Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

«Дайындық жүйесін түбегейлі өзгерту керек»

«Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында. Осы тұрғыда бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында қандай қарекеттер жасалып, жұмыстар атқарылуда? Бұл сұрақтың жауабын техника ғылымдарының докторы, Ұлттық көлік және логистика академиясының профессоры, Қазақстан  ғылымын дамытуға еңбек сіңірген қызметкер, «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» республикалық байқауының жеңімпазы, жерлесіміз Жұмажан ЖАҢБЫРОВПЕН әңгімелесу барысында табуға ұмтылғанбыз.           

       

b4219fb5 131f 43a0 9a6d 1b33cf6602c1 1

– Жұмажан Ғинаятұлы, сұхбатымызды өзіңіз қызмет атқаратын жоғары оқу орнының алдында тұрған маңызды міндеттер төңірегіндегі әңгімеден бастасақ?

– Сауалыңыз өте орынды. Мемлекет көлік-логистика саласына цифрландыру мен инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беріп отыр. Жолдауда айқындалған өте маңызды стратегиялық міндет – болашақта Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Әрине, қазірдің өзінде цифрландыру ісінде тілге тиек етерліктей жетістіктеріміз де жоқ емес.

Айтпағым, осы салаға қажетті білікті мамандар даярлайтын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны саналатындықтан біздің академияның атқарар шаруасы да  ауқымды. Қойылып отырған талапқа сәйкес келіп, сұраныс деңгейінен көріну үшін менің ойымша, ең алдымен, оқу орнына деген көзқарасты өзгерту керек. Болашақ мамандардың бәсекелестік жағдайындағы білім деңгейі мен сұранысқа ие боларлықтай сапа көрсеткішіне көңіл бөлу керек. Бұл жердегі ең басты критерий де осы болып табылады.

Ал, бізде не болып жатқанын қараңыз, 2-3 дипломы бар азаматтар оларды қажетінше қолданбайды. Жасыратыны жоқ, бүгінде біз нағыз кәсіпқойларды дайындауды тоқтаттық. Әрине, көптеген талантты жастар мен ғалымдар бар екеніне күмәнім жоқ, олар білімі бойынша шетелдіктерден кем түспейді.

Бірақ, қалай дегенде де дайындық жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Алдымен бакалавриат мәселесіне назар аударып көрелік. Айталық, Ресейде бұл үрдіс осыдан он жылдан астам мезгіл бұрын басталған. Әуелі олар 3-4 жыл бойы мұның қаншалықты тиімді болатынына, қандай нәтиже шығатынына жан-жақты зерттеу жүргізген. Әлемге әйгілі академиктер, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушы-профессорлар құрамы түгелімен қайта даярлықтан өтті. Қорытындысында, олардың бәрі дерлік халықаралық үлгідегі сертификаттарды иеленді. Содан кейін барып ұлттық менталитетті, өндіріске ауадай қажетті инженер мамандарды даярлау мектебін қалыптастырды.

Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше болғанға ұқсайды. Бакалаврларды дайындау бағдарламасы да қажетті материалдық базасыз, ескі оқыту әдістемесін енгізуден басталды. Талдау көрсеткеніндей, дайындықтың негізі француз нұсқасы, сонымен қатар ең нашар жүйесі болды. Министрлік қолынан келгеннің бәрін жасаса да, реформалар үшін нормативтік-құқықтық негіз қаланғанымен жоғары оқу орындары бұған дайын болмады. Өзімізге тікелей қатысты айтсақ, «Тасымалдау, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлік пайдалану» мамандығы бойынша оқу бағдарламаларында Ресеймен салыстырғанда біраз айырмашылықтар барын байқадық. Мысал келтірсек, Қазақстанда бакалаврларды оқытуға бөлінетін уақыт математика пәнінен 240 сағатты құраса, Ресейде ол 324 сағат оқытылады. Физика – сәйкесінше 180 және 360. Материалдардың кедергісі – 90 және 216, теориялық механика – 90-108 сағат көлемінде белгіленген.

– «Өткенсіз бүгін жоқ» демей ме? Сол айтылғандай, әрі қарайғы әңгімемізді осы саланың жоғары білікті, тәжірибелі маманы ретінде кешегі мен бүгінгіні байланыстыра отырып, жалғастырсақ?

– Сөзіңіздің жаны да, жөні де бар. Кезінде өзім  еңбек еткен Қазақ ауыл шаруашылығы институтының (бүгінде Ұлттық аграрлық зерттеу университеті) жанынан аяқталған ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізу және студенттер мен жас ғалымдарды өндіріске бейімдеу мақсатында, кеңестер Одағы министрлер кабинетінің шешімімен шағын ғылыми-өндірістік  мекеме  ұйымдастырылып, біраз жұмыс та атқарылды. Ол кезде кеңшар, ұжымшар  басшыларымен тікелей келісім шарт жасалып, жоспарлы да жүйелі іс-шаралар жүзеге асты. Бір жылдан кейін Алматы қаласында өткен Халықаралық ауыл шаруашылығының ғылыми технологиялар жетістіктері көрмесіне біздің мамандар дайындап ұсынған 4-5 жоба койылып, шетелдік әріптестеріміздің қызығушылығын туғызғаны да есімде.

Соны ескеріп, республика басшылығы осы үрдісті ілгері қарай дамыту үшін қаржылай қолдау көрсету жөнінде салалық министрлік пен мемлекеттік агроөнеркәсіп комитетіне тапсырма бергенін де білеміз.

Алайда, сәтті басталған бұл бастама  түрлі себептермен аяқсыз қалды. 1994 жылы тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет шетелге автокөлікпен жүк тасымалдау компаниясы құрылып, ол «Қытай–Қазақстан–Ресей» бағытын қамтыды. Әйтсе де, 2005 жылдан бастап алыс жолға, заманауи жүк автокөліктерімен жұмыс жасайтын кәсіби мамандар мен тәжірибелі көлік жүргізушілерінің тапшылығынан бұл шаруаны да тоқтатуға мәжбүр болдық. Сол жылы Алматыда 250 жұмысшысы бар құрылыс компаниясы ұйымдастырылып, қалада «БАЗИС-А», «ҚУАТ» корпорацияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қадамдар жасалып, бірнеше нысанның қадасы қағылып, іргетасы қаланғанына да куәміз. Бұл жолы да заманауи технологияларды жетік меңгерген  құрылыс саласы мамандарының жетіспеушілігінен оның ғұмыры ұзаққа бармады.

Осындай жағдайлардан соң университет жанынан заманауи мамандар дайындау үшін, студенттерді алғашқы күннен бастап кәсіпкерлікке, яғни алған білімін нақты іске асыруды үйрету мақсатында шағын мекемелер ұйымдастыру мәселесін де бірнеше мәрте көтердім. Әлемдік тәжірибеде дәлелденгеніндей, мұның өзі студенттердің таңдаған мамандығын меңгеріп, қалаған кәсібімен шұғылдануына кепілдік берері даусыз. Дегенмен құзырлы құрылымдар тарапынан қолдау тауып, құқықтық негіздемесі заңды тұрғыда бекітілмегендіктен жобаланған ғылыми-өндірістік инфрақұрылымдар жүйесі  құрылмады. Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы  арнайы бағдарлама әзірлеу жөнінде ұсыныспен шықты. Олар да мәресіне жетпеді.

Сайып келгенде, игі бастамалардың осылайша сәтсіздікке ұшырауына бірінші кезекте жоғары оқу орындарында белгілі бір жүйенің, жоспарлы жұмыстың жоқтығы, салаға қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлау ісінің дәйексіздігі себепші болғаны шындық.

– Осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек деп есептейсіз? Енді осы бағыттағы ойыңызбен бөліссеңіз?

– Бүгінгі талап та, талғам да басқаша. Сондықтан еліміздегі жоғары білім беру жүйесін түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Ең алдымен, студенттердің алаңсыз білім алып, ғылымды меңгеруі үшін қолайлы жағдай туғызу шарт. Мұнда өңірлерден келіп дәріс алатын студенттердің жайлы жатақханамен қамтылуы маңызды да өзекті мәселенің бірінен саналады. Теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру үшін академиялар мен университеттердің базасында ғылыми-өндірістік инфрақұрылымдармен жарақтандырылған зертханалар болуы заңдылық. Оқытушылардың да өндірістік тәжірибесінің жоқтығы мен кәсіби іс-тәжірибесінің төмендігін ескеріп, олардың да деңгейін көтерудің жолдарын қарастырған жөн. Ғылымға бет бұрған  жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оқытушы-профессорлардың еңбекақысын көбейту, басқа да жағдайларын жасау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер болып табылады.

Қазіргі таңда еліміздің әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуі қазақстандық білім беру саясатын айқындайтын негізгі құжаттарда кеңінен көрініс тауып отыр. Әйткенмен, салада қордаланған проблемалардың бәрі толығымен шешімін тапты деу әбестік болар еді.

Осыдан біраз бұрын отандық жоғары оқу орындарында студенттер білімін бағалаудың болондық жүйесі енгізілген еді. Ол жоспарлы экономикаға «жұмыс істейтін» кәсіптік білім беру саласын реформалауды өзектендірді. Мемлекеттің міндеті – білім экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, салықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық орта құру.

Осыдан заңды сұрақ туындайды: Егер бізде ірі капиталдандырылған компаниялар болса, онда олар бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін білімге, яғни ғылымға мұқтаж болар еді. Десек те, бүгінгі жағдайда мұндай кері байланыс байқалмайды. Жаңа экономиканың қалыптасуы мен дамуының маңызды алғышарттарының бірі – институционалдық ортаның жетілуі мен тұрақтылығы. Осы тұрғыда көзделген мақсатқа қол жеткізу үшін мәселені реттеп отыруға жаңа экономиканың ортасын тұрақтандыратын және реттейтін институттарды үнемі дамытуға мүмкіндік беретін тетіктер қажет.

Жаңа Қазақстан билігі осы жоғары оқу орындары жанынан студенттер мен жас ғалымдар үшін шағын бизнес құрылымдарын ұйымдастыруды қолға алса, инновациялық технологияларды ел игілігіне пайдалану мүмкіндігі артып, жастар өздерінің мамандықтары бойынша нақты кәсіби іскерлікке тез бейімделер еді.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button