
Далада жоғалған екеу аман-есен табылды
Атырау облысында құтқарушылар жауын-шашынның салдарынан далада жоғалып кеткен екі адамды аман-есен тапты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 сәуір күні шамамен сағат 14:00-де Мақат ауданының тұрғындары — 1987 және 1980 жылы туған екі тұрғын — УАЗ автокөлігімен Қызылқоға ауданына қарасты Сарымайшағыл елді мекенінен Қарабау ауылына мал іздеу үшін жолға шыққан. Алайда ауа райының күрт нашарлауынан және жауын-шашынның салдарынан олар Мақат ауылынан шамамен 40 шақырым қашықтықта, Жырыққара елді мекені маңындағы далалық жерде көліктерімен батып қалған.
Ұялы байланыс болмағандықтан, оларға хабарласа алмаған туыстары 7 сәуір күні құтқару қызметіне жүгінген. Сағат 20:30-да хабарлама түскен бойда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті.
–Іздестіру шараларының нәтижесінде 8 сәуірге қараған түні, сағат 00:38-де Мақат кентінен 45-50 шақырым жердегі Жаңақұдық ескі қыстағы маңынан екі адам табылып, Мақат кентіне эвакуацияланды. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болмады, — делінген ресми хабарламада.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ