Бұқаралық спорт – басты назарда
Аtr.kz/30 мамыр, 2019 жыл. Елбасы жолдауында Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет деген болатын.
Осы бағытта Атырау облысында бұқаралық спорт түрлерінен халық арасында түрлі спорттық шаралар жиі өткізіліп отырады. 2018 жылы облыстың түкпір-түкпірінде көше спорттарынан сайыстар ұйымдастырылып, оған 300-ден астам адам қатысты.
Облыстық чемпионатта үздік атанған әуесқойлар арасынан облыстық команда жасақталып, тұңғыш рет Атырау командасы Республикалық сайысқа қатысты. Ақтау қаласында өткен Халық ойындарында Атырау өз командасын жасақтап, үлкен додаға қосқан болатын. Облыс чемпионы Өтепов Амангелді «Жалау» атты жаттығуда жеңімпаз атанды.
Бұқара халық арасында Стрит Воркаут шебері Айтым Жакуповтың шеберлік сағаттары жылма-жыл өткізіліп тұрады. Ең қол жетімді әрі дене сымбатын қалыптастыруда таптыртпайтын спорт түрімен айналысуға облысымызда барлық жағдай жасалған. Қаланың өзінде 4 үлкен спорттық алаң және 5 спорттық аялдама бар.
Жасөспірімдер мен жастар арасында Стритболдан облыстық сайыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. 2018 жылғы чемпионатқа барлығы 500-ден астам оқушылар қамтылса, футзалдан аула клубтары құрылып, онда 3000-нан астам адам қамтылған.
Спорттық-материалдық базаның нығаюы облыс бойынша дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының өсуіне оң әсерін тигізді. Облыс бойынша дене тәрбиесі мен спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны артып, жалпы облыс халқының 31,6 %, яғни 199550 адамды құрайды, оның ішінде ауылдық жерде – 94170.
Елбасы тағы бір тапсырмасында Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды айтты. Осы тапсырманы орындау аясында Махамбет ауданының Ақжайық, Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылдарында жергілікті бюджет есебінен және Жылыой ауданының Майкөмген ауылында «ТШО» ЖШС-нің демеушілік есебінен спорттық кешендер құрылыстары басталып, 2019 жылы аяқталуы күтілуде.
«Atr-Ақпарат»