Атыраулық балалар Бурабайдағы «Балдәуренде» демалып қайтты

ұрпақ 1 Жаңалықтар

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясында 12 жылдан бері бір игі дәстүр қалыптас-қан. Бұл – Атырау, Маңғыстау облыстарындағы аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, оқуда озат және түрлі білім бәйгелері мен өнер байқауларында топ жарған оқушы-ларға жазғы лагерьде демалуға тегін жолдама беру.

ұрпақ

«Армандар аралы»

Алыстан көз тартады

Міне, биыл да, 24 шілде мен 9 тамыз аралығында атыраулық жүз бала «Бурабай» шипажай аймағында орналасқан «Балдәу-рен» республикалық оқу-са-уықтыру орталығында тынығып қайтты. Оның жартысы облыс орталығынан, қалғаны Мақат ауданынан келген. Компания басшылығы балалардың шаршап қалмауы үшін оларды бұл жерге ұшақпен жеткізуді ой- ластырыпты.

«Балдәурен» демалыс орны осыдан тура 15 жыл бұрын      Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қырымдағы «Артек» халықаралық балалар орталығының қазақстандық аналогы ретінде құрылған. Шортанды көлінің жағасынан орын тепкен лагерьдің табиғи-климаттық жағдайы баланың денсаулығын жақсартуға септігі мол екені айтпаса да түсінікті. Мұнда сұлу табиғат аясында таза ауамен тыныстап, тау бөктерінде өскен қайың, емен, шырша теректерінің саясында серуендегенге не жетсін?! Қылқан жапырақты орман алқабы алыстан көз тартады.

Барлық жағдай жасалған

Сонымен қатар, спорттық секцияларда дене шынықтырып, арнайы үйірмелерде ой-өрісті дамытып, түрлі шаралар мен байқауларда бақ сынауға барлық жағдай жасалған. Өздеріңізге белгілі, қазіргі заман талабы қалай жоғарыласа, бүгінгі баланың ақыл-ойы да солай өсіп-жетілген. Осы орайда олардың көңілінен шығып, ойлағандарын дөп басу өте маңызды.

«Қалауын тапса, қар жанар», бұл – осындағы ұстаздар мен тәрбиешілердің басты ұстанымы. Олар жеке тұлға қалыптастыру жолында тағылымды кештер, танымды сапарлар, қызықты кездесулер, интеллектуалды ойындар, ұжымдық және жеке жаттығулар ұйымдастырады. Бұл өз кезегінде балалардың шығармашылық, ұйымдастырушылық және зияткерлік қабілеттерін анықтап, одан әрі шыңдай түсуге жағдай туғызады.

Лагерьдің материалдық базасы да бүгінгі заман талабына толығымен жауап береді. Жанға жайлы гидромассажды себезгі (душ) бөлмелері, емдік ванналар мен сауна – су процедураларын жасауға таптырмас орын. Балалар түрлі коктейльдер мен жеміс шырындары қосылған диеталық ас мәзірі бойынша бес мәрте тамақтанады. Оларға, қылқан жапырақты орманның таза ауасы сияқты профилактикалық және сауықтыру шаралары ұйымдастырылған.

«Баланың  қуанғанын көру –  бақыт»

Жақында алғашқы лектің демалыс уақыты аяқталып, балалар қоштасу сәтінде концерттік кеш ұйымдастырды. Салтанатты шарада аталған компанияның мемлекеттік органдармен қарым-қатынас және сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Серік Идранов сөз алды.

– Солтүстік Каспий Консорциумы алдыңғы кезекте халықтың әлеуметтік жағдайына зор көңіл бөледі. Адалдық пен адамгершілік – біз үшін бұлжымас қағидаттар. Осы бағытта балалардың жазғы демалысын ұмытылмастай етіп өткізу, оған қолдау білдіру – компания тарапынан жасалып жатқан бір ғана шара емес.

Еліміздің батыс өңірлерінен 2006 жылдан бері 2,5 мыңнан астам бала жазғы каникулдарын көңілді де қызықты өткізді. Бұл компаниямыздың демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Міне, сәбилердің шат күлкісі ізгілік пен мейірімділік жолында бізді одан сайын ынталандыра түседі. Өйткені, жер бетінде адамзат баласы үшін баланың бал жүзін көруден ас-қан бақыт жоқ деп ойлаймын. Енді бұл жерде тамыздың 9-ы мен 24-і аралығында маңғыс- таулық балалар демалатын болады, – деді ол.

 «Қуанышымызда шек жоқ»

Доссор кентіндегі Ораз Сар-ғұнанов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Райымбек Амандосов бұл жерде көп достар тауып, біраз нәрсе үйренгенін айтады.

– Біз Мақат ауданынан елу бала келдік. Өзім кішкентайымнан сурет салуды ұнатамын. Осы қабілетімді байқаған ұстаздарым талай жарыстарға жіберіп, жүлдемен оралдым. Бірақ, атақты «Балдәуренде» демаламын деген ой түсіме де кіріп шықпаған. Мұнда біз Елорданы аралап, Бәйтерек, Ханшатыр, Елбасы кітапханасы секілді көптеген көрікті орындарды тамашаладық. Ал, лагерьде маған заманауи жабдықталған бассейн қатты ұнады. Бізбен бірге алыс-жақын шет елдерден келген қандастарымыз да демалды. Өйткені, биылғы маусым солардың құрметіне арналып ашылған, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Ал, Атырау қаласындағы №33 мектептен келген Нұрдәулет Әжіғұлов «НКОК» компаниясына шексіз алғысын білдіреді. «Мұнда әрқайсымыз 20-25 баладан 15 топқа бөліндік. Топ басшылары бізді мәдениетке, темірдей тәртіпке үйретті. Дәруменге бай құнарлы ас берілді. Аракідік кезекшілікті де атқардық. Өзім футбол ойнағанды жақсы кө-ремін. Қолөнерлік шеберлігімді де шыңдай түстім. Осыған дейін Шымкент қаласындағы «Таң нұры» лагерінде демалған едім. Ал, «Балдәуренде» одан да жақсы демалуға мүмкіндік бар. Енді қысқы каникулда келіп демалғым келеді» дейді ол.

Р.S. Қазір «Қашаған» жобасы шеңберінде жұмыс істеп   жатқан компанияның жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмсалған қаражат көлемі жарты миллиард АҚШ долларынан асқанын атап өткен жөн. Бұл бағытта Консорциум жыл сайын Атырау мен Маңғыстау облыстарында ауқымды істерді жүзеге асырып келеді. Соның ішінде «НКОК» қызметінің ең маңызды саласы – әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру. Тек соңғы 17 жыл ішінде 525 миллион доллардан астам қаражат бөлініп, қос өңірде 168-ден астам жоба іске асқандығы – осының айқын айғағы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Аурат-Астана-Бура бай-Астана-Атырау

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз