БИЗНЕС ТЕ БІРІГУДІ ҚАЛАЙДЫ
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Асылбек Жәкиев әңгімені ұлттық палатаның негізгі міндеттерінен бастады.
— Бүгінгі қозғалып отырған тақырып жергілікті кәсіпкерлерімізді өлкеміздегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың жобаларына тартумен байланысты болып отыр, — деді ол. – Осы мақсатта «Теңізшевройл», «Аджип» секілді компаниялардың өкілдері бүгінгі басқосуға шақырылған болатын. Өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлерді палаталарға топтастыру – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үлгі. Сондықтан, алдағы уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасының континенталдық, яғни еуропалық үлгісі қалыптаспақ. Мұндай континенталдық үлгі Франция мен Германияда дүниеге келген. Қазір көптеген еуропалық елдерде осы үлгі табысты іске асып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғап, сөзін сөйлейтін бірегей одақ болмақ.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ардақ Төкенова біздің кәсіпкерлер тек дайын тапсырысқа жүгіне бермей, оны өздері де іздеп, тың идеяларды жүзеге асырғаны жөн және компаниялар қызығатындай дәрежеде сапалы өнім дайындауға тиіс деген ойын айта келе, облысымыздағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдеріне сөз тізгінін ұсынды.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің менеджері Марат Дәулетияров компанияның шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бағдарламаларымен қысқаша таныстырып өтті. Оның айтуынша, қандай да бір жобаның тапсырыс берушілері бизнесті дамыту ісіне тұрақты түрде тартылуға және оның даму барысын ТШО-ның Даму тобымен бірге қадағалап отыруға тиіс. Осы бағытта «Теңізшевройл» соңғы төрт жыл ішінде түрлі саладағы бес компаниямен бірлесе жұмыс істеген. Олардың бәрі де кәсіпкерлік нысандары болатын. Компания соңғы жарты жыл бойына кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста келеді.
— Оған қоса біз тасымалдау, тамақтандыру, темір жол қызметін де көрсетеміз. Ірі танкерлеріміз Қара теңіз бен Каспий теңізі арқылы қызмет көрсетеді. Біз бұл тұрғыда өз кластерімізді қалыптастырдық, — деді М.Дәулетияров.
Бүгінде кәсіпкерлер палатасы ТШО-мен бірге шағын және орта бизнес белдеуін құру жөнінде серіктестік бағдарламасын жасап отыр. Осы мақсатта бес бағыт анықталды. Олардың ішінде негізгілері – машина жасау, ауыл шаруашылығы және мұнай химиясы. Осы бағытта әуелі Құлсарыда, содан соң Атырауда индустриалды аймақ құрылысын салу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Басқосуда, сонымен қатар, өзге де компаниялардың өкілдері өздерінің шағын және орта бизнеске қатысты жоспарларымен бөлісті. Кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойды. Олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көрсетіліп отырған жеңілдіктерге қол жеткізуде кәсіпкерлердің қиындықтарға тап болатыны жөнінде болды. Бұл сауалдарға бизнес өкілдері тұшымды жауап алды. Нақты айтқанда, палатаның облыстық филиалы жетекшілерінің күні бүгін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында прокуратурамен және көлік прокуратурасымен арада меморандумға қол қойылғандығы туралы жауабы кәсіпкерлердің көңілін жайландырғандай болды.
Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.