«Бұл хакерлік шабуыл немесе ұрлық емес»
Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. «SmartQala» мекемесі жол жүру карталарынан ақша ұстап қалғандығы туралы пікір білдірді.
Электрондық билеттер жүйесінің операторы қалада жол жүру карталарының шоттарындағы қаражаттың неліктен жоғалып кеткендігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
«SmartQala» ЖШС директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Нұрекеновтің айтуынша, тұрғындардың шоттарындағы ақша жоғалуы мүмкін емес, өйткені картадағы қорғаныс банк заңнамасының стандарттарына сәйкес, криптографиялық құралдарымен жүзеге асырылады.
— Бұл хакерлік шабуыл немесе ұрлық емес. 21-27 қыркүйек аралығында төлем жүйесінде ақау орын алып, 17 мыңға жуық транзакция тегін өткізілді. Осы демалыс күндері жүйе жаңартылғаннан кейін көрсетілген мерзім ішінде апта бойы тегін жүрген адамдардың карталарынан қаражат сол себеппен алынды.
Алайда, «SmartQala» ЖШС басшылығы төлем жүйесінің ақауы кезінде жол карталарын пайдаланушылардың жол ақысын кері қайтару туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты, ертең, 23 қазанда, осы мерзімге есептелген барлық қаражат тұрғындардың жол картасы есебіне түсетін болады, — деп түйіндеді Қанат Нұрекенов.
Сонымен қатар, жүйедегі техникалық ақауға байланысты 5300 транзакция көлемінде екі есе жолақысын төлеген тұрғындардың да қаражаты қайтарылуда.
— Қаражатты есептен шығарудың үшінші жағдайы барлық карталарда бастапқы тариф белгіленбегендіктен, мысалы, кейбір зейнеткерлер 40 теңгенің орнына 80 теңге төледі. Біз бұл мәселені шешіп жатырмыз, осы аптаның аяғында жол карталарын пайдаланушыларға барлық қаражат қайтарылады, — деп қорытындылады «SmartQala» ЖШС директоры Болат Жамашов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев диференциялды тариф енгізуге байланысты жиналыс өткізіп, тұрғындармен әлеуметтік желілерде жұмысты жандандыруды, жүйенің техникалық мәселелерін шешуді және атаулы жеңілдіктерін қолданатын тұрғындарға карта рәсімдеуді жеделдетуді тапсырды.
– Таяу уақытта біз қалада халықпен жұмыс істейтін пункттер ашуды, сондай-ақ , сату орындарының санын көбейту мен жол карталарын тіркеуді жоспарлап отырмыз, — деді Болат Жамашов.