Онлайн несие алу оңай, бірақ…

1260x490 4c200 m1 Жаңалықтар

Кез келген қаланың қай тұсында болмасын, «Жылдам ақша береміз» деген жарнамаларды жиі көретінбіз. Сонда «Ақшаны қалайша жылдам бере салады? Әлде ақша ұсынушылардың қояр талабы жеңіл болғаны ма?» деген ойға қаласың.

120714 1505 1
Фото – kredit-inf.ru

Бүгінде екінің бірінде несие бар. Кейде тіпті, 3-4-еуден келеді. Соңғы кездері «онлайн несие» деген де шықты. Жұрт енді екінші деңгейлі банктерді былай қойып, ғаламторды жаулаған микроқаржы ұйымдарына көз тіге бастаған.  Пайызы жоғары мұндай ұйымдар клиент тарту үшін «Жылдам ақша. Кез келген адамға береміз, жұмыссыздарға да» деп жар салады. Тіпті, бір фирма қаңғыбастарға да ақша беретінін жарнамалайды. Олар үшін клиент мас па, есірткі қабылдаған ба, болмаса, әлдекім күш көрсетіп, несие алдыртып  отыр ма, бәрібір екен.  Рәсімдеу жолы да  оңай. Интернеттегі сілтеме арқылы  өтініш қағазын толтырасың. Төлқұжатыңды, мекен-жайыңды, қарызды қайтару мерзімін енгізесің. Телефоныңа смс код келеді, сол сенің несиелік келісім-шартқа қол қойғаның болып есептеледі. Ақша санаулы минуттарда карточкаңа түседі.

Аталған онлайн несие жөнінде сұрастырып, алып көргендер бар екенін білдім.  Онлайн несие түрін қолданып көргендер екінші рет  алмау керектігін айтады. Интернет сайттарында  0 пайыз деп тұрғанымен, сізге ескертілмейді. Өздері қалаған ақшаны қосып, үстеме ақша  көріп отырады. «Аталған несиені алу оп-оңай көрінгенімен, тиімсіз. Одан көп ұтыламыз. Қосатын пайыздық мөлшері өте көп. Егер кешіктірген жағдайда пайыз күн сайын қосыла береді. Келісілген мерзімде  төлей алмасаң, оны   ақша төлеп  ұзартуыңа болады. Күніне шамамен мың теңгедей ақша есептеледі» дейді атыраулық Ержан Утеев.

Осы аталған ұйымдар туралы  Ұлттық банктің Атырау  филиалынан білгеніміздей онлайн несие берушілер Ұлттық банкке қарамайды екен. Олар – өз алдына жеке жұмыс жасайтын ұйымдар. Сонда олар қалай құрылды?  Несие берушілердің  жұмысын кім қадағалайды? Өте көп мөлшерде беріліп жатқан пайыздық үстемемен  халықты шығынға ұшыратпай ма?

Осы бір жағдайға тосқауыл қою керек. Өйткені, интернет онлайн несиенің қайтарымы  700-1000 пайызға дейін жетеді. Мұнысын қарыз алушыға ескертпейді екен. Қаржыдан қысылған қарызгер де ескеріп жатпайды. Алған жақсы-ау, берген қиын…

P.S. Ұлттық банкте ұйым ретінде тіркелген микронесиелік ұйымдар – банк емес. Бірақ, қаржы институттары есебінде операцияларды орындайды. Аса жоғары пайызбен қарыз беретін бұл ұйымдардың тірлігі қарапайым халыққа емес, өздеріне тиімді болып тұр. Онлайн несиені тығырықтан шығудың жолы деп оңбай қателескендердің асығыс қадамы өзгелерге сабақ болса екен дейсің…

Сіз не дейсіз?

Саламат, қала тұрғыны:

– Электронды поштама күн сайын микроқаржы ұйымдарынан хаттар келіп түседі. Әрқайсысы лезде ақша рәсімдеп, төлем картама салып беруге дайын. Мұндай несиелерге құжаттың да, кепілдің де жоғы қызықтырады. Әзірге алып көрмедім. Онлайн қарыз өте қауіпті деп жатады. Жеке куәліккке сақ болған жөн шығар. Неге десеңіз, әлдебіреудің тауып алып, атыңыздан онлайн несие рәсімдеп жіберуі оп-оңай болған жоқ па?!

Гүлдана ЖАМБОЗОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз