Жаңалықтар

Мүмкіндікті шектейтін пандустар

Білім  беру нысандары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте қолайсыз. Бұл «Нұр Отан» партиясы  Атырау қалалық филиалы ұйымдастырған рейд барысында белгілі болды.

Саяси ұйымның Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Әділбек  Зайдуллин,  мәслихат депутаттары  Әнуарбек Салихов, Муса Хайруллиев, қалалық  білім, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері өкілдерінен тұратын топ білім беру нысандарын аралап, бірқатар кемшіліктер анықтады.

пандус

Мәселен, Ю.Гагарин атындағы №4 мектепте пандус тек көзбояушылық үшін орнатылғандай әсер қалдырды. Өйткені, биік табалдырықтан  адамның көмегінсіз мүгедек арбасымен  өту  мүмкін  емес. Әупірімдеп ғимараттың ішіне кіргеннің өзінде арнаулы дәретхана, екінші қабатқа көтерілетін жол да жоқ. Мектеп директоры мұны қаражат жоқтығымен байланыстырады.

Ал, №6 балабақшада пандус мүлдем жоқ болып шықты. Мектепалды мекемесінің басшысы оны стандартқа сай емес болғандықтан алып тастағанын айтты. Бірақ, биыл жүргізілетін жөндеу жұмыстары кезінде пандусты  қалыпқа келтіруге уәде берді.

Облыс орталығындағы №17 балабақшаның да пандусы жәй есеп үшін салынғандай. Мүгедектер үшін қолайсыз пандус биік табалдырыққа барып тіреледі. Жоғарғы қабатқа мүлдем жол жоқ.

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Зайдуллин кемшіліктер анықталған нысандар бойынша қыркүйек айында тағы да  рейд жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Қалалық білім бөлімінің өкілі Жазықбай Асановқа аталған мекемелерден нысандарды бейімдеуге ұсыныстар қабылдап, олардың  қанағаттандырылуын қадағалауды тапсырды.

Айта кету керек,  2017 жылы облыс бойынша 506 нысанды  бейімдеу жоспарланып, күні бүгінге дейін тек оның 36-сы бейімделген. Ал, Атырау қаласы бойынша 58 нысан құжатталмаған.

Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА,

«Нұр Отан» партиясы

Атырау облыстық

филиалының баспасөз хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button