Дәрігерлер процедуралық кабинетте көз жұмған әйелге қатысты түсініктеме берді
Осыдан бірер күн бұрын Атырауда 51 жастағы әйел №1 қалалық емхана филиалының емдеу бөлмесінде дәрі егілген соң көз жұмды. Аталған хабар, яғни айдың күннің аманында ақ халаттылардан дертіне дауа іздей барған адамның ажал құшуы атыраулықтардың төбесінен жай түсіргендей болды. Оқиға қалай болған? Аяқтай жүрген адамның ажалына кінәлі кім? Мәселенің мән-жайын бүгін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне №1 Атырау қалалық емхана басышының орынбасары Дина Камелова айтып берді.
–Бұл оқиға 14 желтоқсан күні орын алды. 13-і күні құлағындағы кейбір ақаулар бойынша жеке сурдолог дәрігерден ем алады. Ал келесі күні емханаға келіп, дәрігерлерден жолдама алып, екпе бөлмесіне барады. Ол жерде тамырынан дәрі жіберілгеннен кейін, науқас 1-2 миннут аралығында құлап қалады. Дереу дәрігерлерді шақыртып, алғашқы медициналық көмекті оның ішінде, жасанды тыныс алу, жүрек тұсына массаж жасалынып, тамырынан адреналин салынады. Қосымша жедел жәрдем де шақыртылады. Алайда алғашқы көмектен ешқандай нәтиже болмай, пациент айналдырған 5 миннуттың ішінде көз жұмады. Қазіргі кезде жағайдың анық-қанығын білу үшін сот-медициналық тексеру жүргізілуде. Науқастың нақты өлім себебі содан соң белгілі болады. Алдын ала өлімнің себебін дәріге аллергиялық реакция, яғни анафилактикалық шоктан болуы мүмкін деп болжаудамыз, — деді Дина Базарбайқызы.
Дәрігердің айтуынша, қайтыс болған әйелдің есту қабілеті нашар болған. Сондықтан сурдолог маманның кеңесін алып жүрген. Бұл жолы дәрігер оған кавинтон дәрісін тағайындаған. Ал мұндай мамандар көбіне жеке клиникаларда жұмыс жасайды. Қайтыс болған әйелдің диспансерлік есепте тұратындай денсаулығына өзге шағымы болмаған. «Бұл дәріге алдын ала проба жасалмайды. Біз оны көбіне антибиотиктерге жасаймыз. Айта кетерлік жайт, анафилактикалық шок соңғы кездері жиі кездеспесе де 100 мың халық арасынан 50 жағдай тіркелген. Халықтың 4-5 пайызы анафилактикалық шокқа бейім. Өкінішке орай, жылдан-жылға мұның да көрсеткіші өсуде. Тағы бір ескерерлігі, егер науқас антибиотикті осы айда алған болса алдағы екі айда қайталап алуына тура келген жағдайда міндетті түрде алдын ала проба жасатуы тиіс. Себебі дәрілер әртүрлі елден, түрлі өндірушіден келуде», — деді ол.
Айта кетелік, емхана дәрігер мен медбикеге байланысты әкімшілік шара қолданып, медбикені тіркеу бөліміне, ал дәрігерді эпидемиологиялық ахуалға байланысты №2 Атырау облыстық аурухананың кезекшілік бөліміне ауыстырған. Ал нақты шешім сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін ғана қабылданбақ.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен білгеніміздей, 1972 жылы туған әйел 24 қарашада есту қабілеті нашарлағанын айтып, осы емдеу мекемесінің отоларинголог дәрігеріне жүгінген.
«Кейіннен, 13 желтоқсанда ол емдеу бөлмесіне жолдама алу үшін жеке сурдологтың тағайындауымен учаскелік дәрігеріне барды. 14 желтоқсанда сағат 09:15-те бірінші ине салынған соң әйелдің жағдайы нашарлап, есінен танып қалған», — делінген хабарламада. Дәрігерлер дереу жедел жәрдем шақырып, сол аралықта алғашқы медициналық көмекті емхана дәрігерлері де көрсетеді. Алайда сол күйі есін жинамаған әйел сағат 09:51-де жан тапсырады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
фото: Freepik.com