Мақсат болса, алынбас қамал жоқ

screenshot 15 Жаңалықтар

БИЫЛ ОБЛЫС БОЙЫНША 9 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МАГИСТРАТУРАСЫНА ОҚУҒА ТҮСКЕН ЕДІ. ОҒАН НИЕТ БІЛДІРГЕН 102 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ТІЗІМІ АКАДЕМИЯНЫҢ САЙТЫНА ТІРКЕЛГЕН. КОНКУРСТЫҚ КЕЗЕҢГЕ ЖОЛДАМА АЛЫП, ІРІКТЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА СӘЙКЕС, МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС БОЙЫНША АЛДЫН АЛА ҚАБЫЛДАНҒАН 9 МАГИСТРАНТТЫҢ БІРІ – ЖЫЛЫОЙ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ ӘЛІБЕК НАУАРОВ. ЖЕМ БОЙЫНДАҒЫ ҚОҢЫРОРПА ЖАЙЛАУЫНДА КІНДІК ҚАНЫ ТАМЫП, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №9 ОРТА МЕКТЕПТІ БІТІРГЕН ОЛ КЕЙІН ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІН ТӘМАМДАДЫ. ОДАН СОҢ ӘРТҮРЛІ ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП, БҮГІНДЕ АСТАНАДА БІЛІМІН ШЫҢДАП ЖАТҚАН ӘЛІБЕКПЕН ОҚУЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.

– Әлібек Қойшыбайұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға оқуға түсуге не түрткі болды? Академияға түсудің тәртібі қандай?

– Бұған дейін мемлекеттік мекемелер мен жеке секторда қызмет еттім. Соңғы бес жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Алғаш Жылыой ауданы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызметке келдім, кейін Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметін басқарып, 2020 жылдан бастап Жылыой ауданы әкімдігіне қайта оралдым.

Академияға алғаш рет оқуға тапсырып сәтті өттім. Оқу жылының жартысы (семестр) аяқталуы жақын. Мемлекеттік қызметте тәжірибе болғанмен, өзге лауазымдарда еңбек ету үшін арнайы білім туралы куәлік, яғни диплом қажет. Бұл, біріншіден, қажеттіліктен туындаса, екіншіден жаңа білім игеру мақсатында академияға оқуға түсу туралы шешім қабылдадым. Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу қағидалары apa.kz сайтында орналасқан. Мұнда мемлекеттік органда және жеке секторда еңбек етіп жүрген азаматтар тиісті шарттарға сәйкес құжат тапсыра алады. Биыл академияға құжаттарды сайтқа тіркеу, екінші кейс тапсырмасын орындау, үшінші оқыту бағдарламасы бойынша арнайы құрылған комиссиямен сұхбат құру секілді сатылардан тұрды. Бұрын оқу орнына түсу үшін ағылшын тілі талап етілетін, биылдан бастап ондай талап жоқ. Сондықтан, мен үшін оқуға түсу жеңілдеу болғаны да рас.

Оқу барысы арнайы бекітілген бағдарлама бойынша жүргізіледі. Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейін, кәдімгідей партаға отырып қайта білім жетілдіреміз. Академиядағы ұстаздардың қатарында тәжірибесі мол, шет елдерде білімін жетілдірген білікті мамандар жетерлік. Мемлекеттік қызметтен ғылым жолына ауысып, шет елдерде ғылыми жоба қорғаған бұрынғы мемлекеттік қызметшілер де бар.

– Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу Сіз үшін несімен құнды? Осы салада қандай мәселелер толғандырады?

 – Бұл салаға арнайы ұсыныс арқылы келіп, мемлекеттік орган мен бұқара арасын байланыстырушы маман ретінде қабылдандым. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әлеуметтік желіде ойымдағы жайттарды жазатынмын. Солардың іске асуы үшін мемлекеттік қызметке орналасуды жөн көрдім. Шыны керек, бұл салаға «мемлекет маған не береді деп емес, мен елге не беремін» деген оймен келдім. Бар білімім мен тәжірибемді бөлісіп, қызмет етіп келемін. Мені толғандыратын мәселелердің бірі – мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік мәселелерінің толыққанды шешілмеуінен, олардың жиі ауысуы. Олар облыстағы екі-үш есе жоғары айлық ұсынатын жеке компанияларға қызметке ауысып кетеді. Сол себепті, магистрлік жобамның негізгі тақырыбына мемлекеттік қызметтегі ынталандыру жүйесін жетілдіруді алып отырмын.

– Көптеген мемлекеттік қызметшінің бойынан байқала бермейтін әлеуметтік желідегі белсенділігіңізді де атап өту керек. Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желідегі іс-әрекеті қандай болуы керек? Оларға қойылатын белгілі бір талап бар ма? Көпшілігі ресми ақпараттармен ғана бөлісіп, жеке ойы мен пікірін білдіруге тартынып жатады…

– Өзімнің әлеуметтік желіге тіркеліп, жеке көзқарасымды ашық білдіріп жүргеніме он жылдан асты. 2016 жылы арнайы хабарласқан Baq.kz ақпараттық порталы блогер деген айдарға қосып, жеке платформа ашып берген еді. Осы арқылы мені тілшілер қауымы және медиа саласының мамандары таныды. Кейін әлеуметтік желідегі белсенділік баспасөз қызметін атқарған кезімде маңызды роль атқарды. Ал, мемлекеттік қызметшіге заң бойынша әлеуметтік желіні пайдалану жөнінде ешқандай шектеу жоқ. Алайда, жеке пікірі мемлекеттің саяси ұстанымына кереғар келетін болса, оны жариялауға болмайтыны заңмен шектелген. Өз басым саяси көзқарасымды білдіріп отырғанды жөн санаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым.

 – Оқуды аяқтаған соң, бұған дейінгі қызметіңізді одан әрі жалғастырасыз ба?

 – Ауданның тіл саясатына жауапты қатардағы мемлекеттік қызметшінің бірімін. Талап бойынша, академиядағы оқуды аяқтап, қолына магистрлік немесе докторлық құжатын алып келген мемлекеттік қызметші оқуға жіберген мемлекеттік мекемеде бір жыл, мемлекеттік қызметте үш жыл еңбек етуі тиіс. Біздің өңірде мемлекеттік қызметке конкурсқа өтуге келетін азаматтар көп емес. Бұған, жоғарыда айтқанымдай, шетелдік компаниялардың көптігі себеп. Жергілікті тұрғындардың таңдауы көбінесе сол компанияларға түсіп жатады. Ал, өндіріс орындары жоқ өзге өңірлерде басқа жұмыс көзі болмаған соң азаматтар мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуға басымдық береді.

– Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік мәселесі көңілден шыға ма?

– Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да оның тұрғылықты мекеніне байланысты әртүрлі. Ашығын айтайын, оның қызметті адал атқаруымен қатар, сол қызметте ұзақ жыл еңбек етуіне байланысты ынталандыру жүйесіне азаматтардың көңілі көншімейді. Магистрлік жобама байланысты талдау жүргізіп, осындай мәліметтерге қол жеткіздім. Жобамда мемлекеттік қызметшінің еңбек демалысын ұзарту, балаларын балабақшаға кезексіз орналастыру сияқты проблемалар қамтылады. Ал, балабақша мәселесі әсіресе, өзге өңірге ауысып барған азаматтар үшін өте қиын. Зейнет жасына ертерек шығу, төмен пайызбен баспаналы болуы туралы мәселелерді де көтергелі отырмын. Соның ішінен тым болмаса отбасына қатысты түйткілдер шешілсе, азаматтардың мемлекеттік қызметке деген ынтасы артады. Ал, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне қатысты бағасын халық береді деп ойлаймын.

– Әлеуметтік желіде салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, таңертең жүгіруді әдетке айналдырып келе жатқаныңызға да бірнеше жыл болды. Бір жарияланымда мұны әдетке айналдыруға Ақтөбедегі ұжымдастарыңыздың сөзі себеп болғанын айттыңыз. Сізден үлгі алып, жүгіруді жанына серік еткен таныстарыңыз бар ма?

 – 2015 жылдың қыркүйегінен бері жүгіріп келемін. Мұны әлеуметтік желіде жариялау өзімді насихаттау емес, керісінше әр адам өз бойындағы жалқаулықты жеңіп, алға қойған мақсат-мүддесіне нық сенімді болса деген ниет. Астананың ауа райының салқындығына қарамастан, қазір де күніне 3 шақырымға жүгіремін. Менен үлгі алған Дулат Қали деген құлсарылық інім қазір Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Жүгіргеннің пайдасын көретініне сенімдімін. Көпшілігі қызығып бастағанымен, жалғастырмайды. Мақсатым – олимп шыңына шығу немесе мықтылығымды дәлелдеу емес. Тек қимылқозғалысымды сергек ұстау ғана. Жүгіру – тұрақты әдетім екенін айтып, тақырыпқа байланысты әлеуметтік желідегі мотивациялық жарияланымдарымды оқитындар да көп.

– Әңгімеңізге рахмет! Еліміздің қарыштап дамуы үшін Сіз сияқты еркін ойлы отандастарымыздың саны көбейсін деп тілеймін.

– Рахмет. Сіздерге де табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз