Дәрігерлер нашақорлықтан метадон құтқарады деген тоқтамға келіп отыр
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап облыстық наркологиялық диспансерде есірткіге тәуелділер үшін героиннің орнын алмастыратын метадон терапиясымен емдеу бөлімшесі ашылады. Алдын ала жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, Атырау облысындағы диспансерге тізімге алынған инъекциялық жолмен есірткі қабылдайтын 178 адамның әзірге бесеуі терапияны қолдануға келісімін берген. Бұл туралы Атырау медициналық колледжінде республикалық дәрежедегі сарапшылардың қатысуымен өткізілген «дөңгелек үстелде» кеңінен әңгіме болды.
Дәрімен салыстыруға келмейді
Сарапшылардың айтуынша, елімізде метадон терапиясымен емдеу туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданған, заңды құжаттар негізінде 600 есірткі қолданатын адамды емдеу қа-растырылуда. Ол үшін міндетті түрде өзінің немесе туыстарының келісімі болуы шарт. Сондай-ақ, оның бұған дейін қай жылдан бастап есірткіні қолданып келетіні маңызды емес, ең бастысы азамат кәмелеттік жастан асуы қажет. Қазіргі кезде Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Өскемен, Қостанай, Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент пен Ақтауда аталмыш емдеу тәсілі қолданылып, жүзеге асуда.
Жобаның бас сарапшысы, «Аман-саулық» қоғамдық қорының директоры Бақыт Түменованың айтуынша, метадонды түсіндіру туралы іс-шара Атырау облысында осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алайда, метадон туралы өңірдегі наркологиялық диспансердің де, өзге емдеу мекемелерінің де түсініктері әлі сол күйінде. Нашақорлар бірден емделіп, сауығып шықпайды, керісінше жоба аясында есірткіге емес, кәдімгі дәрілік затқа тәуелді болып қалады. Көпшілігі бір ішкенде жазылып шығатын басқа дәрілермен салыстырады. Бұл – қате пікір.
Тәулігіне – 180 теңге
– Өздеріңіз ойлап көріңіз-дерші, сонау сексенінші жылдары елімізде нарколог-дәрігерлер өздігінен пайда болды. Өйткені, сол жылдары есірткіге құмар жастар көбейді. Оларды қалай емдеу керектігін, есірт-кіден қалай бас тарттыруға болатынын білмедік. Шешімі табылмаған ғасырдың дерті деп қана қараған едік. Соның салдарынан елде төбелес, ұрлық-қарлық, жұмыссыздық кө-бейді. Есірткі қолданатындардан СПИД ауруы өрши түсті. Өлім саны артты. Қазір керісінше, есірткіге тәуелділікті жоятын метадон емі енгізілуде. Ерекшелігі, инъекция түрінде емес, кәдімгі сұйықтық ретінде беріледі, — дейді Б.Түменова.
Есірткіні негізінен тұрғындардың жұмысқа белсенді тобы 15 пен 49 жас аралығындағы адамдар пайдалануға бейім келеді екен. Метадон сұйықтығы препаратының бағасы – 180 теңге. «Бұл кәдімгі наркологиялық дәстүрлі емге қарағанда өте арзанға түседі» деп сендіреді сарапшылар. Айта кетелік, метадон препаратын есірткі қолданушысы күнде таңертең дәрігердің тағайындауы бойынша ішеді. Үйге алып қолдануға тыйым салынған. Соған қарағанда артық ішсе, зияны да болып тұр.
Диспансерде даярлық сақадай-сай
Облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Меңдібай Досқалиев өз кезегінде «метадонмен емдеу» бөлімше-сін ашуға дайын екенін айтып отыр. Бөлімше диспансердің бірінші қабатында болады. Арнайы жабдықталған кабинеттердің сыртқа шығатын есіктері де бөлек-бөлек орналас-қан. Онда төрт штат бойынша дәрігер-нарколог, медбике, психолог және әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Метадонмен емдеу терапиясы бойынша іс-тәжірибе негізінен көршілес Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының нарколог-дәрігерлерінен алынбақ.
Бүгінгі таңда Атырау облысындағы наркологиялық диспансерге тіркелген 838 адам болса, оның 178-і – инъекциялық есірткі қолданатындар. Жиын барысында аталмыш диспансердің де өзіндік мәселелері айтылды. Біріншіден, нарколог-дәрігер тапшылығы сезілуде. Оның үстіне ғимараттағы техникалық-материалдық жабдықтардың жағдайы да жақсы емес.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткімен және қылмысқа қарсы күрес басқармасының ұлттық үйлестірушісі Сигне Ротберга басқосуда есірткіге тәуелді адамдарға науқастар сияқты қарамау керек екенін айтты.
– Метадон терапиясы есірткіге тәуелді адамдарға әлеуметтік психотерапиямен байланыста берілсе, нәтижесі де бар. Өйткені, мейірім мен жақсы қарым-қатынас, сөзбен емдеу де тәуелділіктен құтылуына да себепші болады. Емдеу тәсілінің жақсы жағын мамандар туыстарына, жақындарына түсіндіруі қажет. Нәтиже-сінде, тұрмыстық қиындықтар реттеліп, қылмыс қатары азаяды. Сондай-ақ, наркология мен психиатриялық жұмыстың арасында тығыз байланыс орнайтыны сөзсіз, — дейді әлемдік сарапшы С.Ротберга.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА