БУРАБАЙҒА БАРДЫҢ БА, КЕНДІРЛІНІ КӨРДІҢ БЕ?
Аtr.kz/28 мамыр, 2019 жыл. Санаулы күндерден кейін жадыраған жаз келіп, демалыс науқаны бастауын алады. Әдеттегідей, жұртшылықтың көкейінде «биыл қайда демаламын?» деген маңызды сауал туындайды.
Өйткені, сауықтыру орындарына жолдама алуды айтпағанның өзінде билет тапшылығы пайда болады. Сондықтан, жұртшылық демалыс кезеңіне ертерек қамданады. Тіпті, кейбірі жылдың басында-ақ шетелге шығуды жоспарлап қояды. Енді бірі еліміздегі туристік орындарды іздейді. Десек те, соңғы жылдары қазақстандықтар отандық санаторийлерден гөрі өзге елдегі демалыс қалтаға қонымды екендігін айтады. Сонда табиғаты әр алуан, неше түрлі дертке шипа, минералды элементтерге бай кең байтақ даласы бар Қазақстанда шынымен де бағасы мен сапасы сай келетін демалыс орындары аз болғаны ма?
Шіліңгір шілденің аптап ыстығында басқа қалаға саяхаттап, ел-жер аралап, денсаулықты нығайтқанға не жетсін? Күнделікті тірліктің қамымен жүріп, көп уақыт бөле бермейтін балалармен, ата-анамен, жақын-жуық, дос-жаранмен емен-жарқын шүйіркелесіп, отбасымен демалуды қаламайтын жан жоқ шығар, сірә? Жағдайымыз жетсе шетке шығуға асығып немесе мүмкіндікке қарай жақын маңдағы туристік орындарды іздей бастайтынымыз анық. – Бала кезден-ақ шетелге саяхаттағанды ұнатамын. Ол менің хоббиім десем де артық айтқандығым емес. Осы кезге дейін әлемнің бірнеше елінде болып,
неше түрлі салт-дәстүрмен, мәдениетпен таныстым. Бірнеше тіл үйреніп, білімімді жетілдірдім. Ел, жер көрген жақсы ғой. Таным көкжиегімді кеңейттім. Әрине, шетелге баруға біраз қаражат керек. Ол үшін кезекті еңбек демалысыма дейін қаржы жинақтаймын. Сингапур, Куала-Лампур, Дубай, Париж, Барселона, Рим, Стамбул, Анкара, Мәскеуде болдым. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, әрбір мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі, үйренеріміз бен таңданатынымыз көп екен. Мысалы, Еуропа елдерінде баға қымбаттырақ. Сондықтан жазғы демалысты Азия елдерінде өткізгенді жөн деп ойлаймын. Болашақта Америка Құрама Штаттарын араласам деп армандаймын. Әрине, қазақстандық курорттық аймақтарға барғым келеді, бірақ, оның бағасы қымбаттырақ болғандықтан, шетелдерді таңдаймын, — дейді қала тұрғыны, әуесқой саяхатшы Ботагөз Тілекқызы. Біз тілдескен бірнеше атыраулық та өзге елде қыдырған тиімді екенін жеткізді. Яғни, Бурабай шипажайларындағы онкүндік демалыс ақысы мен Түркияның бесжұлдызды қонақүйлерінде бір апта демалғанның еш айырмашылығы жоқ. Алайда, сервистен түрік ағайындармен ешкім бәсекеге түсе алмайтынын жұрт жақсы біледі. Бір жағынан, халықтың отандық демалыс орындарына аса қызығушылық таныта қоймайтыны да сондықтан. Жуырда «қарапайым жас отбасының жазғы демалысын қалай ұйымдастыруға болады?» деген сауалға жауап іздеу мақсатында тәжірибе өткіздік. Алдымен, телефон арқылы шипажайларға хабарластық. Байқағанымыздай, көптеген демалыс орындары кішкентай балалармен бірге баруға арналмаған. Болғанның өзінде, олардың төленетін ақшасы ересектермен бірдей. Ал, біздің облыс еліміздің батыс аймағында орналасқандықтан, Алматы, Шымкент, әйгілі Сарыағаш шипажайларына баламен жету оңай емес. Оның үстіне, қазірдің өзінде күз айларына дейін Алматыға қатынайтын поезға билет жоқ. Ұшақ бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Шымкенттегі демалыс орындарына да солай. Онда санаторийпрофилакторийдің сан алуан түрі болғанмен, жол жайы қиынырақ. Сондықтан, өзімізге жақын аймақтардан шипажай іздеуге тура келді. Сөйтсек, ең жақын Батыс Қазақстан облысындағы демалыс орындарының бірінде күніне 10 мың теңгеге ересек адам кешенді ем алып, демалуға болады. Сонда отбасындағы екеуге 20 мың теңге төлейсіз. Ал, мұнда балаларға ешқандай жеңілдік жоқ. Егер екі балаңызды ертсеңіз, күніне тағы 20 мың теңге бересіз. Шипажайдағы толық курс – 10 күн, одан асыруға немесе жеткізбеуге болмайды. Есептеп көрсек, бір жанұяға жолды немесе басқалай шығындарды қоспағанда 400 мың теңге керек екен. Біз әңгімеге тартқан қала тұрғынының сөзінің жаны бар екендігіне зерттеу барысында көз жеткіздік. Ал, кәрі Каспий жағасында, Маңғыстау облысында орналасқан «Кендірлі» демалыс аймағы жазғы маусымда қарқынды жұмыс жасайтын көрінеді. Мұнда туристердің теңізге түсуі, денсаулығын дұрыстауы және тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Тамылжыған жаз айында жағажайда демалғысы келетіндердің қатары жыл санап өсіп келетінге ұқсайды. Бір сөзбен айтқанда, «Кендірліде» демалушылардың әрбір күнін қызықты өткізуі үшін барлық мүмкіндік бар. Теңіз жағасына демалуға келген адам әр күнге 25-30 мың теңге төлейді. Оның ішіне 4 мезгіл тамағы, емі кіреді. Сонда бір отбасына қанша қаражат жұмсалатынын бағамдай беріңіз. Дегенмен, арнайы туристік базаларға бармаса да, шілде, тамыз айларында теңізге түсушілер қатары көбейетінін айта кеткен жөн. Білгеніміздей, көршілес Ақтөбе облысында да ұзақ жылдар бойы тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан шипажайлар бар екен. Былтыр Мәртөк ауданында ашылған пантомен емдеу орталығына келушілер көбейген. Мұнда басты өнім – жануардың жас мүйізі, яғни пант. Одан дәрі жасалады. Жүрек, қан-тамыр жүйесі, бұлшық ет, тыныс жолына пайдалы. Дертке дауа мүйізді уақытылы кесіп үлгеру қажет. Сондықтан, Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген маралдарға ерекше күтім жасалады екен. Пант экологиялық аймақтарда тұратын, ауыр өнеркәсіп орындарында жұмыс жасайтындар үшін пайдалы. Демек, денсаулықты нығайту үшін таптырмас ем. Алайда, мұнда балаларға берілетін ем кешені аз. Жалпы, пантотерапия курсының ұзақтығы – 5-10 күн. Бір күнге ересек адамға – 15 мың теңге. Ал, Ақтөбенің Алға ауылында орналасқан шипажай атыраулықтарға жақсы таныс.
Өйткені, мұндағы ем-дом да, баға да қалтаға қонымды. Оның үстіне, демалыс орнында Атырау тұрғындарында жиі кездесетін тыныс алу жолдарына қажетті емшаралар түрлері сан алуан. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жолдама ақысына жеңілдіктер беріледі. Орта есептен алғанда бұл шипажайда алты күндік демалыс екі ересек, екі балаға 160 мың теңгеге шығады. Шын мәнінде, Қазақстанның қай түкпірін алсаңыз да туристік нысандары жетерлік. Айталық, еліміздің оңтүстік бөлігінде, Қытаймен шекарада орналасқан Алакөл – Қазақстандағы сирек көлдердің бірі. Жағалауына бірегей қара малта тастар төселген. Көл суы жылы, судың орташа температурасы 26 градус. Ол әсіресе, тері ауруларына пайдалы. Псориаз, экзема, нейродермит, есекжем, артрит және жүйке жүйесінің ауруларына жақсы емдік әсері бар. Жағалау маңында демалыс үшін қолайлы шарттар ұсынатын ондаған демалыс базалары және пансионаттар бар. Ал, Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің де ерекшелігі сан алуан. 643 мың гектар аумақты алып жатқан паркке жаз айларында ағылатын турист көп көрінеді. Басынан қар кетпейтін таулар да, құлай аққан сарқырамалар да, ит тұмсығы батпайтын ормандар мен мұзтаулар да осында. Қазір Шығыс Қазақстан облысында 30-ға жуық емдеу-сауықтыру орны бар екен. Аймақтың Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзi – Рахман қайнары. Рахман қайнары өлі су саналады, онда не балық, не жануар тіршілік етпейді. Қайнардың шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының молдығында. Жалпы, елімізде туризмді өркендетуге мүмкіндік мол. Табиғаты қолайлы, сулы, нулы өңірлерде сервисті жақсартып, тиімді баға ұсынса келушілер қарасы да көбейер еді.
Айбөпе САБЫРОВА
Р.S: Демалыс базаларын қоспағанда, Атырауда шипажай саусақпен санарлық. Демек, «қара алтынымен» әлемге әйгіленген мұнайлы өлкенің басқа да пайдалы қазбаларын кәдеге жарататын кез жетті. Біздің аймақтың да туристік кешендер орталығына айналатын уақыты әлдеқашан келді. Өңірде туризмді дамытуға нақты қадамдар жасалғанмен, атыраулықтар игілігін көріп отыр деп айтуға әлі ертерек. Сондықтан, жазда денсаулыққа пайдалырақ жағын көбірек ойласаңыз, алдын-ала қамдануды ұмытпағаныңыз абзал. Әйтпесе, көптен күткен демалысыңызды неше түрлі сылтаумен тиімді өткізе алмай қалуыңыз да ғажап емес. Ал, сіз қайда демаласыз?