Бизнес ашқысы келетіндерге 16 миллион теңге беріледі
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытгүл Хаменова мен Марат Бопазов Елтай ауылдық округінде тұрғындармен жүздесті. Оны аудан әкімінің орынбасары М.Алдерзин жүргізіп отырды.
Алдымен Б.Хаменова Елбасының халыққа жолдаған маңызды құжаты Үндеуі мен Жолдауын тарқата әңгімеледі.
— Қазір «Елім маған не береді?» деп емес, «Мен еліме не беремін?» дейтін заман туды. Елбасы Жолдауында елдің даму бағытын айқындап берді. Соның ішінде екінші бағыт – еңбек нарығы. Еңбек етем деген адамға мемлекет тарапынан мүмкіндік бар. Кәсіп ашамын деген адамға 16 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Осыны тиімді пайдалану шарт. Келесі басымдық – адам капиталы. Үштілділік мәселесі біздің болашағымыз үшін маңызды, — деді ол.
Ал, Марат Бопазов «Елбасы Жолдауда ауылды дамытуға айрықша көңіл бөлінді. 2018 жылдан бастап ауылдарға 110 млрд теңге бөлінеді» дейді.
Жергілікті ұстаз Есенжан Нетәлінің пікірінше, Елбасының Үндеуі мен Жолдауын қолдаған жастардың белсенділігі жоғары. Олар ауылды көркейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға белсенді араласады.
Ауданның Құрметті азаматы Тасқали Темірболатов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығын көтеру қажет деп есептейді.
Жанай АМАНТУРЛИН,
Индер ауданы.