Еңбек ер атандырады

detail 93d3aec47b8ade35701b4fcd958d4248 Жаңалықтар

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Бүгінгі тоқшылық заманда еңбекпен тапқан нанның қадірін білмей жататынымыз бар. Әсіресе, жастар жағы бар жұмыстан бас тартып, жоғары лауазымға ұмтылатынын қайтерсіз? Осы орайда, біз Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы  Гүлболат Аманғалиеваны сөзге тартқан едік…

– Бүгінде жастарға қолдау танытудың тың тәсілі табылды, – дейді ол. – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жобасы жүзеге асып отыр. Өйткені, оқуды ойдағыдай аяқтап, дипломын қойнына қысқан түлектердің бәрі бірдей еңбекке етене араласып кетуі екіталай екені рас.

Мәселенің екінші жағын ескерсек, жұмыссыздық та жемқорлық сияқты қоғам дерті емес пе? Тамырына балта шапқанның өзінде де күн тәртібінен түсе қоятын жеңіл жүк емес. Мұны мойындау керек. Ал, мемлекет тарапынан бұл «аурудың» алдын алудың жаңа жолы ұсынылып отыр. Осылайша, ауадан алына қоймайтын тәжірибеге мұқтаж жастардың жағдайы енді жақсара бастады. Осы орайда, «Жастар тәжірибесі» атты былтыр бастау алған бағдарлама берері мол екенін дәлелдеп те үлгерді. Бірақ, қол шапалақтап қуануға әлі ерте.

«Жастар тәжірибесі» оқу аяқталғаннан кейін үш жыл мерзім ішінде меңгерген мамандығы бойынша (техникалық және кәсіптік, орта білім мен жоғары оқу орнынан кейінгі) түлектермен жүргізіледі. Яғни, жиырма тоғыз жасқа толмаған жұмыссыздарға арналған.

– Жастар арасында жұмыссыздықты жою, оларға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі, – дейді ол. Бұл бағдарлама жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жатады. Жастар арқылы алға ілгерілеуші азаматтық қоғам қалыптастыра аламыз. Қазір жастар арасында «Жастар тәжірибесіне» қызығушылық артып, зор сұранысқа ие болуда.  

«Жастар тәжірибесінен» өту үшін халықты жұмыспен қамту орталығына бару керек. Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес өтініш беру қажет. Осыдан соң, бос жұмыс орындары бойынша (жасалынған еңбек шартының мерзімі біткенге дейін) жұмыс беруші мен «жастар тәжірибесінің» қатысушысы екеуара келісімге келеді. Сондай-ақ, еліміздің Еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде тұрақты жұмысқа қабылдану туралы «бұйрықтың» көшірмесі берілуі тиіс.

Республикалық немесе жергілікті бюджеттерден субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды. Талап бойынша «Жастар тәжірибесіне» қатысушылар 29 жастан аспаған және мамандық бойынша 3 жыл ішінде жұмыс жасамаған болуы тиіс. Еңбек ету мерзімі – 6 ай. 25 айлық есептік көрсеткіш, бұл қазір – 63 125 теңге болса, сонша көлемде еңбекақы төленеді. Сәйкесінше, зейнетақы, әлеуметтік аударымдары да жасалынады екен.

Гүләлия ИГІЛІКОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/15-my%d2%a3-zha%d2%a3a-zh%d2%b1mys-orny-kaspij-%d3%a9%d2%a3irinen-%d2%9b%d2%b1rylma%d2%9b/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз