ҰБТ: Сұрақ азайып, уақыт көбейді
Сол өзгерістер жөнінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов түсіндірме жұмыстарын өткізді. Түлектердің қорытынды аттестациясының өткі-зілуі және жоғары оқу орындарына түсу ерекшеліктері туралы кеңінен түсіндірді.
Біріншіден, қорытынды аттестаттау қалай өтеді? Бұл сынақ оқушының «еті үйренген» өз мектебінде ұйымдастырылып, аттестат алу үшін тест тапсырылады. Содан кейін оқушылардың өздері қызығушылық танытса, жоғарғы оқу орнына, грантқа түсем десе өз қалауымен ҰБТ тапсырады.
Екіншіден, тестілеудегі сұрақтар бойынша қандай жеңіл-діктер бар? Атап айтсақ, бұрын Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 сұрақ болса, жаңа форматта бес пәннен 120 сұрақ болады.
Үшіншіден, колледж бітірушілердің жаңа әдістемесі қандай болады? Егер колледж бітіргендер жоғары оқу орнына түскен жағдайда өзінің бұрынғы мамандығын таңдаса, ҰБТ-да 60 сұраққа жауап береді. Яғни, бұл талапкер колледжді педагогика мамандығымен тәмамдап, жоғары оқу орнына түсерде осы мамандығын таңдаса ғана жүзеге асады. Ал, қазақ тілі мамандығын тәмамдап, жоғары оқу орнына заңгер мамандығына түскісі келсе, онда 120 сұраққа жауап беруге тура келеді.
Төртінші жаңалық, мектеп бітірген соң ҰБТ тапсыра алмай қалған оқушыларға тамыз айында қайта тапсыруға екінші мүмкіндік беріледі. Егер оқушы тамыз айында тапсырған тестіден де өте алмай қалса, шартты келісім бойынша қаңтар айына дейін оқу ақысын төлеп, жоғары оқу орнында оқуын бастай беруіне болады. Кейін бірінші курсының екінші жартыжылдығында қайтадан үшінші рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі. Осы орайда орталық директоры биылғы қаңтар айында ҰБТ тапсыру нәтижесімен тиісті ұпай жинай алмай, кейін тамызда қайта тапсырып түсе алмай қалған 17 мың студентті жоғары оқу орындары қабылдағанын айтты.
— Бізден «үшінші рет тапсыра алмай қалсақ қайтеміз?» деп сұрайтындар бар. Қазір барлық жоғары оқу орнында несиелік жүйемен оқытылады. Төлеп оқыған ақшалары босқа кетпейді. Талапкер келесі оқуға түссе немесе басқа жерде оқуын жалғастырған жағдайда төлеген ақшасы несиелік жүйе бойынша саналады. Сондай-ақ, ҰБТ-ға бұрын үш сағат 30 минут берілсе, биыл тағы 20 минут артық уақыт бөлініп отыр. Уақытын одан да ұзартып, же-ңілдіктерді көбейте берсек, тестінің мәні кетеді, — дейді ол.
Мектеп бітірушілердің жаңа форматтағы ҰБТ-ға дайындығын анықтау, олардың білім деңгейлерін тәуелсіз бағалау мақсатында 11-ші сынып оқушылары үшін Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz. сайтында тестілеудің жаңа форматы бойынша онлайн тест тапсырмалары енгізілді.
Байқау сынағынан өту барысында оқушы ҰБТ-да пайдаланылатын тест тапсырмаларымен танысуға және таңдаған пәні бойынша білім деңгейін тексеруге мүмкіндік алады.
P.S. Екі сағатқа созылған келелі жиын соңында Ұлттық тестілеу орталығы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті арнайы меморандумға қол қойды. Енді бұл құжатқа сай аталмыш оқу орны сынаққа 52 мың дана дайындық кітапшаларын шығарады. Бұл кітапшалар Атырау қаласынан бөлек, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына таратылады. Айта кетейік, Атырау облысы бо-йынша 4491 түлек мектеп бітіреді деп күтілуде.
Абай АҚМҰРЗИЕВ