Әлеуеті зор аймақ ауыл шаруашылығын дамытуға өріс ашты

f887a06d4a1cce86537c1d56208dfd34 Stranitsa 01 Жаңалықтар

Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында  агроөнеркәсіптік кешенге айрықша назар аударылды. Бұл осы сала қызметкерлері алдына тың міндеттерді жүктейді.

f887a06d4a1cce86537c1d56208dfd34_Страница_01

Бүгінде аймақта ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Облыс басшылығының қолдауымен тек соңғы жылдары ғана бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Солардың ішінде тәулігіне 11 тонна сүт өнімдерін шығаратын «Первомайский» бірлескен кәсіпорны, жылына 180 тонна ешкі сүті мен 140 тонна оның өнімдерін даярлайтын асыл тұқымды «Сарайшық» және күніне 225-235 мың дана жұмыртқа дайындайтын «Алмалы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атыраулықтарға жақсы таныс. Ал, жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін өңдеп, 400 мың метр жамылғы шығарып отырған «Caspi Lana Atyrau» мекемесі алыс шетелдермен байланыс орната бастады. Осы және бұдан басқа жобалардың мақсаты – өңірде өңдеу саласын өркендету.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру керекпіз» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, алдағы үш жылда ауыл шаруашылығын қайта жарақтандыру мақсатында қосымша 100 млрд. теңге бөлуді тапсырды.

Жалпы, былтыр ақпанда қабылданған еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына 1 трлн. 216 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Демек, басты бағыт – мал шаруашылығын 58, ал, егіншілікті 40 пайызға көтеру. Яғни, олардың өнімдерін осыншама арттыру.

Осы ортақ табысқа атыраулықтар да сүбелі үлес қосуда. Дихандар мен малбегілер арасында жаңа кәсіп иелері пайда болуда. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтық кәсіпкерлер форумында ауыл шаруашылығы саласына жас мамандар даярлау, оларға қолдау көрсету керектігін, мемлекеттік гранттар бөлінетіндігін айтқан-ды. Сонымен қатар, жерасты су көздерін анықтау үшін геологиялық іздестіру шаралары қолға алынбақшы. Ақырында, ауыл шаруашылығын қаржыландыруы тиіс мекемелерге әрбір шаруагердің ұсынысы аяқсыз қалмауын қатаң тапсырған. Осындай шынайы қолдау жаңа жетістіктерге жетелейді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпкерліктің табысты саласына айналуда. Шаруашылықтар жетекшілері қоғамдағы оң өзгерістердің ортасынан табылып, аймақ экономикасын алға сүйреуші күшке айналды. Олар еңбекқорлығымен қатар заманауи жаңалықтарды тез меңгеруде.

Атыраудың климаты қаншама қатал дегенмен, мүмкіндіктеріміз жоқ емес. Ендеше, соны тиімді пайдаланған жөн. Мәселен, Тайсойған, Бүйрек пен Нарын құмдарындағы, Жем, Сағыз және Ойыл бойындағы, Азғыр, Айбас, Бура мен Ойтаң алқаптарындағы суы мол, шөбі шүйгін құнарлы жерлерді малға толтыру – біздің міндетіміз.

Әйтсе де, бағымдағы мал түрлері бүгінгі талапты қанағаттандырмайды. Мал тұқымын асылдандыру бағытында қолға алынып жатқан шаралар тым аз. Олардың жұмыстары мардымсыз. Қолдағы төрт түліктің санына ғана мәз боламыз. Ал, сапаға көшу жағы ше? Осы саланың тәжірибелі мамандарымен, ғұлама ғалымдарымен ақылдасып, жергілікті жер жағдайына, жем-шөп қорларына тез бейімделіп кететін мал өсіру – сыртқы бәсекелестікті арттырудың бір жолы. Жолдау талабы да осы емес пе? Мал бордақылауға, өнім өндіру мен өңдеуге тың бетбұрыс қажет. Түбегейлі өзгеріс болмай, ілгері жылжи алмаймыз. Шұбат пен қымыз тәрізді қалалықтар іздеп жүріп алатын өнімдермен ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Төрт түлікті күтуде ветеринарлық-дәрігерлік талаптардың орындалуы, малды түрлі дертке қарсы егу секілді шаралар жүйелі өтпейді. Мұндай жұмыстарға, сайып келгенде, малбегілерінің өздері ұмтылуы қажет.

Жайылымдық жерлердің тозуынан, жауын-шашын көлемінің кемуінен мал жайылымы да тарылып келеді. Кейде қарама-қайшылық жай кездеседі. Мәселен, суы мол жерде жайылыс жоқ немесе керісінше. Демек, жерасты суларын барынша көбірек іздестіріп, сол мүмкіндікті кеңінен пайдалану қажет. Жаңа құдықтар қазуға тура келеді.

Ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті, кәсіпкерлік саласына икемі бар жандарға қолға алатын іс аз емес. Мәселен, аймақта құс етін өндіру кенжелеп тұр. Мал қиынан табиғи тыңайтқыштар даярлауға болар еді. Консервіленген ет пен көкөніс те керек. Мал терілерін өңдеп, ат әбзілдерін, қолөнер бұйымдарын сатуға шығарса, алушылар табылады. Малшылар көшіп-қонғанда жылдам құрастырылатын шағын үйлер, тез тұрғызылатын аула-қоралар, жылыжай, тамшылата суару қондырғыларын дайындайтын жергілікті кәсіпорын ашылса, жұрт керегін ат арытып алыстан іздемейді. Аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін шеберханалар пайда болса, ешкім қосалқы бөлшек іздеп, облысты шарламас еді. Бүгінде ауыл кәсіпкерлерінің төлем қабілеті артты. Демек, жарықтандыру қондырғыларын, дронды жабдықтарды, малға арналған кодтық шиптарды сатып алуға шамасы жетеді. Сонымен қатар, радио, телефон, рация қуатына күшейткіштер орнатуға мүмкіндік бар.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің  денін шалғайдағы малшылар мен дихандар құрайды. Салалық жүйедегі болып жатқан жаңалықтармен мезгілінде танысуға мүмкіндіктері де шектеулі. Қиындықтарға кезіксе, ақылдасатын қасында маман да жоқ. «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық-қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы филиалын ашудағы мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру. Шаруашылық жүргізуде мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып, ішкі және сыртқы нарықтағы қуатымызды арттырып, отандық және шетелдік іскерлік байланыс орнату.Сонымен қатар, сала еңбеккерлерінің мүддесін қорғау.

Бүгінде осы міндеттер үдесінен шығып келеміз. Аудан орталықтарынан өкілдіктер ашып, кеңсе жасақтауға, шаруашылық құжаттарын дайындауға, орталық базарларға тіркелуіне жәрдемдесудеміз. Ауыл кәсіпкерлерінің аз-мұз шаруасын облысқа келіп емес, сол тұрған жерінде шешуге бетбұрыс жасалды. Өзге де қамқорлықтар көрсетіледі. Әрине, шаруашылық иелері де өз ісімен ғана тұйықталып қалмай, өздерін көрсете білгені жөн. Аудан көлеміндегі шараларға батыл араласып, белсенділік танытқандары жарасымды. Ең бастысы – күш біріктіріп, ортақ іске жұмыла кірісу. Біз сонда ғана мықтымыз. Сонда ғана қуатты Қазақстанның одан әрі дамуына сүбелі үлес қосамыз.

 

Мұрат САРМАНОВ,

«Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз