БІЗ ЖАСТАРҒА СЕНЕМІЗ

Облыс басшысының баяндамасында әсіресе жастар саясатына басым бағыт берілгені біздің ойымызда жүрген өзекті бір мәселеге қозғау салып жіберді. Ол – жастар тәрбиесі, олардың болашағына түзу жолмен бет алуына бағыт-бағдар беріп отыру. Әрине, бұл бағытта облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жуырда ғана «Жылыой ауданының ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жоспар-жобасын аудандық ішкі саясат бөлімімен бірігіп жасақтауға жұмылғанының куәсі болдық. Бұл – жақсы бастама.

 

Десек те, бізді алаңдататыны – кейбір жастарымыздың өз дінінен, өз ортасынан, ұлттық дәстүрінен адасып, жат ағымдар иіріміне түсіп кететіндігі. Өзге өңірдегіні айтпағанда, өткен жылы Құлсарыдағы ықшамауданда болған өкінішті оқиға еске түссе, әлі күнге жүрек сыздап қоя береді. Күні кеше төрт бірдей баласын мектептен, балабақшадан себепсіз қалдырып, оларды теріс тәрбиеге тартқан ерлі-зайыптылардың іс-әрекеті де өзге ағымдардың уағыздарына еріп, адасқандардың амалы екендігі әшкереленді.

 Құлсарыда діни ақпараттық-насихаттық екі топ құрылып, олар қаладағы оқу орындарында, орталық мешітте және кейбір өндірістік мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үстінде. Махамбет даңғылы бойында «Ұлттық ерекшелігімізді ұмытпайық», «Жалған діни ағымдарға біздің Қазақстанда орын жоқ» және «Жастар – экстремизмге қарсы» тақырыптарында билбордтардың пайда болуы да кейінгі толқын жастардың назарын аударып отыр.

Тілеген Кәдіров,
соғыс және еңбек
ардагерлері
ұйымының төрағасы,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз