Болашақ бүгіннен басталады

seryoznyj shag k demokratizaczii Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРҒА ТОЛЫ БОЛДЫ. ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ, ГЕОСАЯСИ АХУАЛ, ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТҰҒЫРЛЫ ЕТУ, ЕЛДІ ДАМЫТУ, САЯСИ РЕФОРМАЛАР, АШЫҚТЫҚ, ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ, ДЕПУТАТТАР БЕЛСЕНДІЛІГІ, АГЛОМЕРАЦИЯ ТАҚЫРЫПТАРЫ ҚОЗҒАЛЫП, НАҚТЫ БАҒЫТТАР АЙҚЫНДАЛДЫ. ЖҮГІ АУЫР БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰЖАТТЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛДАУ МАҚСАТЫНДА ГАЗЕТІМІЗДІҢ ТҰРАҚТЫ САРАПШЫСЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, САЯСАТТАНУШЫ САЙПОЛЛА САПАНОВПЕН ЖЕДЕЛ СҰХБАТ ЖҮРГІЗДІК.

Contents
  1. – Сайполла Жұмабайұлы, ең алдымен Жолдаудың ерекшелігі ретінде нені айтар едіңіз, қандай басымдықтарды айрықша атауға болады?
  2. – Саяси жүйедегі өзгерістер туралы тапсырма берілді. Бірқатары Парламенттің қос палатасына қатысты. Бұл да уақыт талабынан туындаған жаңашылдықтар ма?
  3. – Ал, депутаттар белсенділігін арттыруға қатысты қандай ой айтар едіңіз?
  4. – Жаңашылдықтар сайлау жүйесіне де қатысты…
  5. – Қалай ойлайсыз, ендігі жерде партиялық жүйе қалай дамымақ? Өзгерістер оң әсерін тиігізе ала ма?
  6. – Президент Жолдауда заңды құқықтық нормаларға тоқталды. Бәрі де қажеттіліктен туындап отырған бастамалар ма?
  7. – Президенттің әкімшілік-аумақтық құрылым туралы тапсырмаларын қолдаушылар аз болмайтын шығар?
  8. – Жергілікті басқару жүйесінде халықаралық базалық құжат еуропалық хартияны Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды. Ол нәтижелі бола ма?
  9. – Сұхбатты түйінді сөзіңізбен тәмамдасақ…
  10. – Әңгімеңізге рахмет!

– Сайполла Жұмабайұлы, ең алдымен Жолдаудың ерекшелігі ретінде нені айтар едіңіз, қандай басымдықтарды айрықша атауға болады?

Бастысы, бұл – ұзақ мерзімді стратегия. Жыл сайын жарияланатын дәстүрлі Жолдаудың бірі болғанымен, жүгі 1 жылмен шектелмейді. Өйткені ауқымы өте кең. Президенттің Жолдауы негізінен ел тұтастығы мен болашағына арналды. Соңғы кездегі орын алған әлемдегі геосаяси ахуал мен Қазақстандағы қаңтар оқиғасының қорытындысы негізінде жасалды деуге болады. Тағы бір айрықша атарлығы, Жолдау бойынша ең бірінші қорытынды – қаңтар оқиғасына баға берілуі. Бұл тақырыпқа мемлекет басшысы 20 минут арнады. Басты нәтиже – біз тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. Қаңтар оқиғасы елдегі тоқырау мен стагнацияны көрсетті. Енді Жаңа Қазақстан құру міндеті тұр. Мемлекеттік мүдде басты орында болуы керек. Сөзден іске көшетін кез келді. Ал, екінші маңызды қорытынды Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптастыру керек, ол үшін күрделі саяси реформалар жүргізу қолға алынады. Реформалардың басты мақсаты – демократия мен мемлекеттік басқару. Ал, жалпы меже – бюрократиямен күрес, ашық бәсекелестік орнату, азаматтық қоғам құру, топтастыру. Ол үшін супер президенттік республикадан парламенттік республикаға өту керек. Президенттің пікірінше, Парламенттің қос палатасы – Сенат пен Мәжілістің жұмысын түбегейлі өзгерту қажет. Заң шығарушы органның құзырын кеңейту, саясаттағы монополияны жою, саяси бәсекелестікті арттыру, сайлау комиссиясының төрағасы, өкілдерінің партиядан тыс болуы, көп полюстік партиялық жүйе құру, қаржы және олигархияның үстемдігіне қарсы тұру, билікте Президент туысқандарының болмауы керектігі, тағы басқа шаралар да нақты айтылды. Осыны жүзеге асырсақ, нақты нәтижеге жетеміз, елеулі өзгерістер орын алады.

– Саяси жүйедегі өзгерістер туралы тапсырма берілді. Бірқатары Парламенттің қос палатасына қатысты. Бұл да уақыт талабынан туындаған жаңашылдықтар ма?

– Иә, супер президенттік биліктен – парламентік-президенттік жүйеге өту мәселесі күн тәртібіне шықты. Жолдаудағы саяси реформалар ең алдымен заң шығарушы органдарға, яғни, Сенат пен Мәжіліс және жергілікті мәслихаттарға, жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты жүзеге асады. Тақырыпты тарқатып айтар болсам, Президент халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстандағы Парламенттік жүйенің тарихи маңыздылығына тоқталды. Себебі, соңғы кездері қоғамда Сенатты қысқарту туралы пікірлердің болғаны рас. Бұған қоса, мемлекет басшысы Сенат депутаттарының өкілеттілігін арттыру, құрылымын өзгерту туралы пікір айтты. Мәселен, қазір Сенатта 49 адам болса, оның 15-і Президенттің квотасы, енді оны 10-ға қысқартады және оның 5-і Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылады. Бұл квотаны Президент Мәжілістегі ҚХА депутаттар санын қысқарту есебінен болатыны туралы ұсыныс айтты. Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдарды «Иә» немесе «Жоқ» деп мақұлдауы керек. Сонымен қатар Парламентте аудиторлық кеңес құрылатын болды. Бұл бюджетті бақылау үшін зор мәнге ие. Атап өтерлігі, ендігі жерде пропорционалдық және мажоритарлық аралас жүйе енгізіледі. Парламентке 70 пайыз пропорционалды, 30 пайыз мажоритарлы жүйе бойынша сайлау өтеді. Ал, сайлауларда дауыс берудің жаңа технологияларын енгізу – бүгінгі күн талабы.

– Ал, депутаттар белсенділігін арттыруға қатысты қандай ой айтар едіңіз?

– Бұл мәселеге орай Жолдауда нақты жауап берілді. Яғни, бір сөзбен айтар болсақ, сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутат кері қайтарылады. Бұл – демократия дәстүрлерін едәуір нығайтушы қадам.

– Жаңашылдықтар сайлау жүйесіне де қатысты…

– Рас. Облыс және республикалық маңызы бар қалаларда әкімдерді жанама сайлау арқылы сайлау мәселесі көтерілді. Ал, облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдігіне 2 адамнан кем болмайтын балама сайлау қажеттігі айтылды. Бірақ, облыс әкімдерін орнынан алу Президент құзырында қала береді. Оны дұрыс шешім деп санаймын.

– Қалай ойлайсыз, ендігі жерде партиялық жүйе қалай дамымақ? Өзгерістер оң әсерін тиігізе ала ма?

– Жолдауда Қазақстанда партиялық жаңа жүйені қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударылды. Президенттің пікірінше, халықаралық жүйені біртіндеп енгізу керек. Мәселен, енді жаңа партияларды тіркеу үшін 5000 адамның дауысы жеткілікті. Сонымен бірге мынадай маңызды мәселелер де сарапталды. Олар: әлеуметтік желілерде сайлауға байланысты насихат жұмыстарын жүргізуді заңдастыру, сайлаушылардың электрондық базасын жасау, гибридтық өзгерістердің алдын алу және сайлау кезіндегі қаржы ашықтығы. Әрине, бағыт айқындалды, жұмыс жанданатыны анық. Бұл мәселенің оңынан орындалуы азаматтық қоғам белсенділігін арттыратыны айтпаса да түсінікті.

– Президент Жолдауда заңды құқықтық нормаларға тоқталды. Бәрі де қажеттіліктен туындап отырған бастамалар ма?

– Айта кету керек, Жолдауда азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға басты назар аударылды. Соның қатарында Конституциялық Кеңес орнына Конституциялық сот құрылады. Азаматтардың құқын қорғау, Бас прокуратураның құзыретін күшейту, тұрмыстық зорлық туралы өзекті мәселелер шешімін тапты. Демек, сіздің сауалыңызға жауап, бұлар – уақыттың өзі туындатқан өзгерістер. Тағы бір тоқталатын мәселе, Жолдауда алғаш рет БАҚ мәселесі айтылды. Яғни, осы салаға қатысты арнайы заңды қайта қарау қажет. Сонымен бірге қоғамдағы ұлттық бағдарламаларды талқылау, мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысы, сыртқы күштердің ықпалын азайту, Ұлттық құрылтай құру идеясы да маңызды. Жаңа құрылымның қоғамды топтастыруда және құрамына Парламент депутаттары, Ассамблея, қоғам белсенділерінің мүше болуы елдегі ұлтаралық мәселелерді шешуге оң әсер етеді деген сенім мол.

– Президенттің әкімшілік-аумақтық құрылым туралы тапсырмаларын қолдаушылар аз болмайтын шығар?

– Әрине, жаңа облыстардың құрылуын ұлттық сананың жаңғыруы мен экономикалық тиімділік тұрғысынан қараған жөн. Сонымен қатар, жаңа облыстарға Абай, Ұлытау, Жетісу аттарын беру мен Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгерту халықтың қолдауына ие болары сөзсіз. Бұл – біздің ұлттық мүддемізге, сана-сезімімізге үлкен күш беретін, жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудағы нақты шара.

– Жергілікті басқару жүйесінде халықаралық базалық құжат еуропалық хартияны Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды. Ол нәтижелі бола ма?

– Жергілікті өзін-өзі басқару туралы 1985 жылы 15 қаңтарда қабылданған Еуропалық хартия – маңызды халықаралық құжат. Бірақ Қазақстанға енгізуде оны толық сараптап, біздің ұлттық мүддемізді ескеру керек. Ол үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына кейбір өзгерістер енгізу керек деп санаймын. Мәселен, референдум өткізу туралы.

– Сұхбатты түйінді сөзіңізбен тәмамдасақ…

– Жолдау – көптің көңілінен шығатын құжат болғаны сөзсіз. Өйткені, қазіргі таңда өзгеріс керек екенін әркім сезіп-ақ жүрді. Мемлекет басшысы бүгінгі күні соның нақты бағытын көрсетті. Өзгерісті неден бастау керектігін саралады. Ендігі мәселе, оны жүзеге асыру. Ал, межеге жету үшін өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Өйткені, әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Бұл – қазіргі заман тудырып отырған нақты талап.

– Әңгімеңізге рахмет!

Г.БОЛАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз