«Дәулеттің» жаңа өнімі
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы қарсаңында атыраулықтар тағы бір жағымды жаңалықтың куәсі болды. Бұған дейін де кәсіпкерлік саласында табысты қадамдарымен танылған «Дәулет» индустриалды аймағы мереке алдында макарон цехын ашып, жаңа өндірісті жолға қойды. Оның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты. Ол кәсіпорын ұжымын Тәуелсіздік тойымен және жаңа цехтың іске қосылуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
— «Отандық кәсіпкерлік – жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші» деген Елбасының сөзін іс жүзінде дәлелдеуді мақсат тұтқан бизнес субъектілерінің санатында дәл осы «Дәулет» жеке индустриалды аймағын атауға болар еді. Осыған дейін өз қызметін бірнеше бағытта жүргізіп, отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың қатарына қосылып, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясына белсенді атсалысып, жаңа өндірісті жолға қойды. Ол – бүгінгі күні тұсауы кесілгелі отырған макарон өнімдерін шығару цехы. Еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жобаның да болашақта халықтың игілігіне қызмет етіп, сұранысын қанағаттандыратындығына сенім мол. Ендеше іске сәт, — деді Ғұмар Ислямұлы.
Бұдан кейін «Дәулет» жеке индустриалды аймағының директоры Сүлеймен Ақдрашев құттықтау сөз сөйледі. Жаңа нысанның тұсауы салтанатты жағдайда кесілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мұндағы өндірістік процестермен танысып, дайын өнімдерді көзімен көрді. Біткен іске оң бағасын берді.
Білгеніміздей, Қазақстанның даму банкі арқылы қаржыландырылған бұл нысанның жобалық құны – 1144,2 млн. теңге. Жылдық қуаттылығы 14,6 мың тоннаны құрайтын жаңа өндіріс ошағында макарон өнімдерінің 9 түрі (сағатына 2 тоннаға дейін) шығарылады. Қазірде мұнда жиырма адам тұрақты жұмыспен қамтылса, келешекте толық қуатына еніп, ауысымдық әдіске көшкен кезде олардың саны да артпақ.
Дәулетқали АРУЕВ