Дарынын дәріптеді дүйім жұрты!..
Рахымжан Отарбаевтың халықаралық екінші театр фестивалі қорытындыланды
Атырауда көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың шығармалары арқау болған фестиваль үш күн бойына өткізілді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген театр ұжымдары өнерлерін сарапқа салды. Киелі сахнада өнер көрсеткен театрлар өз деңгейінде марапаттарға ие болды.
Театр фестивалінің қорытынды кешіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.
— Биыл екінші рет өткізіліп отырған фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен және Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келіп отырғандығымен ерекшеленеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтардың қалауымен Президент болып сайланды. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентін ұлығылау сәтінде қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев: «Ойдағымыз болды, ортамыз толды. Төбедегіміз келді» — деп Нұрсұлтан Әбішұлын қолдауға шақырған болатын. Жауапкершілік жүгін арқалаған тұлғаға қолдау бүгінге дейін жалғасып келеді. Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» деген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз.
Елбасы өзінің бар күш-жігерін халықтың үмітін ақтауға жұмсап, экономикалық, гуманитарлық, мәдени салада белсенділік танытып, өзі тың бастама көтеріп, бүгінгі таңда қазақстандықтардың осындай зор табыстарға жетуіне аянбай күш жұмсап келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихты қайта зерделеу үрдісі де жалғасын тапты.
Соның бірегейі – Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» қойылымы. Бұрын бірлі-жарым жерден Бейбарыс билеуші жайында естіп жүрсек, Рахымжан Қасымғалиұлы соны сахналап, драмасын жазып шықты. Ел егемендігінің баянды болуы жолында қаламды серік етіп, аянбай тер төгіп жүрген бірқатар тұлғалардың қатарында Рахымжан Отарбаев, Асанәлі Әшімов, Ақұштап Бақтыгереева, Есмұхан Обаев, Иран-Ғайып, Мереке Құлкенов және басқаларының еңбектерін ерекше атар едім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Рухы биік, ойы азат халық қана тәуелсіз бола алады» — деген сөзі бар. Ата-баба аңсаған тәуелсіздікті мәңгілік етуде, елдің ертеңі жарқын болуы үшін аянбай тер төгуіміз керек, — деді Нұрлан Асқарұлы. Сондай-ақ, ол осынау шараға орай ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлынан келген құттықтау хатты да оқып, фестиваль иесіне табыстады.
Рахымжан Қасымғалиұлының 60 жас мерейтойына арналған ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов және ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтан да құттықтау хаттар келіп түсті.
Өңірімізде соңғы екі жылда өткізілген өнер фестивалі арқылы қаламгердің шығармалары тек ел ішіне ғана емес, әлемнің оқырмандарына да жол тартты деуге болады. Өнер тойына орай алыс-жақын шетелден, еліміздің әр өңірінен келген тұлғалар да сахна төріне көтеріліп, өз лебіздерін білдірді. Олардың қатарында ақын-жазушы, Моңғолия Жазушылар одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы Сұраған Рахметұлы, «Мәдениет» қорының директоры Ермек Алдан, Татарстанның Қазан қаласынан келген ақын, аудармашы Флера Тарханова, Германиядағы «Қазақ» қауымдастығының төрағасы Сүлеймен Шадкам және Тараз қаласынан келген мерейтой иесінің ағасы Асаубай Майлыбаев бар.
«Юность» журналының бас редакторы Валерий Дударев «Шыңғысханның көз жасы» (Плач Чингисхана) повесті жарияланған журналдың биылғы №№5,6 нөмірлерін автордың өзіне табыстады. Әлемге әйгілі журналда бұған дейін Борис Пастернак, Белла Ахмадулина, Николай Рубцов, Иосиф Бродский, Андрей Вознесенский, Олжас Сүлейменовтың шығармалары жарияланған. Журнал редакторының айтуынша, автордың өзіне шығармасы басылған журналдың данасын тапсыру сәті тарих болып қалмақ. Өйткені, бұған дейін мұндай рәсім болмаған екен.
Сыншы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Марианна Дударева да «Шыңғысханның көз жасы» кітабына өз бағасын беріп: «Ұлттың тарихын көрсететін шығарма. Оның жалпыадамзаттық құндылық ретінде бағасы зор. Қазақтың халық әніндей әсері күшті, оқып отырғанда, сүйіспеншілігіңді оятады», — деді.
Салтанатты шарада Ресей Жазушылар Одағының хатшысы, «Форум» журналының бас редакторы Владимир Муссалитин Рахымжан Қасымғалиұлына «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы үшін» алтын медальды табыстады.
«Бұл сыйлық сенің бүгінгі мерейтойыңмен тұспа-тұс келіп отыр. Үлкен жетістік Қазақстанның бір ұлының ғана емес, парасат-пайымға бас иетін күллі халықтың қуанышы деп есептейміз. Құрметті Рахымжан, сен үшін қуанып отырмын», — деді жазушы Владимир Муссалитин.
Айта кетейік, осыған дейін бұл медальды әлем бойынша Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иеленген еді. Енді осы тізімді Рахымжан Отарбаев толықтырып отыр.
Сондай-ақ, бұл күні мектеп оқушылары мен студент жастар арасында ұйымдастырылған «Рахымжан оқуларының» қорытындысы белгілі болып, байқаудың үздіктері де марапатталды. Байқау жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен сый-сияпаттарды мерейтой иесі Рахымжан Отарбаев пен облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Гүлжанай Қалиева табыстады. Жеңімпаздар қатарында Дания Есенғалиева, Жұлдыз Ерболатқызы, Хасан Досболатұлы, Наслизат Төлентаева, Анар Шұғыпан, Қайыржан Сейдәлиев, Әсемгүл Мақашева, Аругүл Сатан, Әсемгүл Төлегенова, Сымбат Дәрменғалиеваның есімдері аталды.
Екінші рет ұйымдастырылған фестивальдің ерекшелігі – жазушының мерейлі жасына орай өткізілді. Бұл мерейтойлық фестиваль болғандықтан, қатысушы өнер ұжымдарының бәріне бірдей марапат берілді. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар құрамы әр театрға диплом мен 500 мың теңгелік сертификат табыстады.
Жазушы Рахымжан Отарбаев шараның соңында фестивальды ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.
— Мені құттықтап, алыс-жақын шетелден келген меймандарға ризашылығым шексіз. Оқырмандарыма да ізгі ілтипатымды білдіремін. Біз тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендегенін, дамудың даңғыл жолына түскенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта да, еліміздің дамуы жолында бірлесіп қызмет ете берейік, — деді мерейтой иесі.
Өнер фестивалінде алыс-жақын шетелден келген театр ұжымдары жоғары деңгейде өнер көрсетті деп айтуға негіз бар. Соның дәлеліндей, фестивальдің соңғы күнінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театры қойған «Нашақор жайлы новелла» мен Қырғызстаннан келген Шаршен Термечиков атындағы Шүй облыстық театрының «Аяқталмаған хикая» драмасында да көрермендер көп болды. Бір күнде өткізілген қос қойылымға жұртшылықтың көптеп келуі жазушының шығармасына деген зор құрметті көрсетеді. Олардың бәрі – шығармасын іздеп жүріп оқитын оқырмандары. Жазушыға бұдан асқан бақыт бар ма?!
Нұргүл Ысмағұлова
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Ш.Термечиков атындағы Шүй облыстық театрының директоры
Оросбек АЙДАРОВ:
«Өнер адамдары елді жақындастырады»
— Мұхтар Әуезов Шыңғыс Айтматовты қамқорлап, әлемдік аренаға шығарды. Тоқтағұл мен Жамбыл сабақтастығын неге айтпасқа?! Өнер адамдары елді жақындастырады. Біз Рахымжанды Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінде Мұхтар Шахановпен бірге қызмет етіп жүрген кезінен бастап білеміз. 1990 жылдары жазушының «Абай-сот», «Әбутәліп-әпендісін» ұсындық. Кейінгі жылдары да көптеген туындылары сахналануда. Қашан қойылса да, оның көрермені көп.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның халық әртісі,
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Айтматовтың өзі жоғары бағалаған»
— Рахымжан Отарбаев секілді жазатын драматургтер өте аз. Оның шығармашылығына Шыңғыс Айтматовтың өзі жоғары баға берген болатын. Өнер тойына келген зиялы қауым өкілдері де қаламгердің шетелдегі әдеби ортадағы өзіндік орнына тоқталуда.
Жазушының шығармашылығы – қаламгер мен әртістерді жақындастырды деп айтуға негіз бар. Бірі – оқиғаны қағаз бетіне түсірсе, екіншісі ойды сахнаға алып шығады. Ол үшін әртістер көркем ойды көрерменге дұрыс жеткізе білуі керек. Театр фестивалінде әртістер өздерін барлық қырынан көрсете алды. Отарбаев кейіпкерлерін жоғары деңгейде сомдады. Әртістер қойылымды түсініп, алдын-ала оқып барып қойғаны бірден көрініп тұрды.
«Қошалақтағы бір күн»
Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикая» мұңды драмасын қырғыз тіліне Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бұсұрман Одуракаев аударған. Қоюшы режиссері – Жаныш Құлмамбетов.
Қайыр апа рөлін – Б.Қыдыкеев, Т.Тұрсынбаев атындағы сыйлықтардың лауреаты Нұргүл Мамытова сомдаса, Айдос пен Байдосты Нұрсұлтан Қадырұлы, Бекзат Қаныбеков ойнады. Жәния мен Сәнияның рөлін Зинат Қыдырмаева, Замира Замирбекқызы сәтті алып шықты.
Рахымжан Қасымғалиұлының «Көрген-баққан» әңгімесі желісінде жазылған драманы қырғыздар «Қошалақтағы бір күн» («Кошалактағы окуя») деп атаған. Қойылымда бір қарағанда, отбасының басынан кешкен жағдайы баяндалады. Бірақ, бұл тұтас сол дәуірдің көрінісі еді. Кеңшар тарап, жекешелендіру желуімен мал-мүлік бөліске түскен кезді көз алдымызға алып келді.
Қойылымда азын-аулақ малдан да береке таппаған ауыл адамдары шетелдіктермен бірлесіп жұмыс жасауға ағылады. Бірақ, одан да еш пайда таппайды.
Сөйтіп, спектакль «Қандай жағдайда да өз елімізді, жерімізді жат жұртқа бермейміз» деген ойда, ауыл адамдарының бір шаңырақ астында мемлекеттік Әнұран айтуымен тәмамдалды.