БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНДЫ

Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХІХ сессиясында жергілікті бюджет нақтыланды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсот Ғалымовтың баяндауынша, 2014-2016 жылдарға арналған қала бюджетіне енгізілген өзгерістердің дені қазынаның шығыс бөлігіне қатысты. Яғни,  шығыстар бөлігіндегі 1,4 млрд. теңге алдағы жылға «ауыспалы жобалар» ретінде жалғаспақ. Оған дамуға бағытталған жобалардың толық аяқталмауы себепші екен.

 

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 546,1 млн. теңге, құрылыс бөлімі бойынша 795 млн. теңге сомасын қысқарту ұсынылып отыр, – деген Мақсот Ғалымов халық қалаулыларына оларды нақтылап айтып берді. Осы орайда тоқталары, республикалық бюджет есебінен несиелік және жалға берілетін тұрғын үй және инфрақұрылым салуға берілген қаражаттан 1 млрд. 260 млн. теңге қысқартылмақ. Мұны да баяндамашы «қаражаттың келесі жылға ауыстырылуына байланысты» деп түсіндірді.

Депутаттар қала бюджетіне енгізілген өзгерістерді қолдап, дауыс берді.

Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе де маңызды еді. Ол – Атырау қаласы бойынша аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау болатын. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиеваның пікірінше, биыл жергілікті жердегі 376 отбасына 905 млн. теңге тағайындалған. Алғашқы жартыжылдықта 318 отбасына 6,7 млн. теңге төленіп отыр. Сонымен қатар, бөлім басшысы тұрғын үй жәрдемақысын төлеудегі өзіндік ерекшеліктерге де тоқталды. Тағы бір мәселе – тұрғын жайларға қатысты. Бүгінде қалада 45 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткен. Мұнда тұратындардың дені зейнеткерлер, аз қамтылған және көп балалы отбасылары екендігін сараптама көрсетіпті. Тұрғын үй жәрдемақысының қажеттілігі, ендеше, осы орайда туындайды.

Сессияға қатынасқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев кейбір мәселелерге байланысты жауапты бөлім басшыларын орындарынан тұрғызып, депутаттар көтерген кейбір мәселелердің аяқасты қалмауын тапсырды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз