«Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек…»

img 20210110 wa0167 Жаңалықтар

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарын сайлау науқанына қатысып, өз таңдауын жасаған сайлаушылардың бірі. APEC Petro Technic жоғары колледжі ғимаратында орналасқан №90 сайлау учаскесіне отбасымен бірге келген Саламат Нұрмұханұлы маңызды күннің басты ерекшеліктері туралы біздің басылымға қысқаша сұхбат берді.

–2021 жылдың 10 қаңтары ел тарихына тағы да бір саяси дата болып жазылды. Себебі, бүгін Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы өтуде. Бұл – еліміз үшін маңызды саяси науқан, – деді ол.

Кезекті сайлау болғанымен, бірнеше ерекшеліктері бар екенін атап өткен С.Идрисов саяси науқанның айрықша тұстарына тоқталды.

–Біріншіден, Парламент пен мәслихатқа сайлау бір уақытта және мәслихаттарға сайлауда пропорционалдық жүйе қолданылды, яғни, партиялық тізім бойынша өтуде. Бұл модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сәйкес келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады деп есептеймін. Тағы бір ерекшелік – алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламент пен жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы және олардың елдің дамуына белсенді үлес қосуына септігін тигізетіндігі сөзсіз. Сайлау пандемия кезінде өтуіне байланысты барлық сақтық шаралары жасақталған және мүмкіндігі шектеулі адамдарға да дауыс беруге жағдай жасалған, – деді спикер өз сөзінде.

Саламат Идрисов қысқаша сұхбат барысында бүгінгі таңдау жасаудағы көздеген мақсатына тоқталды.

–Мен бүгін экономикасы қуатты, жастарымыздың асқақ армандары мен игі жоспарларын іске асыра алатын, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған, елдің байлығы мен табысы халық үшін қызмет ететін, білім мен денсаулық саласы қарқындап дамыған еліміз үшін таңдау жасадым. Бұл мақсаттар орындалатына сенімдімін де. Еліміздің осы кезге дейінгі жеткен жетістіктерін жалғастырып, кеткен кемшіліктер мен қателіктерді саралап, ата-бабаларымыздың арман-мақсаттарын алдымызға биік мақсат етіп қойып, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын еліміздің жаңа жетістіктерімен, болашаққа деген тың серпінмен қарсы алайық деген тілегім бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген тағылымы біздің басты ұстанымыз болу керек, – деп түйіндеді спикер сұхбатында.


Жазып алған Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз