Дәріханаларда адам өміріне қауіпті препарат сатылып жатыр
Atr. kz / 14 – ақпан. Қазақстанның дәріханаларында адам денсаулығы үшін аса қауіпті дәрі сатылып жатыр. Бұл жайында «Эреспал» препаратын өндірушілердің өзі хабарлаған.
Sputnik сайтының мәліметінше, аталған дәріні астма және тыныс алу жолдары дертіне шалдыққан науқастар пайдаланады. «Зерттеулер көрсеткендей, «Эреспал» жүрек қызметінің жұмысына зиян келтіріп, тіпті тоқтатып тастауы да әбден мүмкін. Бұл туралы дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығы мәлімдеді» делінген хабарламада.
Назар аударарлығы, Франция мемлекеті бұл препаратты дәріханаларынан жаппай тәркілеп жатыр. Процесс Ресей елінде де басталған. Ал, Қазақстанда қауіпті дәрі әлі күнге дейін сатылуда. Дәрі-дәрмектердің мемлекеттік реестрінде «Эреспал» препараты «қайта тіркеу» мәртебесіне ие. Демек, тәртіп бойынша оны сатуға болмайды. Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығы бұл жайттың дәріге қатысты жаңа зерттеулерге байланысты емес екенін атап өтті.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, «Эреспалмен» бірге Қазақстанның дәрі нарығынан құрамында фенспирид заты бар басқа да препараттар жойылуы мүмкін. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрілерді қолданыстан шығару туралы әлі түсініктеме берген жоқ.