“DAMU BALA” аудандарда әлі жолға қойылмады
Атырау облысында балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында маңызды қадамдар жасалуда. 2021 жылдың тамыз айынан бастап, облыстың дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жүзеге асыруды қолға алған. Бұл бастамалар аймақтың жасөспірімдерін түрлі спорттық және шығармашылық секциялармен қамтуды көздейді.
2024 жылдан бастап «QazTiQet» ЖШС-мен «DAMU BALA» бағдарламасы бойынша 3 жылдық келісімшарт жасалып, бағдарламаны цифрландыру және архивтер басқармасы қолдап отыр.
Осыған орай «Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің екінші отырысы өтті. Отырысты кеңес төрағасы, Әлеуметтік және мәдени даму комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев ашып, балалар спорты мен бұқаралық спорттың проблемаларына ерекше тоқталды. Басқосуға дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының өкілдері, білім беру басқармасы және жастар мәслихатының депутаттары қатысты.
Атырау облыстық спортты дамыту және спорттық ғимараттарды бақылау жөніндегі бөлімнің бас маманы Ернұр Нетжанов осы саладағы мәселелерді баяндап, «DAMU BALA» бағдарламасының қазіргі жағдайы мен болашағын түсіндірді. Оның айтуынша, бағдарлама қалалық жерлерде белсенді жүзеге асырылса да, ауылдық аймақтарда толыққанды қолдау таба алмай отыр.
«DAMU BALA» бағдарламасы 4-18 жас аралығындағы балаларға түрлі секциялар мен студияларға тегін қатысуға мүмкіндік береді. Алайда, бағдарламаның аудандарда толыққанды жүзеге асырылмауы – маңызды мәселе. Кеңес барысында осы мәселелерді шешу жолдары талқыланып, мониторинг жүргізу және бағдарламаны кеңінен насихаттау қажеттілігі аталып өтті.
«Жастар рухы» ЖК АОФ төрағасы, кеңес төраға орынбасары Абылай Құрметұлы: «Баяндамадан байқағанымыздай, бұл бағдарлама қаланы жақсы қамтығанымен, аудандарда әлі толыққанды жолға қойылмаған. Әрине, бұған түрлі себептер бар. Енді насихаттау жұмыстарын күшейтіп, нәтижелі мониторинг жүргізуіміз қажет. Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің мүшелері мониторинг жұмысына қатысып, бағдарламаның орындалу барысын жіті бақылап, оның жүзеге асырылуымен танысатын болады. Мұндағы мақсат – нақты атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, оларды ақпараттандыру. Себебі, бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің көпшілігі бағдарламаның мүмкіндіктерімен толық таныс болмауы мүмкін», – деп атап өтті.
Осы талқылаулар негізінде «DAMU BALA» бағдарламасының сапасын арттыруға қатысты тиісті ұсыныстар берілді. Балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту аймақтың болашағы үшін маңызды қадам болғандықтан, бұл жобаның сапалы әрі нәтижелі жүзеге асырылуы – басты назарда.
Жайна МӘЛІМҚОЖА