Жарнама
Жаңалықтар

Болашақ заңгерлерге қанат бітірген кездесу

Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен полиция өкілдерінің кездесуі өтті. Ішкі істер министрлігі мен Көліктегі полиция департаменті ұйымдастырған бұл басқосудың басты мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстануға шақыру еді. Кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет етудің мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.

80416886 3cb5 4525 bea8 20f4991db19a


Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов еліміздегі жалпы қылмыс көрсеткіші азайып келе жатқанымен, жаңа заманның жаңа қауіптері – интернет-алаяқтық пен есірткі саудасының әлі де өзекті екенін атап өтті.

19bdce1a 67e2 4412 8a88 262eb63c4ce2


– Биылғы сегіз айдың ішінде 12 тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді. 2 мыңнан аса заңбұзушылық фактісі анықталды. Өкінішке қарай, қылмыстың басым бөлігіне жастар тартылады. Сондықтан мұндай кездесулердің мақсаты – студенттерді сақ болуға шақырып, құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Біз қоғам мен өскелең ұрпақты құқықбұзушылықпен күрес шаралары жөнінде ақпараттандыруды басты міндетіміз санаймыз, — деді Бауыржан Әбенов.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында осындай семинарлар өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Бұл әрі жастардың құқықтық мәдениетін көтеру, әрі салаға білікті мамандар тартудың жолы.

083fbd11 dc99 4035 8a9c d6a653415cf5

Өңірге іссапармен келген Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар да жастарды жұмыспен қамту мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, заңгер мамандығын игерген түлектер үшін ішкі істер органдары әрдайым ашық әрі сенімді еңбек алаңы болып қала бермек.
Университет ректоры Саламат Ідірісов те студенттер алдында сөз сөйлеп, оқу ордасында білім беру бағдарламалары заман талабына сай жаңартылып отырғанын айтты.
– Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жыл сайын 200-ге жуық заңгер даярлайды. Олардың 70 пайызы мамандығы бойынша қызметке орналасады. Биыл Көліктегі полиция департаменті үздік түлектерімізге арнайы жолдама беріп, өз қатарларына шақырды. Бұл біздің білім сапамыздың көрсеткіші. Біз цифрлық дәуір талабына сай жаңа курстар мен мамандықтар ашып, студенттерімізді жан-жақты дайындап келеміз, — деді ректор.
Жиын соңында студенттерге арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда жастар кинология саласының қыр-сырымен, тергеу қызметінің ерекшеліктерімен, арнайы жасақ жауынгерлерінің күнделікті дайындығымен танысты.
Мұндай кездесулер жастардың бойына заңға деген құрметті дарытып қана қоймай, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығын оятатын маңызды шара. Өйткені елдің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығы – ең әуелі заң мен тәртіптің мықтылығына байланысты.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button