Атырауда классикалық музыка кеші өтті

dsc9008 Жаңалықтар

Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. Мұнайлы мекен тұрғындары күнделікті күйбең тірліктен бір сәт босап,  классикалық музыка кешін тамашалады. 

Атап айтқанда, облыстық филармонияда өткен салтанатты шара көрермендерді ерекше тәнті етті. Кеш шымылдығы белгілі композитор Балнұр Қыдырбектің «Туған мекен күрең бел» шығармасымен ашылды. Ол – 500-ден астам музыкалық шығарма жазған сазгер. Оның ішінде, симфониялық, камералы-аспаптық туындылар, ән, эстрада, балалар мен жасөспірімдерге арналған туындылар бар. Сондай-ақ, «Ах ты душечка», «Қайдасын», «Аққурай», «Жазғы таңда», «Пастушок» және басқа да шығармалар орындалды. Олардың көпшілік жүрегінен орын алуында концертмейстер Елена Войтованың үлесі зор.

 Өнердің өзге түрлерімен салыстырғанда музыканың орны бөлек. Өйткені, ол тілге, дінге, ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Бұған кеш куәгерлері анық көз жеткізді. Осы орайда, филармонияның камералық ансамбль жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Гүлмира Қуанышбаеваның да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Батыс Еуропа мен отандық композиторлардың классикалық шығармаларымен бірге, күрделі романстар мен ариялар да орындалды. Бәрі де тыңдарман қауымды сағыныш пен махаббат сезіміне бөледі. Мұның өзінен орындаушылардың асқан шеберлігін айқын аңғаруға болады. Демек, әдемі ән тектен-тек тумайды. Музыка қуаныш пен қайғыдан, кездесу мен қоштасудан, сенім мен үміттен пайда болады. Мұны аталған кеш анық байқатты.

*Көрермен лебізі  

Гүлбану Дүйсенғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:

– Бұл жолғы концерт те өте жоғары деңгейде өтті. Келгеніме ерекше ризамын. Залға жиналған қауымның ішінде жасы үлкен қариялар мен студенттер де болды. Бәрінің көңілдері ерекше серпіліп демалып қалды. Осындай шаралар әрі қарай да жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр болар еді,- дейді ол.

Гүләлия ИГІЛІКОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-b%d2%b1ryn%d2%93y-himiya-zauytynda%d2%93y-%d3%a9rt-s%d3%a9ndirildi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз