
Цифрлық дәуірдің жаңа шындығы
Қазір жасанды интеллект (ЖИ) бүкіл әлемде білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Зерттеулерге сүйенсек, алдағы 3-5 жыл ішінде оқу орындарының 75%-ы ЖИ технологияларын оқу үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр. Бұл үдерістің табысты жүзеге асуы ең алдымен оқытушылардың жаңа технологиялармен жұмыс істеуге дайындығына байланысты.
Көптеген педагог жасанды интеллект олардың рөлін алмастырады деп алаңдайды. 2024 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, мұғалімдердің 68%-ы кәсіби қызметінің қысқаруынан қауіптенетінін айтқан. Сонымен қатар, оқыту сапасының төмендеп, адами байланыстың әлсіреуінен қорқу да бар.
Алайда ЖИ оқытушыны алмастыру емес, оның жұмысын жеңілдету және тиімді ету үшін жасалған құрал. Мысалы, ЖИ көмегімен әр студентке жеке оқу траекториясын құруға; тапсырмаларды автоматты түрде тексеруге; оқу материалдарын жылдам дайындауға; үлгерімді талдап, проблемалық аймақтарды анықтауға болады. Сонымен бірге, ЖИ оқытушының рөлін өзгертеді: ол ақпарат берушіден ментор, фасилитатор, студент дамуының жетекшісіне айналады. Ал басты басымдық – адами қасиеттер: эмпатия, шығармашылық және сыни ойлау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «заманауи білім беру жүйесі елдің дамуының негізгі факторы» екенін ерекше атап өтті. Ел Президенті цифрландыруды тереңдетіп, жасанды интеллектті кеңінен енгізудің маңызын көрсетті. Бұл бағыттағы басты мақсат – ұлттық адами капиталды дамыту және білімді ұлт қалыптастыру.
Демек, педагогтарды ЖИ-мен жұмыс істеуге даярлау – білім беру жүйесінің мәдени трансформациясы. Бұл өзгеріс ұстаздың мәртебесін төмендетпей, керісінше жаңа деңгейге көтереді: дәстүрлі ақпарат жеткізушіден – заманауи менторға, жеке тұлғаның дамуына бағыт беретін жетекшіге айналдырады.
ЖИ-ді тиімді пайдалану үшін мұғалімдерге мынадай үш бағытта қолдау қажет: цифрлық сауаттылық, ідістемелік құзыреттілік; психологиялық бейімделу.
Жасанды интеллект – педагог мамандығына қауіп емес, оның мүмкіндіктерін кеңейтетін сенімді серіктес. ЖИ-ді дұрыс меңгерген мұғалім шығармашыл әрі студенттің жеке дамуына көбірек көңіл бөле алады. Бұл – Президент Жолдауында айтылған «Білімді ұлт» идеясын жүзеге асырудың нақты қадамы.
Толғанай МЫРЗАГЕЛДІ,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы