«МӘҢГІЛІК МІНӘЖАТ»

кітабы  оқырманға  жол  тартты

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Мәңгілік мінәжат» атты ғылыми-танымдық шара өтті.

 

Салтанатты шараны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиев ашып, жүргізді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық мұрағат ұжымының бастамасымен өткізіліп отырған осынау шарада облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев баспадан жаңа шыққан «Мәңгілік мінәжат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.

– Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең ауыр, ең қиын соғыс болды. Он сегізге толар-толмас жастағы өрімдей жігіттер мен қыздар елі мен жерін, туған Отанын қорғауға бір кісідей аттанып кетті. Олардың ерлігін ештеңемен теңестіруге болмайды. Өйткені, олар – шын батырлар, өз елінің нағыз патриоттары. Бүгінгі жас ұрпақ ата-бабамыздың жанқиярлық ерлігі мен еңбегін мәңгі есте ұстап, өмір бойы оған мінәжат етуге тиіс!» – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Облыс халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі және «Мәңгілік мінәжат» кітабы турасында облыстық мемлекеттік мұрағат басшысы Зұлбұхар Сүйнешов әңгімелесе, Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев, жазушы-журналист, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, қалалық мемлекеттік мұрағат басшысы Жаңылсын Әлпиярова соғыс салған жара, халықтың жанқиярлық ерлігі мен табандылығы, ертеңге деген сенім мен үміт, бір сөзбен, жеңісті жақындатуға тырысқан, сол үшін жандарын аямаған аналар мен аталар, апалар мен ағалар, іні-бауырлар жайында айтқан жылы лебіздері мен естеліктері көп көңілінен орын тапты.

Ғылыми-танымдық шара барысында құрметті қонақтар – бір топ соғыс және еңбек ардагерлері, сонымен бірге, мұрағатшылар облыс әкімінің, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталып, кітап шығаруға үлкен еңбек сіңірген қызметкерлер басқарма тағайындаған сыйақыға ие болды. Соңынан Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістері концерт  қойды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз