Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Құбылыс

(Жалғасы) Иә, ол жылдарда «өлеңде ғана емес, өмірде де Фариза культі пайда болған еді» деудің еш артық-кемі жоқ. Ақынның басына бақ тұрды, сөзіне халқы тақ тұрды. Жазған балаң жырына берер бағасын білуге, батасын алуға ұмтылған жастарды былай қойғанда, баласын оқуға түсірудің әуресімен жүрген ата-аналардың, жұмысқа тұрмақ болған, пәтер алмақ болған, жер алмақ болған жастардың, тіпті жақынын жазықсыз жазаланды деп санап, түрмеден шығарып беруді сұраған шерменделердің Фаризаның алдына жетуі, солардың бірде дұрыс, бірде бұрыс ісіне араласамын деп бар беделін салып, басы қатып, жүйкесі жұқарып жүруі, біразының разы, біразының наразы болып кетуі, өзінің содан бірде қуанып, бірде қуарып қалуы ол жылдарда қалыпты жайға айналғанын апаймен бір ғимаратта – редакциялар үйінде талай жыл бірге жұмыс істеген мына біз білеміз. Ақын абыройының дәл осылайша асқақтаған мысалын кейінгі кезден табу оңай емес.

20150121112330far_1

Қайран қазағымыз жақсы көрген адамына абыройдың бәрін аямай арқалата береді ғой. Фаризаға да сөйтті. Бір облысқа барып, жиналысқа қатысыпты. Сол жиында обкомның идеология жөніндегі хатшысы сөйлепті, сөйлегенде қағаздан басын алмапты, қағаздан басын алса-ақ сөзінен жаңылыпты. Соған Фәкең: «Сен өзің қандай идеологсың?! Не айтып, не қойғаныңды білмейсің» деп салыпты. Оған жиналған жұрттың айызы қаныпты. Араға аз күн салып әлгі хатшыны орнынан алыпты. Сол-сол-ақ, «Фариза бір ауыз сөзімен обком секретарын ұшырып түсіреді екен» деген әңгіме ауыздан ауызға таралыпты… Партияның заманында, тіпті оның Орталық комитетінде жұмыс істеген адам ретінде айтайын, ойын шешен тілмен, өз сөзімен жеткізе білмегені үшін, айтарын қағаздан оқып бергені үшін орнынан алынған хатшыны естіп-білген емеспіз, ол кезде ілуде біреу болмаса, жұрттың бәрі-ақ қағаздан басын көтермейтін, бұл жолы да олай болмағаны анық. Ал, халықтың көңіліндегі келісті көрініс мынадай. Фариза сол сапардан Алматыға орала салысымен Орталық комитет басшылығына телефондайды (ол кабинетке өз аяғымен барып жатпайды, әрине), сөзін «Кадрларға талапты әбден төмендеткенсіңдер. Кім болса соны обкомға хатшы қоясыңдар. Әнеу күні ана облысқа жолым түсіп еді…» деп бастайды, содан кейін-ақ көп ұзатпай әлгі хатшыны орнынан алады да тастайды…

Халықтың адамға жасайтын жақсылығының ең үлкені – көзі тірісінде аңызға айналдыруы. Фариза сол бақытты көрген адам. Көзі тірісінде аңызға айналған адам қазақта аз. Ондай адам қай халықта да жалпы аз болады. Сол аздың бірі – Фариза.

Аумайтын тұрымтайдай түрі құстан,

Бойына мың өзгерген құбылыс тән.

Бұл апаң Маңғыстаудан Атырауға

Бір ұшақ жалғыз өзі мініп ұшқан.

Еңсеңді мысы басып құптары анық,

Өзінен ішкі сәуле тұр таралып.

Сөмкесі крокодилдің терісінен,

Бет сүртер орамалы – бір таналық.

Басылған өз-өзінен бұрқап алып,

Қобалжып, бір сілкініп, бір таранып.

Дастархан жайылады қайда барса,

Татпайды – қазақы емге жүр қаралып.

Қолында домбырасы – жыршы қалып,

Тартады тыңқыл-тыңқыл үн шығарып.

Шетелге бір барғанда әкеліпті,

Көрейік топылыйын жүрші барып!

Жақсы пұл, шынайы асыл ұстағаны,

Соғым мол, жайлы қыстау қыстағаны.

Барамын деген жерден айнып қалып,

Бармаймын деген жерге үш барады.

Шәмшия Жұбатованың осы жазғанының бәрі рас. Қайда барса да қалың қазақ аяулы ақынына қоғадай жапырылып құрмет көрсететін, иіліп жастық, жайылып төсек болып жататын. Ерлігін, өрлігін қадірлейтін. Еркіндігіне ерік беретін. Еркелігін көтеретін. Артық кетсе де айыпқа бұйырмайтын.

Шет жағасын өзіміз де көргенбіз. 2011 жылы Фәкеңмен Қатонқарағайда бірге демалдық. Сондағы достарымыз Ерен мен Айтжамал Фариза апайды қонаққа шақырмақ болды. Араға бізді салды. Апайдың келісімін алды. Дастархан қамына бір күн қалды. «Апай не ішетін еді?» дейді Айтжамал басқа мәселенің бәрін шешіп болған соң жарым Мәрияға, аудан орталығы Үлкен Нарынға бара жатып. «ХО» ішеді. Ол мұнда табылмас. Табылғанын қоя бер» дейді Мәрия. Табылғанын қоя беретін Айтжамал ма? Содан ол ауданнан асып, Бұқтырмадан пароммен өтіп, төрт жүз шақырымдай жердегі Өскеменге жетіп, француздың «ХО» коньягының екі бірдей бөтелкесін алып, қайтарда түнге қарай паром тоқтап қалатындықтан Зырян арқылы жүретін айналма жолмен қалаға барғандағыдан да ұзағырақ жол шегіп, Қатонқарағайға түннің бір уағында оралады. «Екі бірдей» демей қайтейік, сол «иксоның» бір бөтелкесінің құны елу мың теңгенің үстінде болса… Осының бәрі ақынға қалтқысыз құрметтің, шын мәніндегі бүкілхалықтық махаббаттың көрінісі. Еліне еркелей алған, елі еркелете алған ақынның баянды бақыты.

Оның үстіне Фаризаның бір бақыты, өзі қанша жерден «Мені ақын еткен – тоқырау заманы» дегенімен, мына дүние өзгерген, екі қоғамдық жүйенің тайталасы тікелей жаулықтан идеологиялық текетіреске көшкен, кеңестік қоғам еркін ой иелерінің бәрінен «халық жауын» көрмеуге ауысқан, диссиденттердің өзін әрі барғанда елден шығарып жіберумен шектеле бастаған уақытта әдебиетке араласқандығы дер едік. Ол тұста әдебиетке, мәдениетке қамқорлықтың тәп-тәуір болғандығына біз кепілдік ете аламыз. Ақын өзінің өмір жолында ондай қамқорлық көрсеткен кісілерді, бір сәтке демеп жіберген жақсы адамдарды ұмытпайды, алғыс сезіммен еске алады. «Облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұхамбетқазы Тәжинге кіріп, өзім творчестволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі редактормен сөйлесіп: – Біздің облыста мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой, шамасы? – деп бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты» деп жазады Фариза мектепте сабақ беріп жүрген жерінен облыстық газет редакциясына орналасуының жайын айтқанда. Газет редакциясы демекші, Ф.Оңғарсынованың қаламгерлігі журналистіктен басталғанының кейін өзіне көп пайдасы тиген. Нақтылық, дәлдік, айқындық оның қай жазғанына да тән болып келеді.

Бір топ балауса жырларынан, бірер балаң мақаласынан-ақ болашақтағы тамаша ақынның, жақсы журналистің талантын танып, түкпірдегі облыстық газеттен, редакцияның партия тұрмысы бөлімінде «хат қорытумен» жүрген жерінен алып келіп, ол жылдарда журналистиканың жолында жүрген әр жастың ұйықтағанда түсіне кіретін «Лениншіл жасқа» сарт еткізген Шерағаңа айтар разылығы тіпті бөлекше: «Осы тағдырым үшін біреуге қарыздар болсам, осы үш кісіге – әкем Оңғарсын, анам Халима және Шерхан ағамызға қарыздармын». Өйткені, «Бұл дүниеде талантты болып туу аз. Табиғат берген дарын ұшқынымен талант иесі болып қалыптасу – ұзақ процесс, ұзақ жол. Сол жолда сенің өнеріңнің ашылуына, бабына келуіне жақсы адамдар кездессе, өнердегі жолы болу немесе шырағы жану деген, міне, осы».

Түкпірдегі облыстық газеттен демекші, осы тұста бір тосындау ойды ортаға салайық. Сыншылар Фариза шығармашылығын сөз еткенде оның көпке дейін әдеби ортадан жырақта жүріп қалғанын жиі айтып жатады. Кейбіреулер соған өкінеді де. «Мен институт бітіріп, ауыл мұғалімі болып, өлең де жазбай, өзіммен өзім күн кешіп кете барғам» деп өзі де еске алған. Тіпті «Мен ақын болам немесе болсам деп ойлап, не армандап көрген емеспін» дегені де бар. Бала күнін еске алғанда, «Өзен-көлі, бұлағы бар ел – ең бақытты ел ғой» десіп, ауыл адамдары суды армандайды» дей келіп, «Сол шақтан бастап менде бір арман пайда болды: ертең өсіп, үлкейгенде осынау құмайт, қурап бара жатқан жердің бәрін сулы өлкеге айналдырсам деймін. Ол суды қайдан, немен әкелемін – бұл жағын ойлап жатпаймын» деп жазған. Бірақ, кім біледі, осының өзі де Фариза талантының әу бастан таптаурынға түсіп қалмауына, бойындағы буырқанған бұлқыныстардың бәрін бірден ақ қағазға ақтара салмай, ішке түйе беруіне, Атыраудан Алматыға «орда бұзар отызынан» асқанда бір-ақ келген ақынның ақыл мен сезімнің ара жігін ажырата алатындай жаста, сонымен бірге сезімі тұнық күйінде, аман-есен жетуіне ықпал еткен болар, бәлкім? Сондықтан да Фариза «Несіне тіктің көзіңді сүйілмей қалған ерінге… Сарғая күтіп өзіңді, сағына түссін дедің бе?» деп келетін бастапқыдағы балауса өлеңдерін бөздей тозған деп саналатын «көзіңді» мен «өзіңдіні» ұйқастырудан қысылмайтын, лирикалық кейіпкердің сөзін сөйлеуге үйрене қоймаған, өзінің жан-жүрегінен өткергенін ғана қағазға түсіретін кезінде жазған…

Оның Алматыға алғаш келген бетінде: «Әбіш, осы жұрт Евтушенкоға неге өліп-өшеді? Анна Ахматованы неге әз әулие көреді? Марина Цветаеваға неге талып жығылады? Осы Уитменді не үшін мақтайсыңдар? Верхарннан қандай ат басындай алтын тауып жүрсіңдер? Асқар Сүлейменов екеуің Поль Элюар мен Шарль Бодлерге әуелі өздерің түсінесіңдер ме, әлде жұрттың басын қатыру үшін әдейі мақтайсыңдар ма?» деп ұрынып, сұрағыштай беретінін провинциялық примитивизммен де, сол тұстағы әдеби әлемінің ауқымымен де түсіндіре салу оңайдың оңайы, бірақ, бұл арадағы мәселе басқашалау. Осы тұрғыдан қарағанда кезінде айтқан «Данышпандықтың бір белгісі – адамның (қолбасының, қайраткердің, суреткердің, ғалымның, т.б.) ешқандай беделге бас имеуі, өзін ешкімнен кем сезінбеуі» деген өз сөзімізді еске түсіргіміз келеді. Фаризаның мықтылығының бір сыры өзінің мықтылығын білгендігінде, өз күшіне кәміл сенгендігінде де жатыр. «Үлкен тұлғалардың, әдебиеттегі классиктердің алдында бас ию кейде бізді дәрменсіз етеді» дейді бір мақаласында. Ақын ешкімге бас имей-ақ ұлы дарындардан үйрене білді. Атыраудан келген бетінде сұрағыштап жүретін сөз зергерлерінің талайынан солардың өздерін аудару арқылы да тағылым алды. Фаризаның татаусыз төгілетін тіл шеберлігінің, мінсіз сөз мәдениетінің бір бастауы аудармашылығында жатыр. Ф.Оңғарсынова шығармаларының басы біріктіріліп, 2004 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген он томдықтың алтыншы томы түгелдей ақын жасаған аудармалардан құралған. Бұл енді басқа әңгіменің тақырыбы.

Фариза атты феномен құбылыстың қыр-сырына зер салғанда біз ақынның бүкіл шығармашылығы өмірдің өзекті өртер өкініштерімен, өзінің де, өзгенің де басынан өткен қияметтей қиын қоғамдық катаклизмдермен өрілгенін көре аламыз. «Если не трагичен, значит не поэт» – Пушкиннің осы сөзіне Фариза Оңғарсынова бірнеше рет сілтеме жасаған. Мақалаларында да, сұхбаттарында да бар. Трагизмнің кернеу күші Фаризаның жеке басының тағдырынан да, ең бастысы – елінің арғы-бергідегі қиын өмірінен де арна тартады.

Неше түрлі жоқтауларды есі кірмей жатып естіп өскен кішкентай Фариза. Бірінен кейін бірі келген төрт бірдей қайғы соларды бастан кешірген адам тұрмақ, солар жайлы жазылған жолдарды оқыған адамның өзінің еңсесін езіп жібереді. Алдымен әке өткен өмірден. «Әкем Оңғарсын осыдан екі жыл бұрын бір үйде отырып ауырып, сол үйде дүние салыпты. Қазір ойласам, жүрегі қабынғанға ұқсайды». Екі жыл өткенде мұны «Фәруім өскенде тек жібек пен мақпалдан киім алып беремін» деп мойнына мінгізіп жүретін ағасы Бақтығұл 2-3 күн ауырып, қайтыс болған. Одан тағы екі жыл өткенде мұғалім болып істейтін апайы Рәбилә бір жұмадай ғана ауырып, ол да көз жұмады. Бауыр дегеннен енді қалған жалғыз ағасы Махиз жасы он жетіге толғанда Гурьевтің мұнай техникумына оқуға түседі. «Үйде, анамның жанында, күні кешегі үй толы жаннан әлі мектепке жасым жетпеген мен ғана қалдым. Күндіз-түні анамның қасіретін көріп, кеш сайын үйдің ішін рулы елдей думандатып жүретін апайымның, ағаларымның ұшты-күйлі жоқ болуы, қаңыраған үй, анамның сыңсығанына ұқсап терезе сыртында бір қалыпты ызыңдайтын жел – осының бәрі мені әрі ерте есейтіп, әрі тым сезімтал, жаны жараланғыш, көрінген жылтыраққа, кез келгеннің мақтауына жарқ ете қалмайтын, балаға жаттау, байсалды етіп өсірді» дейді Фариза «Соқпақтар» атты өмірбаяндық жазбасында. Міне, ақын осылай қалыптасқан. «Ақын осылай қалыптасқан» дегенге таңданбаңыз. Ақын болып қалыптасу үшін адамның дәл сол кезеңде өлең жаза бастауы тіпті де шарт емес. Оны айтасыз, бізге салсаңыз ақын болу үшін тіпті өлең жазудың өзі шарт болмауы да мүмкін… Жарайды, ол енді таласты әңгіме. Фаризаның бала күніне оралайық. «Біз үшін қиындау мезгіл – кеш. Іңірде бірер малды қораға жайғастырғасын, анам екеумізге түн баласы қасіреттей көрінеді. Анам сүйген жарын, сүйкімді балаларын ойлайды. Мен анамды ойлаймын. Күрсінгенін, көз жасын көргім келмей безек қағамын. Мен, анама ештеңе ойлатпайын дейтін болуым керек, үйді басыма көтеріп, жырларды соғамын. Мен бейуақ тымсырайып қалсам, анам маған ертегі айта бастайды. Сөйтіп екеуміз бір-бірімізді жұбатуға тырысатынбыз». Қайғы-қасірет мұнымен де бітпеген. Ақын сіңлілерінің бірі сұхбат сәтінде тақымдап қоймаған соң ана бір жылы ол жайында да айтып өткені бар. «Өзім өте жақсы көрген бір жігіт болған. Дүниеден ерте кетті. Мотоциклмен келе жатып жол апатына ұшырады. Мен содан кейін көп жыл ауру адамдай сүлесоқ болып қалдым. Ол күйімнен өлең жазғаннан кейін ғана арыла бастадым». Жыларман жырды жаны қаламайтын ақынның «Жүректен шыққан жолдардан жанымның жасы тұр тамып. Тайпалып жортқан жорға арман кеткендей менен бұлтарып» дейтіні содан.

Бірақ, Фариза шығармашылығын көктей өтіп тұратын жібек желі, алтын арқау – қайсарлық. Қайғыны жеңген жасампаздық. Елінің арғы-бергіде басынан кешкен қиындықтарын айта отырып, ақын халқының жарқын жолын да кестелейді. Қайғыра білмеген қуана да білмейді. Мұңдана білмеген мақтана да білмейді. Фаризаның қайғысы да, қуанышы да, мұңы да, мақтанышы да жалқыдан өтіп, жалпыға жетуімен бағалы. Ақын поэзиясын керіп тұратын трагизм де, кернеп кететін оптимизм де табиғи шығатыны содан.

Сырт көзге суықтау көрінетін ақынның жүрегі жібектей жұмсақ, жаны даладай дарқан, тұла бойы тұнып тұрған мейірім болатын. Тағы да Әбіш ағамды сөйлетейін.

«Сондай қайсар адамның жүрегінің қандай жұмсақ екеніне кейін көзіміз жете түсті. Қасымыздағы Фаризаның аңыздағы Фирюзадай алты ағасы жоқ еді. Бірақ, алты ағаға бергісіз, жанындай жақсы көретін жалғыз ағасы бар еді. Бәріміз «Мәке» дейтін Махиз ерте дүниеден өтті. Науқас ағасын көруге томағасын сыпырған қаршығадай ширыға аттанған Фариза марқұм бауырын жерлеп оралғанда ұшақтан шүйкедей болып әзер түсті. Қарсы алуға барғандар тілімізді жұтып қойғандай, ештеңе дей алмай, тұрған-тұрған жерлерімізде бордай егіліп, сілейдік те қалдық.

Фариза шын батырлығы мен шын қайсарлығын сосын көрсетті. Мәкеңнен қалған жеті-сегіз баланы бірінен соң бірін оқытып, үлпершектей ұл, қызғалдақтай қыз қылып өсірді. Бәріне жоғары білім алып беріп, әрқайсысын өз алдына үй етті. Енді олардан өрбіген ұл мен қызды жетілдіруге кірісті. Ешқайсысының бетінен қағып, көңілдерін жығып көрген емес. Қашан барсаң да үлбіреген гүлді баптағандай үпек қағып жүргені…»

Үпек қағып жүргенінен ғой, 1996 жылы, ол кезде Мәдениет министрінің бірінші орынбасары едім, Жамбылдың біржарым ғасырлық тойын Ленинградта атап өтпекке жиналып, делегация құрамына ақын-жазушылардан Шерағаң мен Фәкеңді қосып, ұсыныс айтқанымда: «Жеті жасар немерем Анитаны бірге апаруға болса, қарсылығым жоқ» деп шарт қойып барып келісім бергені. Ол сапарымызда атақты Таврия сарайындағы Дума залында салтанатты мәжілісті жүргізгеніме (жиналыс спикері ре-тінде маған кезінде, яғни, 1906-1917 жылдар аралығында, Мемлекеттік Дума Председателі отырған ең төрдегі орын тиген) апай сондай ризалық танытып еді. Кейін оны «сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президиумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде» деп жазды да. Жалпы, апай жақсы көрген адамы жайында асырыңқырап айтуға да бейім болатын. Өзім деген жанға өзегін үзіп беруге дайын тұратын.

Оңғарсынова таланты – озық ойдың да таланты. Оның әдебиет туралы толғамдарын оқығанда талғамының соншама нәзіктігіне, бір ауыз сөзбен қаламгердің басты қасиетін, негізгі ерекшелігін айқара ашып сала беретініне сүйсінбеу қиын. «Сәкеннің жырларынан өз басым, ең алдымен, мәрт мінез халықтың ұлттық табиғатын – аңқау-аңғалдығын, кешірімді кеңдігін, мейірімі мен адалдығын көремін» дейді Сәкен Иманасов туралы жазғанында. Қандай дәл айтылған. Жеке кітапханаңнан дереу Сәкен кітаптарын тауып, қайтадан оқығың келеді. «Біз, сауатты заманның оқымысты ақындары, жырды тумаймыз, әп-әдемі етіп әшекейлеп, өрнектеп, қашап, қиюластырып жасауға машықтанғанбыз. Ал, Мақатаев әр өлеңін – өмірге адам әкелген анадай – туған, босанған». Міне, мәселе қайда. Сондықтан да Фариза «Мақатаев поэзиясы – бүкіладамзаттық әдебиеттің алтын қорына енуге тұрар қазына» деп ақтарыла айтады. Ана бір жылы Сырбай ақын өмірден өткенде Фаризаның Торғайға барғандағы жазғаны еске түсіп еді.

Желпінді торғайлықтар үй бұзардай,

«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.

Бір ауыл меншіктейді, жүрсем Сізді

Қазақтың аспанына сыйғыза алмай.

Фариза да қазақтың аспанына сыймайды. Қазір, еліміздің мәдениетін әлемнің ең кең тараған алты тілінде насихаттауды ойластырып жатқан кезде құнттылықпен қолға алар шаруалардың бірі қазақтың ғажап поэзиясын бар бояуымен аудартуға кірісу десек, бұл істе біздің әдебиетіміздің абыройын алысқа асыра алатын ақындардың бірі, сөз жоқ, Фариза Оңғарсынова.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

(Жалғасы бар)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button