
Бүгін – Мемлекеттік қызметші күні
Бүгін – Мемлекеттік қызметші күні. Осынау атаулы датаның тарихына көз жүгіртсек, ол бастауын Біріккен Ұлттар Ұйымынан алатынын байқауға болады. Есте болса, 2003 жылдың 7 наурызында БҰҰ Бас ассамблеясының 57-сессиясында 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы қаулы қабылдаған-ды. Ал елімізде бұл дата ресми түрде 2013 жылы бекітіліп, содан бері Мемлекеттік қызметші күні ретінде аталып келеді.
2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік басқару саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол Мемлекет басшысы жария еткен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты негізінде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік басқару саласында адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытында елеулі өзгерістер орын алуда.
Өткен жылы 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Мемлекеттік қызметті дамыту келесі қағидаттарға негізделеді:
- адалдық пен ашықтық: жалға алу және ілгерілету процедуралары қоғам үшін мүмкіндігінше ашық және түсінікті;
- меритократия: мемлекеттік қызметке іріктеу және ілгерілету еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделген;
- икемділік: мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа икемді тәсілдерді, инновациялар мен технологияларды енгізу;
- үздіксіз оқыту: мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды кәсіби дамыту;
- клиентке бағдарлану: озық жұмыс, түпкілікті нәтижеге бағдарлану және қолжетімділікті қамтамасыз ету;
- прагматизм: практикалық пайда мен тиімділікке қол жеткізу үшін әртүрлі құралдарды қолданудың басымдығы;
- жауапкершілік және есептілік: азаматтар мен мемлекет алдында қабылданған шешімдер мен іс-әрекеттер үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту. Жұмыста жоғары этикалық стандарттарды сақтау, сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы іс-қимыл.
Мұнан бөлек, 2025 жылғы 2 мамырдағы Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. https://kaz.inform.kz/news/memlekettk-kizmetshlerd-zhauapkershlkke-tartu-tartb-ozgerd-fcc071/ «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу қолға алынды.
Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызметте әр азамат үшін тең мүмкіндіктерге негізделген мансаптық және позициялық модельдерді біріктіретін мемлекеттік қызметтің қазақстандық гибридті моделін жан-жақты енгізу жұмыстары қолға алынған.
Жалпы, бүгінгі жаһандық трансформациялар, оның ішінде технологиялардың жедел дамуы, климаттық және геосаяси сын-қатерлер мемлекеттік сектордағы адам капиталын басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Ол үшін мыналар қажет:
- кадрлық қызметтер тек әкімшілік функциямен шектелмей, адам ресурстарын ұтымды пайдалану мен адам капиталын ілгерілетіп жаңашылдықтарды тиімді іске асыру үдерісіне белсенді қатысуы тиіс;
- кәсіби қарым-қабілетіне қарай қызметкердің әлеуетін еңбек өнімділігін арттыруға тиімді бағыттай білуі қажет;
- жасанды интеллект, үлкен деректер, блокчейн және бұлттық технологиялармен тиімді жұмыс істей алатын кәсіби кадрларды даярлау керек;
- «e-Qyzmet» ұлттық интеграцияланған ақпараттық жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу қажет (Адам жасанды интеллектіге емес, жасанды интеллект адамға бейімделуі керек. Елімізде мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект дағдыларын жетік меңгеруге тиіс. Өйткені салада қағазбастылықтан арылу процесі қарқынды жүріп жатыр. Арнайы бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 мың мемлекеттік қызметкерді оқыту жоспарланған);
-цифрлық шешімдерді мемлекеттік аппараттың жұмысында тиімді пайдалану бағыттағы жұмыстарды кешенді түрде тұрақты жалғастыру керек;
- мемлекеттік қызметтің жастар үшін тартымдылығын арттыру қажет.
Соңғы атаған мәселе бойынша елімізде тұрақты жұмыс істелініп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен талантты жастарға әлеуметтік лифт болатын Президенттік жастар кадр резерві жобасы қолға алынған. Оған жоғары білімі бар, кемінде 5 жыл еңбек өтілі және 35 жастан аспаған азаматтар қатыса алады. 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытып, соның ішінен 400 адам мемлекеттік қызметке қабылданған. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отыр. Атап айтқанда, 167-сі орталық мемлекеттік органдарда, 37-сі жергілікті атқарушы органдарда, 62-сі ұлттық компанияларда, 52-сі өзге ұйымдарда қызмет істеп жүр. Сондай-ақ, резервке алынған 39 маман саяси лауазымдарда, 3 адам «А» корпусының лауазымдарында жұмыс істейді. 2 Мәжіліс депутаты, 1 бір мәслихат депутаты бар.
Айта кетерлігі, биыл 1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеу басталды.
Іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Олар:
- инфрақұрылым;
- өнеркәсіп және сауда саясаты;
- агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта;
- сыртқы саясат және инвестициялар;
- экономикалық және қаржылық саясат;
- цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеугее мүмкіндік береді.
kaz.inform.kz