Даңқты спортшыны еске алды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Ертелеу Жұбанәлиевті еске алуға арналған бірінші қалалық ашық спартакиада өтті.
Ардагер спортшы Ертелеу Көшенұлы атыраулық спортшылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында кейін жоғары нәтижелерге қол жеткізген кәсіби спортшылар да аз емес.
Бірінші рет ұйымдастырылып отырған спартакиадаға сегіз команда, атап айтсақ, Мақат, Индер, Исатай, Махамбет, Қызылқоға, және Атырау қаласындағы спорт мектептері командалары қатысып, футзал, үстел теннисі, асық ату, дойбы, арқан тартыс ойындарынан өзара үздіктерді анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатына қалалық дене-шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Айтқалиев пен №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов және Ертелеу Көшенұлының інісі Тілекқабыл Көшенұлы сөз сөйлеп, спортшыларға жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жарыста Махамбет ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі үздік ойын үлгісін көрсетті.
Үстел теннисінен І орынға Индер ауданындағы спорт мектебітің қызметкері Ерлан Өмірбеков, ал, әйелдер арасында Айгүл Отарова қол жеткізді.
Арқан тартыс ойындарынан №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы үздік деп танылса, асық атудан Индер ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірінші орынды жеңіп алды.
Дойбыдан №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Құрманбай Ашетов, пен Әйгерім Қазиева жоғары нәтижеге ие болды.
Жеңімпаз атанған командалар дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталып, кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.