Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚұқық

Мал ұрлығына тосқауыл қою қиын ба?

— Сенаторлар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалда еліміздегі мал ұрлығына тосқауыл қоюға байланысты қатаң шаралар қабылдауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20190131141335

«Депутаттық сауалға бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жарияланымдар және әлеуметтік желілерде бөтен мүлікті ұрлаудың жиілеп кеткен фактілері туралы талқылау себеп болып отыр. Қылмыс деңгейінің өсуі азаматтардың белгілі бір наразылығын тудыратыны жалпыға мәлім. Бөтеннің мүлкін ұрлау, атап айтқанда пәтер ұрлығы мен мал ұрлығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Аталған қылмыс түрлері азаматтардың жеке аумағына және тұрғын үйлеріне енуімен байланысты, бұл материалдық зиян келтіруден басқа азаматтардың денсаулығына моральдық-психологиялық зиян келтіреді», — деді депутат Нұрлан Қылышбаев Сенаттың жалпы отырысында. Осы орайда, ол мал ұрлығынан болған шығын қомақты сомаға жеткенін атап өтті. «Бүгінгі таңда Алматы облысында өте күрделі және үрейлі жағдай қалыптасып отыр. 2018 жылы тіркелген қылмыстар саны бойынша бұл аймақ республика көлемінде екінші орында, ал Алматы қаласы бірінші орында тұр. Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының аумағында 17 350 бөтен мүлікті ұрлау фактісі тіркелді. Бұл ретте аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші өткен жылы тек 32 пайызды құрады. Соның ішінде 1 338 мал ұрлығы тіркеліп, оның 44 пайызы ашылды. Келтірілген материалдық шығын 157 миллион теңгені құрады, 1 843 бас мал ұрланды. Облыс бойынша 422 адам ұсталып, оның 239-ы бұрын осы ұрлық жасағаны үшін тартылған. Әрбір үшінші мал ұрлығы жеке аулада жасалған», — деп нақтылады Н. Қылышбаев. Оның атап өтуінше, ұрлыққа қарсы іс-қимылдың тиімсіздігі тек полиция қызметі ғана емес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамның күш-жігерін талап ететін күрделі мәселелердің бірі болып отыр. «Мал басын есепке алуды, таңбалау, сырғалау,чиптеу жұмыстарын күшейту, ветеринариялық анықтамалар мен паспорттарды беруді қатаң бақылауға алу секілді қажетті шаралар қабылдау керек. Тиісті органдар күдіктілерге қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шараларын қолдану қажет. Көп жағдайда күдіктілерге қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат» немесе «кепіл» қолданылады. Осы себептен ұрлық жасауға негізделген күдіктілердің 5 мыңнан астамы бостандықта қалуда», — деді депутат. Осыған байланысты сенатор Үкімет басшысынан тиісті ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру мен басқа да шараларды күшейтуге бағытталған тиісті өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу және бастамашылық жасау жөнінде тапсырма беруді сұрады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button