ЕКАТЕРИНБУРГТАН АТЫРАУҒА ДЕЙІН…

«2003 жылы Омбыда екі елдің шекаралық өңірлері басшыларының алғашқы кездесуі өткелі бері өңіраралық форумдар өзінің қажеттілігі мен сөзсіз тиімділігін көрсетті. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 83 субъектісінің 76-сы қазақстандық 14 облыстың барлығымен, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларымен экономикалық байланыстар орнатып отыр. Түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы 200-ден астам өңіраралық келісімдерге қол қойылды.

 

Инвестициялық ынтымақтастық та жақсы қарқынмен дамып келеді. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Қазақстанға 1 миллиард долларға жуық ресейлік инвестициялар түскен, өткен жылдың осындай уақытымен салыстырғанда өсім 40 пайыздан асқан. Шаруашылық байланыстардың оң қарқынын сақтап, арттыру үшін 2015 жылдың басында Еуразиялық экономикалық одақтың іске қосылуы қарсаңында жаңа, едәуір озық интеграциялық форматты ескере отырып, қазірдің өзінде өңіраралық және шекарааралық ынтымақтастықты дұрыс жолға қою маңызды…

Түрлі салалардағы терең өнеркәсіптік кооперация біздің экономикалық қатынастарымызды бұрынғыдан да мықты етіп, әлемдік нарықтардағы тербеліс салдарын теңестіруге мүмкіндік беретініне сенімдіміз».

Ресей Федерациясының Президенті

В.В. Путиннің

Ресей мен Қазақстанның Х өңіраралық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінен,

2013 жылғы қараша, Екатеринбург қаласы.

 

«Бұл форум зор мәнге ие. Бүгін біз ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстан мен Ресейдің үшінші мыңжылдықтағы өзара тиімді әріптестігінің сенімді негізі болатындығына сенімдімін. Ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыттарының бірі – мерейтойлық форумның тақырыбына айналған «өнеркәсіптік кооперация».

Әлемнің заманауи дамуы, сонымен қатар, жаһандық сын-қатерлер біздің алдымызға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Біздің экономикаларымыздың ең соңғы технологиялық прогресс трендтеріне дер кезінде үн қатуының маңызы зор. Дегенмен, біздер үшін жаңа салаларды дамыта отырып, мұндай өзгерістерде қаржы көзі қызметін атқаратын ресурстық база жайын да ұмытпауға тиістіміз. Дәстүрлі шикізат секторын жаңғыртуға ерекше назар аудару стратегиялық тұрғыда маңызды. Осыған орай келесі форумның тақырыбын «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» ретінде белгілеуді және 2014 жылы Атырауда өткізуді ұсынамын».

 

Қазақстан Республикасы Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың

Ресей мен Қазақстанның Х өңіраралық

ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінен,

2013 жылғы қараша, Екатеринбург қаласы.

 

Көршілес Қазақстан мен Ресей Федерациясы елдері арасындағы берік достық қарым-қатынас ежелден басталады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы екі ел басшыларының және халқының өзара тату-тәтті аралас-құраластығы, ынтымағы арқасында дамып отырғандығы сөзсіз. Арамыз ажырамай, сан жылдар бойы бірлік, тату тірлікте өмір сүріп жатырмыз.

Қазіргі таңда Қазақ елі Ресейдің сексен шақты өңірімен тығыз байланыс орнатуда. Бұған жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып келетін Қазақстан – Ресей аймақаралық форумының қосып отырған үлесі зор.

Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыттарының бipi де Ресеймен берік қарым-қатынас болып табылады. Іргелес екі елдің арасына ешқашан  сына түспеген. Болашақта да түспейді. 

1991 жылы Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін танығаннан бері Қазақстан мен Ресей арасында отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, әскери-техникалық және қорғаныс өнеркәсібі caлалары бойынша мықты байланыс қалыптасуда.

Соның нәтижесінде екі ел басшыларының қатысуымен кезекпен өтетін өңіраралық ынтымақтастық форум жыл сайынғы дәстүрге айналды.

Өткен жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Х өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан куәгерінің бірі болдым. Сол ауқымды шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Көмірсутек саласындағы инновациялар» тақырыбындағы кезекті ХІ форумды Қазақ елінің мұнайлы астанасы саналатын Атырау қаласында өткізуді ұсынған болатын. Сөйтіп, қос мемлекет үшін де үлкен маңызға ие аталмыш форумды Атырауда ұйымдастыру идеясы содан бастау алды.

Енді, міне, бір жылға жуық уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шығып, Атырау жұрты Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин бастаған  меймандарды қазақтың қанына сіңген қонақжайлылық қасиетпен құшақ жая қарсы алуда. Іс-шараның негізгі бағыты – заманауи технологияларды мұнай-газ саласында қолдану, осы бағыттағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылау.

Осы орайда, бір жылға артқа шегініс жасасақ, өткен жолы Ресейде өткен басқосу өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Былтыр қараша айында өткен мерейлі жиын екі елдің аймақтарының өнеркәсіп кооперациясына арналды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі жақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, мемлекеттердің интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығы мәселелерін қозғады. Атап айтқанда, өңіраралық және шекарааралық ынтымақтастықты нығайту, отын-энергетика, ғарыш, атом және ауыл шаруашылығы салаларындағы серіктестік аясын кеңейту перспективаларын кеңінен талқылады.

Форум шеңберінде бірқатар шаралар да ұйымдастырылды. Соның бірі –  көршілес екі елдің бизнес өкілдері қатысқан «Өнеркәсіп кооперациясы» атты халықаралық көрмесі болатын. Бұған қос елдің отызға жуық өңірінің кәсіпорындары жобаларын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, екі елдің жастары да өзара бас қосып, интеграциялық мәселелерді талқылады. Міне, сол форумда көтерілген мәселелер іске асып жатыр. Атырауда өтетін ХІ форумда олар кеңінен айтылатын болады.

Алқалы жиын барысында қос мемлекет басшылары Кеден одағы толық форматта жұмыс істей бастағаннан кейін екі ел арасындағы сауда-саттық көрсеткіші біршама жақсара түскендігін, инвестицияның жыл сайын артып отырғандығына ерекше тоқталды. Бұған көз жеткізу қиын емес. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Қазақстанға салынған ресейлік инвестиция миллиард доллар шамасын құраған. Ал, сәйкесінше, Ресейге салынған қазақстандық инвестиция 1 миллиард 700 миллион долларды құрады. Соңғы он шақты жылда екі жақты сауда-саттық көлемі төрт есеге артты. 2003 жылы бұл көрсеткіш 5,8 миллиард долларды құраса, былтыр 22,4 миллиард долларға жеткен болатын.

Байқағанымыздай, аталған өңіраралық форумның беделі де жыл сайын артуда. Бұл оның ықпалының, әрі іс жүзінде пайдалы екендігін білдіреді. Он бір жыл ішінде бұл іс-шара өнімді пікір алмасуға, екі жақты серіктестіктің ең өткір және өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде өзінің негізділігі мен тиімділігін дәлелдеді. 

Қазақстанда да, Ресейде де жеке бизнес екі жақты Үкіметтің жаңа өнеркәсіптік және инновациялық жобалар мен жаңғырту реформаларын қолдауға қабілетті екендігіне ерекше тоқталған Елбасымыз мемлекетаралық бизнес кооперациясының жемісті үлгілері орын алып отырған машина жасау, кен-металлургия кешені, уран және химия өнеркәсібі салаларын атады. Бұған қоса, үш жылдан соң Астанада өтетін еліміздің ең негізгі жобаларының бірі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңыздылығын да шет қалдырған жоқ. 

– Ғылым саласындағы ынтымақтастық мүлдем жаңа көкжиек ашады, – деді Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  мерейтойлық форумда сөйлеген сөзінде. – Ендеше, біздер күш-жігерлерімізді жаңа технологияларды дамытуға біріктіре аламыз. Мәселен, 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жаңа энергетикаға бағыт алуда. Оның тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Екі ел арасында инновациялық саладағы жемісті ынтымақтастық үшін қолданыстағы механизмдердің жаңа жетілдірілген өзара іс-қимылдары талап етіледі. Бұл міндеттің шешімін мен, біріншіден, біздердің серіктестік уағдаластығымыздан көріп отырмын. Біздердің мемлекетаралық шешімдерден кәсіпкерлер өз жұмыстарында шынайы экономикалық жақсару және жеңілдік күтеді. Ал, екіншіден, бұл – екі ел кәсіпорындары іс-қимылдарының үйлесімділігі. Бұл бағытта бүгінгі форумның тақырыбы жүйелі дамудың қуатты ынталандырушысы болуы тиіс. «Қазақстандық бизнес өзара тиімді серіктестік жағдайында кооперацияны кеңейтуге дайын», – деді Н.Назарбаев.

Ынтымақтастық жетістікке жетелейді.Әр форум аясында жыл сайын екі елдің берік достығымен экономикалық және әлеуметтік-мәдени салалардағы ынтымақтастығын одан әрі арттыра түсіру мақсатында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады. Өткен Х форум аясында қол қойылған құжаттардың ішіндегі ең ірісі және маңыздысы екі ел арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы жаңа келісім еді.

Мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту берік достықты қалыптастыру және жан-жақты келісімге келу. Екатеринбургте өткен аймақаралық алқалы жиынның басты мақсаты осы болды. Олар сөзсіз жүзеге асуда. Біздер мәңгі дос, ынтымағы жарасқан халықтармыз. Ұрпақтарымыз да осы идеяға берік болатыны сөзсіз.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз