Көрісу күні шын мәнінде қалай атап өтіледі?

6k Жаңалықтар

Көрісу – халқымыздың ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, кішіпейілдікке, бірлікке, татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелейтін, ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін дәстүрлі мереке. Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың бастауы болған Амал мерекесінде адамдардың бұрынғы өкпе-реніштерінің бәрі кешіріліп, араздық ұмытылады. Сөйтіп, бұл татуласудың дәнекері, жаңа өмірдің бастауы болып табылады. Қос қолдап амандасып, төс түйістірудің де өзіндік мәні бар. Бұл өмір тірегім – төсім, тіршілік көзі  – екі қолым аман-сау болсын дегенді білдіреді. Жылы жүректерден шыққан игі тілектер көпшілікті жақсылыққа бастайды.

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімсіреп көрісіп, құшақтасып…» демекші, көптен күткен Наурыз мерекесі жақындап келеді. Батыс аймақта мереке Көрісу, Амал мерекесінен басталатыны белгілі. Қар еріп, қыстан аман-есен шығып, жер жіби бастағанда айналадағы ағайындармен, жақын-жуықпен ерекше қауышуға арналған бұл салттың мәні зор. Жалпы, бұл күн қалай пайда болған? Бірлік пен татулықты ту ете отырып, осынау дәстүрді күллі қазаққа жаңғыртудың жолы қандай?

Қазақ халқының түп тамырының негізі – бұл тағылымы мол тарих, дәстүрі үзілмей келе жатқан әдет-ғұрпы пен мәдениеті. Бүгінде осынау қағидаларды, яғни ескіні жаңғыртып, жаһандану процесінде төтеп беретіндей ұлт қалыптастыру бағытында рухани дүниені байыту алға қойылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл талап-міндеттерге зер салсақ, Көрісу мерекесінің маңызы айрықшалана түседі.

Бұл күні кейінгі буын өкілдері жасы үлкендерге арнайы барып сәлем береді. Өйткені, кең даланы жайлаған ата-бабалар үшін қыстан аман шығудың маңызы зор болды. Ал, көктем келіп, Жер-Ана жаңарған шақта адамдар бір-бірімен сағынысып көріседі. Бұл кезеңде көпшілік ағайын-туыстың амандығын тілейді. Бүгінде аға ұрпақ өкілдері осынау көне дәстүрді әлі де ұлықтай түсу қажеттігін айтып жүр. 

– Қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – Көрісу күні. Ал, бұл күнді атап өту тек елдің батысында ғана сақталған. «Әр жердің салты басқа…» демекші, өзге өңірдің тұрғындары біздегі бұл дәстүрге таңырқай қарайды. Бірде Атыраудағы қол алысып көрісу салтын ең алғаш көрген тараздық әйелдің «біздің жақта қайғы-қасірет болғанда жұбату үшін ғана қол алысады» дегені бар. 

Негізінде, көрісу дәстүрінің бір мағынасы өмірден өткен марқұмның туыстарына көңіл айтуға келген адамдар сол үйге кіргенде дауыс салып жоқтау айтып, қайтыс болған адамның туыстарымен құшақтасып көріседі. Екінші мағынасы – Наурыздағы көрісу. Оның мәні бір бөлек. Бұл наурыздың 14-інен басталады. Себебі, осы кезең жаңа жылдың бастауы.

Ертеден келе жатқан ұғым бойынша бұл уақытта дала көгеріп, қырдағы сарышұнақ інінен бір көрініп, қайтадан кіріп кетеді екен. Бұл күнге аман-есен жеткені үшін 14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен әжелерге, үлкендерге көріседі. Бірін-бірі құттықтап, ер адамдар қос қолын беріп, төс қағыстырады. Ал, әйелдер бір-бірімен құшақ айқастырады, – деген ардагер ұстаз, Мақат ауданының Құрметті азаматы Дәмен Алтаева айтулы күннің өзіндік мәні барын атап айтты. 

Осынау игі дәстүр өңірде, әсіресе қаймағы бұзылмаған Қызылқоға ауданында ерекше қалыптасқан.

– Мен Абай ауылының байырғы тұрғынымын. Бұл аймақта көрісу ғұрпын үлкендермен қатар, жас балалар да асыға күтеді. Таң атысымен балалар топтасып ауылдағы үйлерді аралап, үлкендерге «бір жасыңызбен!» деп көріседі. Жеткіншектердің келгеніне риза болған қариялар қолындағы бар тәттісін ұсынып, ықыласпен тілектерін жаудырып, «жасың құтты болсын, айналайын!» деп ақ батасын береді. Бұл өңірде осы үрдіс әлі де жалғасып келеді, – деді көпті көрген ақжаулықты ана Лия Қилашева.

Бүгінде Көрісу күнінің шығу тарихына қатысты ғалымдар әрқилы пікір айтып жүр.  Этнограф Серік Ерғалидың айтуынша, ескі жылдың 90 күндік қысқы маусымы аяқталып, 13 наурызда ел ескі жылмен қоштасады. 14 наурызда жаңа жыл кіреді, ал 22 наурызда күн мен түн теңеледі.

– Көрісу ғұрпы тек 14 наурызбен шектелмейді, ол бір айға созылуы мүмкін. Өйткені, наурызнама айға созылған.  Демек, бұл ғұрыпқа бір күнді байлап, этноқұндылықтың қадірін төмендетуге болмайды. Керісінше, бұның әлемдік деңгейдегі қадірі мен құнының жоғарылығы – қазақта мүшелдік жаңа жылдың болғаны және оның 14 наурызда екендігін білдіреді, – деп жазады С.Ерғали.

Татулық пен бірліктің, ізеттілік пен мейірімділіктің, ауызбіршілік пен кішіпейілдіктің нышаны саналатын ұлық мерекені өңірдегі өзге ұлт өкілдері де ерекше құрметтейді.

 – Бұл – қазақ халқының татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше дәстүрінің бірі. Тамырын тереңнен тартқан халықтың осындай құндылықтардың арқасында қазір Қазақ елі әлемдік аренада айшықты орнын алды. Бұған басты негіз – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, халықаралық және ұлтаралық татуластық болып табылады. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері қашан да қазақ халқына бас ие отырып, оның салт-дәстүрін де ерекше бағалайды. Соның ішінде Көрісу күнін біз асыға күтеміз. Бұл күні үй ішінде жыл сайын ерекше мереке бастау алады. Осындай игі дәстүрдің мәні мен маңызын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыру бізге парыз. Батыс аймағында кеңінен қолданыстағы осы дәстүр алдағы уақытта барша Қазақ даласына, оны мекендеген әрбір ұлт өкілінің бойына дарыса, қандай ғанибет! – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлсина Байкенова.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Жандарбек КӘКІШЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Мерекенің маңызын айшықтай түссек…

– Бала жастан қазақтың осы игі дәстүрін бойға сіңіріп өстік. Кейін Атыраудан түлеп ұшып, алыста жүрсек те, осы қазақылығымызды бір сәт те ұмытқан емеспіз. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрсақ та, 14 наурыздан бастап ағайын-туысты жағалап, көрісеміз. Пандемиядан бұрын 400-ге жуық азамат елорданың төрінде бас қосып, сағынышпен көріскен едік. Оның ішінде өзге өңірлердің де азаматтары болды. Олар бұл дәстүрге сүйсіне қарады. Арамызда осы ғұрыптың мәні мен маңызын ұққан солтүстіктің өкілдері де аз емес-ті. Олар жыл сайын бізбен көрісуді әдетке айналдырып жүр. 

Ал, өзіміз әр жыл сайын туған жерге келіп, үлкендермен көрісеміз. Бұл дәстүрді кеңінен жандандыру үшін ұрпақтардың да бойына дарытып жүрміз. Атаулы мерекенің мәні дастархан жайып, қонақ күтумен ғана шектелмеуі тиіс. Ең алдымен, қыстың қаһарынан аман-есен шыққанымыз үшін Жер-анаға ризашылық таныта отырып, қоршаған ортаға тазалық жұмыстарын жүргізіп, көшеттер отырғызылуы тиіс. Барша ағайын сағыныса көрісе жүріп, осындай игі істердің бастаушысы болса, қандай ғанибет! Ал, осы күннің маңызын айшықтай түсу үшін әлі де мерекеге біраз реңк берген абзал. Өйткені, өзімізді-өзіміз жандандырмасақ, ұлттық құндылығымыз ақсап қалары анық. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз