«Баламыздың болашағы үшін қорқамыз!..»

neoopoop Қоғам

Бір кездері ғаламтор бетінде спорттық шара кезінде гимн орындаудан бас тартқан спортшыларды көріп, жаға ұстағанымыз бар. Соңғы кездері мұндай оқиғалардың көбейгені соншалық, тіпті етіміз үйреніп кеткен секілді. Осы сөзіміз дәлелсіз емес, дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев те спорт жаттықтырушыларының арасында жат ағым өкілдері барын жасырмайды. Соңғы кездері ата-аналар тарапынан қорқыныш, келіспеушіліктер де жоқ емес көрінеді.

– Осылай жалғаса берсе, бара-бара балаларын спорттан алшақтату секілді мәселелер туындауы мүмкін. Ұжымдық намаз оқу секілді фактілер де бар, әрине, біздің өңірде емес. Десе де, елде бар. Сондықтан, арқаны кеңге салуға болмайды. Спорттық залдарды «Сергек» бейнебақылау жүйе сіне қо суды, түгелімен қамтуды қолға алу қажет, – деген ол теологпен кездесу секілді шаралардың түпкі мәселені шешпейтінін ашық айтты.

Бейнебақылаумен қамтып, одан көз айырмау арқылы ғана қауіптің алдын алатынымызды айтып, кеңес берді. Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, рейдтік шаралар кезінде ұжымдық намаз оқу секілді оқиғалар байқалмаған.

– Облыс бойынша 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, оның 9-ы қалада, 22-сі ауылда. Биыл облыстың 13 спортшысы ел Кубогі үшін өткен жарыстарда жеңіске жетіп, спорт шебері атағына ие болды. Теннис орталығында 110 бала мен жасөспірім мемлекеттік тапсырыс аясында тенниспен тегін шұғылдануда. Спорттың 26 олимпиадалық және 42 олимпиадалық емес, 1 техникалық, 11 ұлттық, жалпы 80 спорт түрін және мүгедектер спортын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр,- деді ол.

Облыс әкімінің орынбас ары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен облыстық комиссия отырысында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар қаралып, облыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сай балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында спорттық нысандар саны көбейтіліп, мамандар саны артып келе жатқанын білдік.

Жиын барысында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның жұмысы қаралды. Былтыр осы бағыта 22 отырыс өткізілген. Осыған байланысты 116 іс ювеналды полиция бөлімінің және білім беру ұйымдарының ұсыныстары бойынша қаралыпты. Ал, биыл сегіз комиссия отырысы өткізіліп, онда 47 жасөспірімге қатысты іс қаралып, оның ішінде ұзақ уақыт бойы сабаққа бармай, оқудан жалтарған жасөспірімдерді арнаулы мектепке орналастыруға байланысты комиссияның тиісті қаулысы шығып, істері сотқа жолданған екен. Сегіз ата-ана баланың тәрбиесі мен білім алуы бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін атаана құқығынан айыру және шектеу туралы қаулы шығып, сотқа жіберілсе, төрт жасөспірімге тәртібін түзеу үшін сынақ мерзімі беріліпті. Ал, үш атаана «Атырау облыстық наркологиялық диспансері бөліміне» 30 күн мерзімде ем қабылдауға жатқызылған.

Бұл туралы хабардар еткен қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың сөзінше, жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап полиция есебінде тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығатын көрінеді. Ол ата-анасы намаз оқуға мәжбүрлеп, қысым көрсеткеннен кейін 14 жастағы қызы үйінен қашып кеткенін жеткізді. Бүгінде ата-анасы уақытша ата-аналық құқығынан айырылған екен. Осы орайда әріптесінің сөзіне пікірін қосқан Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев ханафи мәзҺабын ұстанатын отбасында да осындай бағыттағы оқиға кездескенін айтты. Тіпті әлеуметтік желілерге де тарап кетіпті. Зерттеле келе жасөспірімнің қолының сұғанақтығы болғаны анықталған. Ол ақталу үшін осылай өтірік айтқан көрінеді.

«Сол себепті, мұндай теріс ақпарат тарамауы үшін оқиға нақты зерделенуі қажет» деді басқарма басшысы. Жиында оқушылардың жазғы каникул кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағыты да қамтылды. Биыл жазғы демалыспен 7-14 жас аралығындағы балалар қамтылады. Оның 135 402-сі жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедек және мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушылары.

– Жазғы тынығуға 149 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі, үш қала сыртындағы лагерь қарастырылуда. Мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерьлерде 8466 бала демалады деп жоспарланып отыр. Тамақтандыру лагерімен 65644 бала қамтылмақ. Үш қала сыртындағы лагерьге 2988 баланы қамту жоспарланды,- деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.

Жиын соңында көтерілген мәселелерге байланысты облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз