
Дала өрті: атыраулықтар жалынды қалай ауыздықтады?
Дамбы ауылында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында республикалық деңгейдегі бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шара облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Оқу-жаттығу барысында орман және дала өрттері жағдайында төтенше жағдайларды жою үшін жауапты органдардың өзара үйлесімді әрекеттерін жетілдіруге бағытталды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев арнайы қатысып, командалардың дайындығына баға берді. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамы, жергілікті атқарушы органдар мен ерікті өртке қарсы құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тартылды.

Штабтық кеңес отырысы шеңберінде облыстық ТЖД басшылары сөз сөйлеп, қатысушыларға оқу-жаттығудың мақсат-міндеттері мен тактикалық жоспары түсіндірілді. Кеңес барысында проблемалық мәселелер қаралып, шешу жолдары ұсынылды.

Кеңестен кейін өрт-тактикалық оқу-жаттығу басталды. Сценарий бойынша, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында ауыл шаруашылығы техникасында ұшқын сөндіргіштің болмауы салдарынан қураған шөп өртеніп, күшті жел мен құрғақ ауа райы жағдайында өрттің кең ауқымда таралу қаупі туындады. Бұл жағдай Атырау қаласының аумағын да түтін басуына әкелуі мүмкін деген болжаммен өрістетілді. Жаттығу соңында барлық тартылған күштер мен құралдар сапқа тұрғызылып, оқу-жаттығу қорытындысы шығарылды да қатысушыларға әдістемелік ұсынымдар берілді. Іс-шарада барлық бөлімшелердің далалық жағдайда әрекет ету қабілеті жоғары бағаланды.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ