Дәрі-дәрмек неге қымбат?
Парламент Мәжілісінің депутаттары Сәкен Қаныбеков пен Мансұрхан Махамбетовтың Индер ауданына сапары Бөдене ауылдық округіндегі жаңадан салынып жатқан балабақша, мәдениет үйі, амбулатория және «Рухани орталықпен» танысудан басталды.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында депутат Сәкен Қаныбеков Парламент Мәжілісінің үшінші сессиясында Мемлекет басшысының еліміздің тұрақты дамуын және ұлттың мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық шешімдерін, Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттер туралы әңгіме өрбітті. Парламентте 84 заң қабылданып, олар Сенаттан қолдау тапқан.
Ал, Мансурхан Махамбетұлы соңғы сессияда газ және газбен жабдықтау мәселелерін реттеу, цифрландыру мен бизнес үшін кедергілерді азайту, кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше қолайлы жағдайды қалыптастыру бағытындағы заңдар талқыланғанына тоқталды. Салық, кеден кодекстері бюджет заңнамасы жаңғыртылғанын, қаржы ұйымдарына тиімді бақылау орнату, бұл тұрғыдағы Ұлттық Банктің қызметін же-тілдіруге бағытталған өте маңызды заңдардың қабылданғанын айтты.
Кездесуде еңбек ардагері Өсер Кенжебаев дәрі-дәрмектің қымбаттығына, ауылда қажетті дәрілердің тегін берілетін тізімде болмайтындығына ренішін білдірді. Тұрғындардың бірқатары соңғы жылдары Жайық суының азайып, арнасының тартылуын, жағалауындағы тоғайлықтың, шөптің құнары жылма-жыл нашарлап бара жатқанын, «Атырау-Индер» бағытындағы жол бойында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша депутаттар өз ой-пікірлерін жеткізіп, сұрақтарына жауап берді. Индер ауданының әкімі Серік Арыстан аудан көлеміндегі жолдардың сақталуы, Жайық суын тиімді пайдалану, табиғатты қорғауға қатысты мәселелердің тиісті заңдылықтар деңгейінде шешімін табатынына сендірді.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.