БОСҚЫНДАР
Бүгінде Ауған провинцияларының 146 мың тұрғыны жақсы өмір іздеп, Еуропаға бет бұрыпты. Солардың дені Германияны қалапты. Бірақ, бұлардың 43 пайызына ғана сол жерде қалуға мүмкіндік бар. Өзгесіне рұқсат етілмеген. Сонда бұлар қайда барады? Кейін қайта ма? Әрине, жоқ. Демек, Еуропаның басқа мемлекетіне өтуге тырысады. Мұнда да оларға «қош келдіңіз» айтып жатқандар көрінбейді. Қанша дегенмен, нағашысына қонақтап келген жиен емес қой. Мәселен, Норвегия өзіндегі ауғандықтардың 90 пайызын кері қайтармақ ниетте.
Жыл басынан бері заңсыз мигранттар қатары 378 мыңға жеткен. Еуропаға барар жолда 2,8 мың босқын қаза тапқан. Осы уақытта Италияға 121, ал Грецияға 309,4 мың кісі келіпті. Әр күні Македония мен Сербия арқылы бес мың шамасында адам өтеді. Олар Австрия, Венгрия мен Германия шекарасында шоғырланған. Соңғысы 400 мыңға жуық босқынды қабылдаған соң шекарадан өту тәртібін күшейтті. Бұрынғыдай дорбасын арқалап, еркін жүру енді жоқ. Соның өзінде Еурокомиссия одаққа мүше 28 мемлекетке 160 мың босқынды алуға квота ұсынды. Бірақ, бұдан Венгрия, Польша, Румыния, Словакия, Чехия мен Балтық жағалауы мемлекеттері бас тартуда. Байқайсыз ба, бұлардың бәрі – бұрынғы социалистік жүйе мүшелері. Өз мүмкіндіктерін таразылап, артық салмақты көтере алмайтындықтарын айтуда.
Дегенмен, халықаралық сарапшылардың болжамынша, жыл соңына дейін Еуроодақ елдеріне бір миллион шамасында босқын келеді. Олардың көбі Грециядан бастап Балқан баурайы арқылы бірнеше ай жүріп жетпек. Қазіргілері де солай істеген. Қыркүйекте Германия сириялық босқындар үшін есігін айқара ашып, қонақжайлық танытқан. Басына іс түскендерге көмектесу керектігін айтқан. Финляндия қазанда жетпіс мың адамды қабылдады. Бірақ, келушілер легі толастар емес. Швеция 190 мың кісіні күтеді. Әйтсе де, бір нәрсе шындық – еуропалықтардың көңілі бұрынғыдай емес. Салқын тартып қалған. Бұған сол босқындардың өздері де кінәлі.
Сөз жоқ, тәртіпке бағынып, сыпайы ғұмыр кешетін еуропалықтардың қалыпты тірлігіне босқындар қатты әсер етті. Тыныштығын бұзып, мазасын алды. Мәселен, Германияның Эльвангене қаласында 24,5 мың тұрғын бар еді. Мұнда 500 шамалы адам келуі күтілген. Бірақ, 4,5 мың кісі сау ете түсті. Сол-ақ екен, қалада қылмыс көбейді, ұрлық пен тонаушылық басталды, сауда орындары мен басқа да ғимараттарға шабуыл жасалды. Сырттан келгендердің дені түрлі жұқпалы дертке шалдыққанымен, емделуден де бас тартып отыр. Медициналық мекемелердегі әйелдерге ұрынып, зорлауға дейінгі қиянат жасауда. Мәселен, Швецияда 6520 зорлық фактісі тіркелген. Міне, осы жай Еуропа елдерін алаңдатады. Финляндия ауғандықтарды қабылдаудан бас тартып, Сомали мен Ирактан келушілерге талап күшейтілді. Австрия ауғандықтар мәселесін үш жылдан кейін ғана шешпек. Әдетте халқы төзімді Норвегия босқындарды қабылдауды тоқтатты. Мұнда кіре алмағандар Ресейге бұрылыпты. Осы ел шекарасында 500 адам ұсталған. Словения, Хорватия мен Венгрия шекараларын тікенек сыммен қоршауда. Бұл мәселенің асқынуы салдарынан Швеция өзінің Евроодақтан шығуы мүмкіндігін мәлімдеді. Греция мен Италия босқындарды әр елге тең бөлуді ұсынады.
Жалпы, босқындарды алдымен құшақ жая қарсы алған Германия еді. Сонау жылдары жер бетіне шашылған тарыдай тараған немістерді өздеріне шақырып, тарихи отанына жинақтаған ел басшылары заңсыз мигранттарға да қонақжайлық танытқан. Ортасынан ойып орын берген. Бүгінде соның бәрі ұмытылды. Германияда бұған дейін 2,2 млн. жұмыссыз бар болатын. Енді солардың саны кем дегенде 3,5 миллионға жетпек. Өйткені, босқындардың дені қызметке құлықсыз. Тіпті, ешқандай мамандығы да жоқ, тек бірен-саранының ғана азды-көпті білімі бар. Ал, әйелдері әдетте жұмыс жасамайды. Көбінің аяғы ауыр. Қазір мұндағы босқындардың бірқатары Германиядан кетіп, Чехияға өтпекші. Бірақ, соңғысы да сағынып отырған жоқ. Қысқасы, Еуроодақтың қай елі де қазір босқындарға бұрынғыдай бауырмалдық танытпайды. Бір кіргізіп алып, енді шығара алмай отырған сыңайы бар.
Міне, демократияны желеу етіп, өзге елдің ішкі ісіне араласқан Батыс елдері сау басына сақина тілеп алды. Адам құқықтарын қорғау сылтауымен сырттағы қақтығыстарға қатысып, босқындарды бауырындай қабылдауға пейіл танытқандар енді тығырыққа тірелген. Франциядағы лаңкестік әрекет те көпшілікті сескендіріп тастады. Қыс та қыр астында. Ресейге қарсы қабылданған санкция және Украина арқылы Еуропаға өтетін табиғи газ құбыры төңірегіндегі текетірес біраз елді «көгілдір отынсыз» қалдыруы ықтимал. Сонда заңсыз мигранттар қайда қыстап шығады? Осылай боларын сезгендей ресейліктер ғана салқынқандылық танытуда. Ұшақтарын атып, оны күшпен көндіруге тырысқандардың әрекетінен не шығарын кім білсін? Қайткенде де, дөңгеленген дүние дүрбелеңге толып тұр…
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.