ДАРА ШЫҚҚАН ДАРЫНДЫЛАР
Бұл күні облыстық олимпиадаға қатысқан жеті жүзге тарта білімдар оқушының арасынан суырылып шығып, сүйікті пәнін лайықты қорғап шыққан ондаған шәкірт сахна төріне көтерілді. Оларды облыстық білім беру басқармасы әдістемелік кабинет директоры Ақсерік Ғали, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, профессор, қазылар алқасының төрайымы Нұрзила Сәрсенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекеновалар үшінші, екінші және бірінші дәрежелі дипломдармен марапаттап, білім теңізінде тура жүзіп, діттеген мақсаттарына қол жеткізулеріне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Злиха Қадырбайқызы облыстық олимпиаданың командалық есебінде оқ бойы озық шыққан білім ұяларын облыстық білім беру басқармасының грамоталарымен марапаттады. Бірінші орында — қазақ-түрік лицейі, екіншіде — облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия, үшіншіде -Ж.Досмұханбетов атындағы лицей. Бұған қоса Атырау қалалық білім бөлімі, Махамбет аудандық және Индер аудандық білім бөлімдері де арнайы марапатталды. Сондай-ақ, олимпиаданың ойдағыдай өтуіне барлық жағдайды жасап, жақсы ұйымдастырған №35 орта мектеп ұжымы да елеусіз қалмады.
Оқушы балалардың білім-білігін жете қадағалап, тереңнен зерттеген ұстаздар олардың алдағы республикалық олимпиадаға тыңғылықты дайындалуын тапсырды. Өйткені, олар өздері білім нәрімен сусындап жатқан бір ғана мектебінің ғана емес, бүкіл облыстың намысын қорғайтын болады. Олимпиаданың жабылуына арналған шарада Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының өнерпаздары концерт қойды. Өнерлі шәкірттер — халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Айжанқыз» би ансамблі, республикалық байқаулар жеңімпазы, жас әнші Аяулым Айнабекова, республикалық байқаулардың лауреаты, жезтаңдай әнші Әсел Сергееваға көпшілік ұзақ қол соқты.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.