ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ

«Нұр Отан» партиясының Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасы Президенттігіне ұсыну туралы шешіміне еңбек ұжымдары да бірауыздан қолдау білдіруде. Сондай жиындардың бірі жетпіс жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауытында өткізілді.

Жиынның ресми бөлімі басталмас бұрын атыраулық мұнай өңдеушілер Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінің толық түсірілімін тамашалады.  Алдымен  сөз  алған  зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен 1200 делегат қатысса, олардың 20 пайызын бастауыш партия ұйымдарының мүшелері құрағанын  атап өтті. Бұл – бұрын болмаған көрсеткіш.

– «Нұр Отан» партиясы республикалық саяси кеңесінің мүшесі ретінде партия ағымдағы жылды бастауыш партия ұйымдарын қолдау аясында өткізетіндігін атап айтқым келеді. Бүгінде партиямыздың 5600-ге жуық бастауыш ұйымы болса, оларға 850 мың адам мүше. Бұл – Қазақстандағы әрбір тоғызыншы сайлаушы деген сөз, –  деді ол. Съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы қаулы қабылдағанын, Мемлекет басшысы сайлауға түсуге келісімін бере отырып, өз кандидатурасына сенім білдіргендерге ризашылығын айтқанын да атап көрсетті.

Елбасы  қалыптасқан жағдайларға байланысты  жаңа міндеттер жүктеп, бес институттық реформа ұсынғаны белгілі. Бұл орайда зауыт басшылығы осы бес қадамды біздің еліміз дәл осы ретпен жүріп өтуі тиіс екендігін, сонда ғана реформа оң нәтиже беріп, қоғам мен мемлекет тұрақты болатынын айтты.

– Біздің зауыт осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік үдемелі-индустриалды даму бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудың үшінші кезеңіне кірісті. Біз бәсекеге қабілетті өнім өндіреміз, жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз, біздің қызметкерлер заманауи қондырғыларда жұмыс жасайды. Мемлекетімізде қабылданған бағдарламалардың арқасында біз де өңір экономикасының дамуына, мұнай өңдеу саласының өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз, – деді Қ.Оразбаев.

Сонан соң зауыт қызметкерлері де өз пікірлерін ортаға салып, Елбасының кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде ұсынылуын толық қолдайтындықтарын атап өтті.

Ақмарал Ғұсманова, Орталық зауыт зертханасы басшысының сапа жөніндегі орынбасары:

– Меніңше, бұл шешімді барша қазақстандық қуана қабыл алды деп ойлаймын. Кешегі жас мемлекетіміз бүгінде аяғынан нық тұрып, бүкіл әлемді мойындатып отыр. Бұл ретте мемлекет басшысының ерен еңбегі зор екендігіне күмән жоқ. Ол съезде ұсынған бес реформаның бір бағыты ретінде индустрияландыру арқылы ел экономикасын дамыту жөнінде айтқан еді. Осы мақсатта бізде екі индустриялық жоба жүзеге асуда. Біз алға қарай да алға қойған міндетімізді уақытында орындау үшін жұмыстанатын боламыз.

Юрий Кустадинчев, зауыт қызметкері:

– Атырау мұнай өңдеу зауыты индустрияландыру бойынша маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда хош иісті көмірсутек шығаратын кешен құрылысы аяқталып келеді. Енді мұнайды тереңдетіп өңдеу жобасын бастағалы отырмыз. Қуанарлығы сол, осынау үлкен жобаларда тәжірибелі мамандармен қатар иық тіресе жастар да еңбек етуде. Мемлекет басшысы жұмыста жасына емес, іскерлігіне қарай бағалау керектігін айтқан болатын. Міне, түрлі қызметтерде жауапкершілікпен қызмет етіп жатқан жас буын өкілдерінің қолдауы да біздің ойымызбен үндесетініне сенімдімін.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген

Рақым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз