ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Мектеп бітіруші шәкірттер алдында жауапкершілігі жоғары кезең тұр. Ол – ҰБТ емтиханы. Осы орайда мектеп бітірушілерге кәсіптік бағдар беру және ҰБТ тапсыру кезіндегі қалыпты психоэмоциялық көңіл-күйді сақтау, өзін-өзі ұстауға бағытталған кеңес беру, оқушыларға қазіргі кездегі сұранысы жоғары мамандықтарды түсіндіру үшін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ашық есік» күні өткізілді.

Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев оқу орнының жастарға сапалы білім беру қызметін ұсынудағы жаңалықтары, университеттің ұстанып отырған саясаты туралы таныстырып өтті.

Бұл шараға қаланың 15 мектебінен 200-дің үстінде шәкірт қатысты.

Арнайы іс-шаралар бағдарламасында университеттің психолог-мамандары ұйымдастырған семинар-тренингтер ұсынылды. Осы жоғары оқу орнының оқу лабораториялары мен орталықтары, мұражайы, өлкедегі бірден-бір білімнің қара шаңырағының тарихы және қазіргі кездегі құрылымымен таныстыру экскурсиясы мектеп бітірушілерге көптеген мәліметтер алуға жағдай жасады.

Психологтар Г.Құбышева, Ш.Бисенова, Л.Сұлтанбаева өткізген психологиялық тренингтерден кейін шәкірттер университеттің жастар саясаты департаментімен, Болон үдерісінің аймақтық орталығымен, арт-галерея, ғылыми кітапхана, «Жайық» мәдени-спорт кешенімен танысты.

Одан соң мектеп бітіруші оқушылар университеттің конференц-холында студенттермен бірге арнайы бағдарламаға қатысты.

Сонымен қатар, іс-шара барысында академиялық ұтқырлық бағдарламасы, «Жас психолог» волонтерлер тобы, «Enactus Kazakhstan» командасы, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері және спортшы жеңімпаз студенттер өз жетістіктерін баяндады.

Университет түлектері атынан Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи мектеп бітірушілерге өз тілегін білдірді.

Кездесу барысында оқушылар мамандық таңдаудың жауапкершілігін сезініп, кәсіптік бағдар алды. Сұранысы жоғары мамандықтар туралы түсінік аясын кеңітті. ҰБТ тапсыру ережесі мен жоғары оқу орнына қабылдау тәртібі туралы біршама мағлұмат алды. Гранттар мен жеңілдіктер және басқа да көкейлерінде жүрген, өздерін толғандырған мәселелердің жауабын білді.

Соңынан қатысушылардың назарына университет студенттері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз