Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Дәріс берудің жаңа үрдісі

 Ұлт жоспары аясында елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалды. Дәстүрге айналған білім беру қызметкерлерінің қалалық тамыз кеңесінің тақырыбы да «Білімді ел – Мәңгі ел» деп аталды.

САН ЕМЕС,САПА КЕРЕК

  Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс орталығының ұстаздары қауымы жаңа оқу жылында ұстанар бағыт-бағдарды анықтады. Болашақты қалыптастырушы – педагог мамандар мен оқушылардың алдағы бірлескен жұмыстары зерделеніп, жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен межелі міндеттер сарапқа салынды.
Кеңестің алғашқы сөзін алған Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов өңірдің білім саласындағы жетістіктерімен қоса, орын алған олқылықтарға да көбірек тоқталды.
«Өткен жылы білім саласына 12 млрд.-қа жуық қаражат бөлінсе, биыл 16 млрд.-қа жуық қаржы қарастырылуда. Ендігі міндет – материалдық базаны жасап қою ғана емес, нәтижесін көру. Салынғанына үш-төрт жыл болған мектептердің шатырынан су кетіп, қабырғасының жарылуына салғырттықтың себеп болғанын айту керек. Бұл сол жердегі басшылардың мемлекет қаржысын дұрыс пайдаланбағанын көрсетіп отыр» деген Серік Жамбылұлы жаңа оқу жылында кейбір мектептерде үш ауысымда оқыту енуі мүмкін екенін айтты.
Күні бүгінге дейін 8 мектепте сыйымдылығынан жоғары 12800 оқушы білім алып келген. «Мәселен, Көкарна елді мекеніндегі 320 орындық мектепте 1180 бала оқып жатыр. Сонымен қатар, облыс орталығында тоғыз мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Қазір құрылысы жоспарланған 11 балабақшаны іске қосқанда да, кезекте тұрғандардың үштен бірін ғана қамтиды екенбіз» деген ол білім деңгейін де сынға алды. Өткен оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа көрсеткіш 70,8 пайызды құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, он пайызға жоғарылау бар. Алайда, «Алтын белгіге» үміткер 24 шәкірттің он екісі ғана өз білімін дәлелдеді. «Бұл көрсеткішке қарап, қаладағы мектептердің білім деңгейін әлі «орташа» деуге болады» деді ол.
«Қашанда жұрттың аузында жүретін №16, 17 және ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейі ғана бар. Басқаны неге атамаймыз? Қалған елу мектептің жұмысы қайда?» деген Серік Шәпкенов санға емес, сапаға қарай жұмыс жасауға шақырды.

АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ КІМДЕР ОҚИДЫ?

 Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова 2016-2019 жылдарға бағытталған жаңартылған білім беру жүйесі мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын баяндады.
«2019 жылы 10-11 сыныптарда жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тілінде оқыту басталады. 1-9 сыныптарда оқыту жүйесі өзгермейді. Биылғы оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгерді. Мектеп бітірушілер екі кезеңде білім сынағынан өтеді. Оқу жылында 5200 пән мұғалімі бейіндік оқу курсынан өтпекші» деді Нұрсәуле Сайлауқызы.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаевтың айтуынша, биыл мұғалімдердің жалақысы 29 пайызға өскен. «Қала бойынша бірінші сыныпқа дәріс беретін 548 мұғалім Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогикалық шеберлік сыныбынан өтті. Деңгейлік, пәндік курстардан да мыңға тарта ұстаздар қауымы білімдерін жетілдірді. Алдағы бес жылда үш мыңға жуық мұғалім осылайша біліктілігін көтеру курсынан өтеді деп жоспарлануда» деді ол.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

• Тамыз мәслихаты барысында бір топ ұстаз Атырау қаласы әкімінің және қалалық мәслихаттың, облыстық білім беру басқармасының Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен №33 орта мектептің директоры Жеміс Бапаева марапатталды.

• Шара барысында республикалық педагогикалық қызметкерлердің тамыз кеңесінде ҚР Премьер Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның қолынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алған №2 орта мектептің директоры Вера Миденоваға ерекше құрмет көрсетілді.

* ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы №17 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Наталья Струняшеваға, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия мұғалімі Роза Дәулетьяроваға, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты №9 орта мектептің мұғалімі Роза Барақайқызына, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының Құрмет грамотасы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айғаным Махметоваға табыс етілді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button