Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Чехословакияда қалған боздақ

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Ұлы Отан соғысы кімді қайғыдан қайыстырмады, сұм соғысқа аттанған қаншама боздақ туған жеріне оралмай қалды?!

Соның бірі – менің ағам Әнес Ғабдісәлімұлы. Ол кісі 1925 жылғы 15 мамырда бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Жаманқала, қазіргі Махамбет поселкесінде дүниеге келген. Жанұяда үлкені болғандықтан, әкем Ғабдісәлім мен анам Файруза оған көп жауапкершілік жүктейтін. Әнес ағам зерек, білімге ынталы, өз дегенінен қайтпайтын, озат оқушы болды.

Мектепте комсомол ұйымын басқарды. Фашистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған кезде ер азаматтармен бірге жастар да Отан қорғауға сұранды. Солардың бірі – Жаманқала мектебінің комсомол белсендісі Әнес ағам. Ол өз еркімен сұранып, 18-ге толмастан, 1943 жылғы 23 ақпанда соғысқа аттанды.

Сол, 1943 жылдың 9 қыркүйегіне дейін Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы 28-ші қосымша атқыштар полкінде әскери курсант болып, жаттығудан өтеді. Аталған жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында оңтүстікбатыс майданда 328 атқыштар дивизиясының аға командирі болып, неміс оккупанттарына қарсы күресте әскерлерді жеңіске бастайды.

Содан 1944 жылдың қаңтарында жарақат алып госпитальға түскен. Госпитальдан ақпан айында шығап, 127 атқыштар дивизиясына аға командир ретінде жіберілген. Осы жылдың наурыз айында екінші рет жараланып, Житомирдегі Чуднов қалашығындағы госпитальда емделеді. Көп ұзамай, сол наурыз айында қайтадан алғы шепке оралып, Украинаның екінші майданында 71 атқыштар полкінде, 30 атқыштар дивизиясының батальон комсоргы болады. Украина майданының 1944 жылы 6 қыркүйекте шыққан №81 бұйрығына сәйкес, «ұрыста көрсеткен басқару ептілігі үшін» кіші дейтенант шені беріледі.

Соғыс қызып тұрған 1944 жылдың 1 қыркүйегінен 15 қазанға дейін болған шабуыл кезінде комсомол мүшелерінің арасында жауға қарсы саяси-тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Әскерде жүріп, жауынгерлерді ерлікке жігерлендіретін. Сол жылдың 7 қазанында болған 510 биіктікті алу үшін болған қанды шайқаста жаудың артық күшіне қарамастан, ұрыстың қиын-қыстау сәтінде өз қолына пулемет алып, оқ жаудырады. Сол ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. «Ерлігі үшін» медалінің иегері.

Соңғы рет 1945 жылдың 30 сәуіріне дейін госпитальда болып, сол жылғы мамырдың 4-нен 5-не қараған түні 2 атқыштар батальонының, 71 атқыштар полкінің комсоргы кіші лейтенант Әнес Ғабдісәлімов Чехословакияның Биловиц қаласының оңтүстік-батысында, Тирн селосының жанында пулемет ротасының командирімен және екі солдатпен ұрысқа кіреді. Сол жерде 18 Совет жауынгері мен офицерлері күші тең емес ұрыста қаза табады. 1946 жылғы ақпан айында мектеп ауласына жерленген олардың қабірі ашылып, Глучин қаласында салтанатты жағдайда бауырлас-тар қабіріне қайтадан жерленген.

Бұл деректі көп ізденіп, Ресейдің мемлекеттік әскери-тарихи, медициналық, жалпыұлттық архивтеріне сұрау сала жүріп, 2011 жылы алған мағлұмат негізінде білген едік. Атыраудың белгілі журналисі Әбуғали Ғабдуллин «Пірім демей не дейін» кітабында Әнес ағам жайлы айтып кеткен еді. 2013 жылы желтоқсанда немере бауырым Исмагул Нұғманов келініміз Айғаным екеуі Чехословакияда болып, Әнес ағам жерленген Глучин қаласындағы бауырластар зиратына барып, дұға оқып, елден апарған бір уыс топырақты салып, жатқан жерінен бір уыс топырақ алып келді.

Ақылдаса келе, әкеміздің зиратының жанында әдейі қалдырғандай кішкене жерге сол топырақты салып, ағамызға ескерткіш орнаттық. 2014 жылы 7 мамырда аға рухына ас бердік. 2019 жылдың тамыз айында Чехословакияға барып, Глучин қаласындағы бауырластар зиратындағы Әнес ағамның басына зиярат еттім. Бұл — менің аға алдындағы борышым еді.

Мәдина ҒАБДІСӘЛІМҚЫЗЫ, қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button