетті.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз